Абай-175: Елордада ақын шығармаларын оқудан онлайн байқау жарияланды
Жеңімпаздарға Абайдың кітаптары мен «Меломaн» кітап желісінің арнайы сертификаттары тапсырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Абайдың 175 жылдығының маңыздылығын насихаттау мақсатында Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі НұрОтан партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы, Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесе отырып конкурс жариялады. Байқау жеңімпаздарына Абайдың кітаптары мен «Меломaн» кітап желісінің арнайы сертификаттары тапсырылады. Қатысушылар Абай Құнанбайұлының өлеңін, қара сөзін немесе «Абай жолы» романының үзіндісін видеоға түсіріп, @nursultan_nur.otan және @ruhani_elorda парақшаларын белгілей отырып өз инстаграм парақшасына жариялауы тиіс. Сондай-ақ @nursultan_nur.otan, @ruhani_elorda және @nabrk.kz парақшаларына жазылуы керек. Байқау ұйымдастырушысы, Нұр-Сұлтан қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің директоры Ақерке Жұманбаева Абайдың асыл сөзін, мол мұрасын дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. «Бұл конкурсты өткізудегі басты мақсатымыз – ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу. Карантин режимі аяқталған соң да Ұлттық академиялық кітапхананың «Абай» залында шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ақерке Жұманбаева. Байқау нәтижесі 20 маусымда дауыс саны бойынша анықталатын болады.