Үміт жібін жалғаған университеттер

Қазақстанның бірқатар ЖОО өз қаражаты есебінен мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерлерін оқытуға ниетті екендігін жеткізді деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

 Бүгін Қазақстан Ресубликасы Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарымен мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерлерін тегін оқыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл игі бастаманы оншақты қазақстандық ЖОО ректорлары қолдап, бүгін олардың бөлгелі отырған гранттық орындар саны да белгілі болды.

Көп ішінен дараланып шықса да, мақсатына жете алмаған жас түлектердің үміт отын қайта маздатқан университеттер төмендегідей:  

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – 10;

Тұран университеті – 10;

Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті – 1;

Қазақ мемлекеттік заң университеті – 15;

Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті – 3;

С.Демирел атындағы университет – 2;

Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті — 1;

Алматы менеджмент университеті – 1;

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – 2 орын.

ҚР Білім және ғылым министрлігі ЖОО-ның мұндай бастаманы қолдап, қоғамға, жұмыс берушілер мен түлектерге көрсеткен әлеуметтік жауапкершілік үлгісі үшін алғысын білдіреді. Өйткені, үздік оқып, ҰБТ барысында «Алтын белгіге» лайық жоғары білім деңгейін растаған мектеп түлектері оқуларын тегін жалғастыру мүмкіндігінен айырылуы мүмкін еді. Ондай жағдай «Алтын белгі» иелерінің бәсекелестік деңгейі жоғары,  әрі мемлекеттік тапсырысы аз бөлінетін мамандықтарды таңдауларынан туындап отыр.

Осылайша, биыл мемлекеттік білім гранттарын ала алмай қалған 45 «Алтын белгі» иегерінің 19-ы экономикалық, 8-і – халықаралық қатынастар, 14-і – заңгерлік, 4-і – аудармашылық мамандықтарын таңдаған. Ал елімізде мемлекеттік білім гранттарының негізгі бөлігі еңбек нарығында сұранысы жоғары, ел экономикасына аса қажетті техникалық және технологиялық мамандықтарға, атап айтқанда, көлік техникасы, құрылыс, радиотехника, электроника, телекоммуникациялар, нанотехнологиялар, т.с.с. көптеген басқа мамандықтарға бөлініп отыр.

  «ЕлАна»