Нұр-Сұлтанда қосымша ПТР-тесттер, өкпені жасанды желдету, КТ аппараттары сатып алынады
Covid-19 инфекциясын жұқтырғандардың санының өсуін ескере отырып, Нұр-Сұлтанда ПТР-тестілер, өкпені жасанды желдету, КТ аппараттары, жеке қорғаныш құралдары, дәрі-дәрмектер сатып алынады. Бүгін елорда әкімі Алтай Көлгінов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы — министрдің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаевамен, жауапты хатшы Ботагөз Жақселековамен, вице — министр Людмила Бюрабековамен, сондай-ақ зертхана өкілдерімен, «Фармация» СК, санитарлық дәрігерлермен онлайн-кеңес өткізді. Әкімдік пен Денсаулық сақтау министрлігі жол картасын бекітті. Инфекцияны жұқтырғандарға уақтылы көмек көрсету үшін қалада қосымша 720 орын дайындалды. Әскери госпиталь және т.б. медициналық мекемелер стационарға қайта бейімделеді. 112 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары сатып алынды. Сонымен бірге осы айда стационарларға 30 өкпені жасанды желдету аппараттары әкелінеді. Сонан соң қосымша тағы 200 өкпені жасанды желдету аппараты алынады. Сонымен қатар ПТР-тестілеу бойынша мобильді топ құрылады. Денсаулық сақтау басқармасы ПТР-тестілерді жинау және өңдеу бойынша зертханаларда жұмыс істеу үшін медициналық қызметкерлерді оқытады. Елорда әкімі Алтай Көлгінов коронавирусқа қарсы күресте қолданылатын медициналық препараттар мен жабдықтардың қорын дер кезінде толықтыру қажеттігін атап өтті.