«90-шы минут» қарғысы
Мен спортты өте қатты жаным сүйеді. Соның ішінде футбол десе ішкен асымды жерге қоямын. Өзіміздің елдегі, шетелдегі футбол матчтарын жиі тамашалап тұрамын. Әрине, соңғы кездері қазақ аяқдобы өз жанкүйерлерін қуантып келеді. Әсіресе «Астана» командасының чемпиондар лигасының топтық кезеңге шығуы, Қазақстан құрамасының және Қайраттың «аузын айға білеген» мықты командаларға тең дәрежеде қарсы тұра білуі, бәрі қазақ халқының, жанкүйерінің қуанышын көкке жеткізді.
Футболда ел аузында жүрген небір «қарғыстар» өте көп. Бенфика командасының қаншама жылдан бері Еуропа трофейін ұта алмай келе жатқаны, Англия құрамасының пенальти сериясынан әрдайым ұтыла беруі, тағы да басқалар жетерлік. Бірақ меніңше қазақ футболында да басынан қара бұлт болып кетпей жүрген қарғыс бар сияқты көрінеді. Ол «90-шы минут» деп аталады. Неге десеңіздер өзіміздің құрамамыз, командаларымыз жеңіске 2-3-ақ минут қалғанда әрқашан гол жіберіп алатыны бәрімізге аян. Мысал келтірсем, осы жақында ғана болған «Селтик-Астана» ойынын еске алайықшы. Есеп 1-1 болып келе жатқан еді, егер 2 минуттай ғана шыдағанда қосымша тайм, содан соң пенальти сериясын көруші едік. Жоқ, олай болмады, 90 минутта біздің қорғаушымыз ойын тәртібін бұзып, төреші пенальти белгіледі… Есеп 2-1.
Ал 2013 жылы тағы да сол «Селтикпен» «Шахтер Қарағанды» ойнады. Бірінші ойында біз сенсациялы түрде 2-0 болып ұттық. Қарымта ойында Селтиктен 2 гол жіберіп тең болып жатты, 91-ші минутта Селтик 3-ші голды салды… Енді құрама ойындарын айтатын болсам, 2011 жылғы Түркия-Қазақстан матчы бәріміздің есімізде шығар. Ұ.Қонысбаевтың әдемі голынан кейін есеп 1-1 болды, 95 минутта айып соққысы белгіленіп, Арда Тұран 2-ші голды қақпаға тоғытты… 2012 жылы Ирландияға қарсы өткізген ойында 1-0 есебімен матчтың аяғына дейін алда болдық, бірақ ереже бұзылып 89-шы минутта пенальти белгіленіп, есеп теңесті. Ал 91-ші минутта Ирландия шабуылшысы жеңісті жұлып әкетті… Осылардан кейін қалайша қарғыс демейсіз?! Жеке басым сәттілік немесе кездейсоқтық дегенге сенбеймін. Әлде бізге футбол спортынан нәтижеге қол жеткізу маңдайымызға жазбаған ба?
Евро-2016-да әйгілі Англияны тізе бүктірген, 300 мың халқы бар Исландия құрамасынан қай жеріміз кем? Қазақстанның аяқдобын күшейтеміз деп, көптеген жастарымызды Бразилияға жаттықтыруға алып кетті. Одан бері қаншама жыл өтті, ал сол сенген жастарымыздың оралатын түрлері жоқ. Әрине, ол жерде бүкіл жағдайды жасап қойған оларға, несіне оралсын өз еліне. Ал оралғандары халықтың сенімінен шықпай босқа далақтап шауып жүр…
Қазақ футболы жаза-жаза жауыр болған, айта-айта жыр болған тақырыптардың бірі. Қалай футболымызды күшейту керек екенін талай кеңестер, ұсыныстар айтылды. Ал менің ойымша Қазақстан құрамасына ауылдағы мықты-мықты жігіттерді іріктеп, соларды жинау керек, құрамадағы басқа ұлттың ойыншыларын алып тастап, толық қазақ футболшыларын жасақтау қажет және қымбат шетел бапкерлерін шақырғанша, өзіміздің бұрынғы Т.Сегізбаев, Қ.Ордабаев сынды аттары аңызға айналған сайыпқырандарымызды немесе басқа да білікті қазақ мамандарымызды бапкер етсек бір нәтиже шығатынына мен сенемін. Бәлкім сонда ғана «90-шы минут» қарғысынан құтылармыз. Қазақ футболына алдағы уақытта тек қана жеңістер тілеймін және «сәттілік жетіспеді» деген сылтаудан құтылсақ екен, өйткені «сәттілік» емес, бізге хас шеберлік, рух, намыс жетіспейді, ардақты ағайындар!
Нұржан Айғали