ТЕМЕКІНІҢ «АВТОРЫ» — ҮНДІСТЕР…

COVID-19 індеті қай-қайдағыны қозғайтын болды ғой. Осы аурудан бүгінге дейін 6 миллион 150 мыңнан аса адам жұқтырыпты. Біреу — сенер, біреу — сенбес. Бірақ, ғаламшарды дүрбелеңге салған осы қатер тарағалы түрлі әңгімелер гулеп тұр. Солардың кейбірі «мұншама адам көлік апатынан да өліп жатыр ғой» дегенді айтады. Көлік апатын қойшы, аузын ошақ, мұрнын мұржа еткен «қорқоршылар», яғни темекішілер айтсаңызшы… Дүниежүзілік денсаудық сақтау ұйымының статистикасына жүгінсек, бүкіл әлемде жыл сайын темекі тартудан 6 миллионға жуық адам қайтыс болады екен (жұқтыру мен өлімді салыстыруға келмес). Демек, бұл ковидтен де қатерлі індет болғаны да…
Коронавирус әлемді аяғынан тік тұрғызады, ал темекі ше?
Мысалы 6 миллион дегеніміз іргеміздегі Қырғызстанның халқының саны. Бір жылда тұтас қырғыз ұлты жоқ болып кеткенін елестетіңізші. Құдай сақтасын!
Осы темекі-тажал қайдан пайда болды? Оның «авторы» кім? Темекіні алғаш кімдер шекті? Бұл індеттің алдын қалай алуға болады? Әлем коронавирусқа алаңдағаны секілді бұл сұрақтарға да бас қатыруы керек сияқты.
Менің өзімнің білетін бірер тарихты ғана баяндайын.
1492 жылы Христофор Колумб Америка құрлығын ашты. Сол Колумб құрлықты ашып қана қоймай, адамзат баласына зарарлы темекі-індеттің де кең таралуына түрткі болды.
Үндістердің жер бетінен жойылуы өз алдына бөлек әңгіме ғой. Жиһангездің осы бір сапарының соңы тұтас бір құрлықтың халқын қырып жіберумен ғана аяқталған жоқ. Бүкіл әлемге темекі деген өнімнің таралуына мұрындық болды.
Үндіс ұлты — жауынгер халық. Олардың тегі түркілерге де жақын екені айтылып жүр. Мені ол ұлттың салт-санасы, дәстүрі, мәдениеті отарлаушыларды қызықтырмағаны, керісінше жапырақ жағып, иісін иіскеген әдетіне құмарта қалғаны таң қалдырады.
Колумбтың кемесіндегі екі матрос жергілікті халықтың құрғақ темекі жапырағын күйдіріп, соны ысын иіскеп отырғанын байқап, әлгі ысты сорып, сынап көрген. Бұл темекі тартқан тұңғыш еуропалық еді.
Испанияға қайтан соң ол құрғақ темекі жапырағын күйдіріп, ысын соруды әдетке айналдырған. Мұны көрген көршілері таң қалып, оны «шайтан иектеген» деп жергілікті діни соттың түрмесіне қаматыпты. 1446 жылы темекі жапырағы Испанияға кеңінен таралып, оны иісті өсімдік ретінде егетін болды.
Араға бір жарым ғасыр салып, адамзат баласы темекінің зиянын түсіне бастады. Мәселен, 1639 жылы Қытайдың Мин дәуірінің патшасы жарлық түсіріп, темекі тартқандарды өлім жазасына кесуге бұйырған.
Содан кейін қаншама тосқауыл қойылғанымен, бұл індет коронавирус секілді тарай берді, тарай берді.
1957 жылы Америкада арнайы зерттеу орталығы құрылып, темекі тарту өкпе ауруларына алып келетін зауал екенін жариялады. 1966 жылдан бастап барлық темекі қорабының сыртына «Темекі тарту денсаулыққа зиянды» деген ескерту басылатын болды. 1967 жылы Нью-Йоркта тұңғыш рет «Темекі және денсаулық» атты халықаралық жиын өтті. Содан кейін бұл жиналыс әр төрт жылда бір рет өткізілетін болып, темекі тастау туралы үндеу қызметі күшейе бастады.
1980 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 7 сәуірді «темекі тастау күні» етіп белгіледі. Әр жылы осы күн темекі тастауға үндеу күні болды.
Ол аз болса, Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы 31 мамырды төрткүл дүниенің жұрты темекі тартпайтын күн деп белгіледі.
Кеше бұл посты жазуға болар еді. Бірақ, қазақ халқы қуғын-сүргін құрбандарын еске алып жатқанда темекі туралы айтып жатуды ыңғайсыз көрдім.
Қош! Енді біз бұл індетпен қалай күресіп жатырмыз дегенге келелік.
«Темекі түтінінен азат Қазақстан» ҮЕҰ көшбасшысы Джамиля Садықованың бір сұхбатын оқып қалдым. Ол бұл мәселеде «NurOtan» партиясының саяси һәм медиалық тұрғыда қолдау көрсетіп жатқанына, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің қабылдануына ықпал еткеніне разылығын білдіріпті. Мұнан өзге партиялардың, яки саяси ұйымдардың темекі-індетімен күресі туралы мардымды ақпарат жоқтың қасы екен.
Әрине, қоғамдық жұмыстың үлкен-кішісі болмайды. Жалпы, мемлекетте қандай әлеуметтік топ бар, барлығы назардан тыс қалмауы керек. Бізде «темекі шекпе» деген ұрандар шоулық дәрежеден асқан жоқ.
Темекінің бағасын көтеру, сыртына адам жанын түршіктіретін суреттер салу, жарнамасына біржола шектеу қою секілді тиымдар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексі аясында іске асты. Оған да шүкір деп қоялы…
Қош, сонымен коронавирусқа қайта оралайық. Сол әлем COVID-19-ға жұмсалған қаржыны темекімен күреске бағыттаса не болар еді? Жер бетінің 6 миллион халқының бассүйегі күлсалғышқа айналмас па еді? Сіз не дейсіз?

Қанат Әбілқайырдың фейсбук парақшасынан