Қыздар университетінде жемқорлықпен күрес тетіктері талқыланды
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес: мәселелері және оны шешу жолдары». Осындай атаумен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды оқу орнының баспасөз қызметі.
Онлайн форматтағы жиынға «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Токушев, Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова, Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Таумұрат Таумұратұлы және оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты.
Басқосуда қоғамның дертіне айналған жемқорлықпен күресудің тың тетіктері қарастырылып, осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар екшелді.
Дөңгелек үстелді оқу орнының басшысы Гаухар Алдамбергенова ашып, жемқорлықпен түбегейлі күрес барысында қолға алынған бастамалар жайлы кеңінен әңгімеледі.
– Бүгінгі басқосудың баршамыз үшін маңызы ерекше, мағынасы зор деп ойлаймын. Оған себеп те жоқ емес. Ресми деректерге сүйенер болсақ, жыл сайын елімізде орташа есеппен 2 мыңнан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі екен. Сәйкесінше мыңнан астам азамат жауапқа тартылып, заң шеңберінде жазаланады. Бұл – қоғамның жегі құртына айналған, батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дерт, зардабы жазылмас ауру. Мемлекеттің дамуына, қоғамның алға жылжуына кесірін тигізіп отырған осы кеселді алдын алу немесе болдырмау жолында бірқатар істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылуда, – деді Гаухар Алдамбергенова.
Ол өз сөзінде барша отандастарымыздың негізгі міндеті – қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру қажеттігін алға тартты.
– Менің ойымша, барлық мемлекеттік органдар осы бағытта бірлесе жұмыс істеуі тиіс. Осы орайда атап өту керек, Білім және ғылым министрлігінің ұйытқы болуымен жоғары оқу орындарында Жобалық кеңсе мен «Адалдық алаңы» сияқты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар білім саласында жемқорлықпен күресті күшейтіп, оған мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырады, – деп атап өтті оқу орнының ректоры.
Осы орайда айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің тәрбие, оқу және ғылым үдерісінде әдептілік қағидаларын сақтау басты назарға алынған. Бұл тұрғыда еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» атты пән оқу бағдарламасына енгізілді. Аталған пән студенттердің саналы түрде және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастырады. Отандастарымыздың жемқорлыққа қарсы дүниетамын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдауға және дамытуға Қыздар университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлерінің және білім алушыларының қосып отырған үлесі айтарлықтай қомақты.
Басқосу барысында өзге де қатысушылар сыбайлас жемқорлықпен күресудің өзге де тетіктері мен осы орайда жүзеге асуы тиіс нақты істерді баяндады.
«Отандық жоғары білім берудің қарашаңырағы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басты мақсаты – білікті, жоғары моральді және кәсіби қасиеттерді иеленген тұлғалар даярлау. Біз осы құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасаймыз», – десті шараға қатысушылар.