«Ақ орамал» — болашақ ұрпақтың жүрегіне ізгілік ұялатады
«Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы «Ақ oрамал» республикалық акциясын өткізуге бастама жасады. Аталған акция Маңғыстау облысында да өтті. Шара ұйымдастырушысы Маңғыстау облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-сі.
Акцияның мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.
Акция барысында Ақтаудағы неке сарайы ғимаратында көп балалы ардақты аналар жас келіндерге ақ орамал сыйлады. Шара аясында көпбалалы батыр ана Ақан Саталиева жас келіндерге ақ батасын беріп, жас жұбайларға отбасылық бақыт, сонымен қатар жас ұрпақ үшін үлгі болып жүруін тіледі.
-Ақ орамалдың қазақтардың тарихында философиялық мағынасы терең. Ақ түс – тазалықтың белгісі, адамның ойы мен жан-дүниесінің пәктігін білдіреді. Бұл – адамзат өмірінің негізі – ананың ақ сүтінің түсі. Бұл – абыройдың, ізгіліктің, аманатқа адалдықтың белгісі. Ертеде ақ oрамал арқылы ел мен ел татуласқан. Әйел-ананың басындағы орамалын шешіп, жауласушылардың ортасына тастауы олардың жанжалды тоқтатуына себеп болған, дейді батыр ана.
Айман Оңғарбайқызы