Үкімет басшысы Ақжайық өңірінде болды
Жақында ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ақжайық өңірінде болды. Іссапар барысында ол жекелеген стратегиялық нысандар мен көлік инфрақұрылымының қауіпсіздік жүйесімен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі республикалық маңызы бар көлік жолдарын жаңғырту барысымен танысты.
Үкімет басшысы, сондай-ақ, кәсіпкерлермен және жұртшылықпен жүздесіп, жолдардың жай-күйі, мұнай-газ және тамақ өнеркәсібі салаларын дамыту, көмірсутекті шикізат өңдеу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелерін талқылады. Үкімет басшысы ең алдымен әуе, көлік және теміржол бекеттерінің қауіпсіздік жүйелерінің жай–күйі жөніндегі өңір басшылығының баянндамаларын тыңдады.
Облыс әкімінің орынбасары Игор Стексовтің баяндауынша, осы бағыттағы ұзындығы 100 (4-104) км жол бөлігі жаңғыртылатын болады. Оны жүзеге асыру кезеңі -2015-2018 жылдар аралығы. Өткен жылы 11,4 км жол жаңғыртылса, ағымдағы жылы жаңғыртуды 37 км аумағында аяқтау жоспарланған. Жұмыс кесте бойынша кідіріссіз атқарылуда.
Облыс және аудандық маңызы бар көлік жолдарының жай-күйін шешуді басты мәселе ретінде атап көрсеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов Үкімет басшысынан өңірдің көлік жолдарын жаңғырту мен жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының көлемін қысқартпауды, сонымен қатар жолдарға бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауды сұрады.
-Жергілікті маңызы бар көлік жолдарының жалпы ұзындығы 5,1 мың км, соның тек 1,3 мың км немесе 26 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Орта деңгейдегі республикалық көрсеткіш 61 пайыз десек, бұл –елдегі ең төмен көрсеткіш. Жолдардың жай-күйі халықтың қозғалысына, инвестициялар тарту мен шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына кері әсерін тигізуде. Өңірішілік және еліміздің өзге аймақтарына, сондай-ақ, Ресейдің шекаралас аймақтарымен қатынас жолаушы және жүк ағыны көлік жолдары арқылы ғана өтеді. Елбасымыз Батыс Қазақстандағы көлік жолдарын жөндеуді қаржыландыру көлемін 2014-2016 жылдары арттару жөнінде тапсырма берген. Сол тапсырмаға сәйкес соңғы үш жылда өңірімізге 19 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде жергілікті маңызы бар 300 км-ға жуық жол жаңғыртылды және жөнделді. Қатқыл табанды жол арқылы бұрын оған қосылмаған алты ауданның үшеуінің (Жаңақала, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары) облыс орталығымен байланысы жақсарды. Енді қалған үш ауданды (Бөкей Ордасы ауданы, Жәнібек және Қазталов ауданы) облыс орталығымен байланыстыру қажет. Біз ИДМ –мен бірге республикалық маңызы бар жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтадық және министрліктің мақұлдауына ие болдық. Осыны ескере отырып, өңірдегі көлік жолдарын жаңғырту және жөндеуге бөлінуі тиіс республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін төмендетпеуіңізді сұраймын. Ағымдағы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 6 млрд. теңге бөлінген. Аталған қаржыны ұзындығы 120 км-ге жуық жолды жөндеуге жоспарланған. Бұлар: «Чапаев-Жаңақала-Сайқын», «Ақсай-Шыңғырлау», «Аңқаты-Сарыөмір», «Жымпиты-Қаратөбе», «Орал-Кирсанов» және Бұлдырты ауылына бұрылыстың бөліктері. Осыған орай, сізден жергілікті маңызы бар жолдарға жалпы сипаттағы трансферттер бөлуді қолдауыңызды сұраймыз, -деді өңір басшысы өз сөзінде.
Бұдан басқа облыс әкімі стартегиялық мақсаттағы Қарашығанақ мұнайгазконденсат кен орнынан жүк тасылатын, Орталық Азия мен Еуропаны «Оңтүстік-Солтүстік» шеңбері бойынша байланыстыратын көлік дәлізінің бірі, республикалық маңызы бар «Подстепный-Федоров-Орынбор» көлік жолының түйткілді мәселелерін көтерді.
-Аталмыш жол бұдан 40 жыл бұрын салынған және содан бері бір де бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Соның кесірінен облыстың инвестициялық тартымдылығы төмендеп отыр. Осыған байланысты оны да жаңғырту жөніндегі ұсынысты қолдауыңызды сұраймын,-деді ол өз сөзінде.
Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек Үкімет басшысына көлік жолдарын салу және жөндеуде өңірде жаңа технологиялар қолданылғанын айтып, облыс әкімдігіне аталмыш бағыт бойынша жұмысқа жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемін ұлғайтуды ұсынды.
— 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында облыс жолдарын қаржыландыруға алдын ала 9,6 млрд. теңге қарастырылды. Бұл тек біздің министрліктің бюджеті бойынша ғана. Оған қосымша экономика министрлігі арқылы өтетін жалпы сипаттағы шығын бар. Мен 2017-2018 жылдары жылына 6 млрд. теңге деңгейінде ақша береміз деп есептеймін,-деді ол Жеңісбек Қасымбек.
Жиынды қорытындылаған Кәрім Мәсімов өңірдегі республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың құрылысына басымдық берілетінін айтып, мемлекеттік органдар мен салалық министрліктерге бұл жөнінде тапсырма беретінін жеткізді.
Іссапар барысында Үкімет басшысы «Кублей» ЖШС-де болып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Мұнда кәсіпкерлер жеке кәсіптерін жүргізу барысында кездесіп жүрген түйткілді мәселелерін талқыға салды. Мысалы, «Айсұлу» шаруа қожалығының жетекшісі Мағауия Зайнуллин бруцеллез (сарып) және түйнеме секілді жұқпалы аурулардың кесірінен мал басының азайып кетуі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірсе, «Жайық -Ет» ЖШС басшысы Асан Сұлтанғалиев бағдарламаның өтемақыға қатысты тұсын өзгерту керек деген пікірін жеткізді.
Бұдан соң Үкімет басшысы «ҚПО б.в.» кеңсесінде болып, компания өкілдері мен өкілетті орган өкілдерінің қатысуымен еліміздегі және аймақтағы газ өндіру саласын дамыту жолдарын талқылады.
Сол күні ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов Қ.Мырза Әлі атындағы өнер және мәдениет орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында ол өңіріміздегі ел экономикасын өркендету мақсатында жүзеге асырылып жатқан бірқатар жобалармен танысқанын айтты.
-Елбасымыздың тапсырмасы бойынша өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту мақсатында игі істер қолға алынуда. Олардың бірқатарымен жұмыс сапарында таныстым. Сондай-ақ, рухани саланы дамытуда да атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Өңір халқының жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында тағы қандай шараларды қолға алуға болады? шешімін күтіп тұрған тағы қандай мәселелер бар? Осы жолы сіздермен осындай мәселелерді шешу үшін кездесіп отырмын, -деді ҚР Премьер министрі Кәрім Мәсімов өз сөзінде. Кездесуге келген зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері өздерін мазалап жүрген түйткілді мәселелер жөнінде айтып, пікірлерін ортаға салды.
Айша ӨТЕПАЛИ,
Батыс Қазақстан облысы