«Қажы» болдым, мінеки!
Тазалықшыны таны
Күнде жұмысқа келгенде қызметіне сүйсіне қарайтын бір жандар бар. Ең алдымен олармен жақсылап амандасамын. Негізі, оларға жұрттың назары қажет емес. Бәлкім, істеп жүрген қызметі үшін қысылатын шығар. Меніңше, олар мына дүниеде ең ұлы істің бірін атқаруда.
Себебі олар әр ісінің нәтижесімен жұрт «көрсін, білсін, мені де сөз етсін» деп мақтана алмайды. Олар еденді жуып жатқан кезде жуған жерін басып, әп сәтте-ақ ластап жүре бересіз. Жарқыратып қоюына мүмкіндік бермейсіз. Олар ең бастысы риядан ада. Мына өмірде тазалықшыларды құрметтейтінім де содан. Бір қызық оқиға есіме түсіп кетті. Математика пәні мұғалімі жыл аяғында оқушыларынан қорытынды емтихан алады. Жыл қорытындысы болған соң, оқушыларына өте ауыр емтихан болатынын алдын ала ескертеді. Шәкірттері де барын салып дайындалады. Алайда мұғалім райынан қайтады. Тәжірибе жасамақ ниетте оқушыларына тек бір сұрақ қоятын болып шешеді. Егер сұрақтың жауабын тіпті бір ғана оқушы білсе де барлығына «5» деген баға қоямын дейді. Сонымен, емтихан басталады. Сонда мұғалімнің сұрағы мынау еді: «Осы сыныптың еденін жуатын тазалықшы апайдың аты кім?» Сенесіз бе, бірде-бір оқушы бұл сұраққа жауап бере алмайды. Емтихан тапсыруға келген 20 оқушы қоңырау шалысымен сыныптан атып шығып, жүгіріп жүріп, тазалықшы апайды іздейді. Тауып алып, есімін сұрайды. Біраздан соң тазалықшы апай келіп, өзінің сондай қуанышқа бөленгенін, өмірінде бірінші рет мұндай жағдайға тап болғанын, адамдарға өзінің керек екенін сезінгендігін жасырмай, мұғалімге рақметін айтады.
Шыдамсыз «қажы»
Бейсенбі күні болатын. Әріптестермен келесі аптаның жұмысын жоспарлап, жиналыстан шықсақ, редакторымызды бір кісі күтіп отыр екен. Біраз күтіп қалып, шыдамсызданып әрең отырғаны жүзінен байқалып тұр. Уақытша хатшы қыздың орнына отырған әріптесімнің амандасқанын естімеген болса керек, «Тесіліп қарап отырдың. Амандаспадың!» деп атылды. Дауысы зор екен. Күңіреніп шыққан дауыс бүкіл редакцияны алып кетті. Кеңес заманында түсірілген кинолардағы дубляж жасаған адамдардың дауысындай. Бала күнімізден есте қалған бұл дауыс жанымызға майдай жақты. Театрдан ғана еститін дауыс қой, шіркін. Алайда рухани азық болған дауыс шорт үзілді. Оған «Сен менің кім екенімді білесің бе? Мен қажыға барып келген адаммын. Тәрбиесіз!» деген дөрекі сөздері себеп болды. Әлгі сөзге әріптесім шыдай алмай жылап жіберді. Әріптесім амандасқанын айтып ақталғанымен, тыңдап жатқан ақсақал жоқ. Араға редактор түсіп, мәселені ушықтырмай, «қой, қойдың» астына алып жатыр. Әлгі ақсақал редакцияға қажылық сапары жайлы материалын алып келсе керек. Қажылыққа апарған турфирма «жақсылап» мақала жазуға өтініш білдіріпті-мыс. Тек қызмет көрсеткендері үшін. Арада бір-екі сағат өтті. Бір кезде телефон шыр ете түсті.
— Алло!
— Айналайын, қарағым, қалайсың? Мен ғой атаң. Әнебір хатшы қыз ұятсыз екен, мені жұрттың алдында масқара қылды.
— Кешіріңіз, ол қыз мен ғой. Неге олай айтасыз?..
Ендігі айқай-шу телефонның бер жағы мен ар жағында жалғасты. Редакциядағы әріптестер біріне-бірі қарап, бас шайқап жүр. Қажылықтан кеше келген адамның қылығы жаға ұстатты. Сонымен не керек, қажылыққа апарған турфирманы мақтап жазған мақала жарық көрген жоқ. Дөрекі қылығы немесе сөздері үшін емес, мақаланың турфирма жайлы жарнамалық үлгіде жазылғандығы себепті. Қалай десек те, Құрбан айттың алдында, сонау Меккенің аптап ыстығында 10 күн бойы нәпіл ораза ұстаған қажы ағамыз редакторды жарты сағат күтуге шыдамы жетпегені, «амандаспадың» деп жала жапқаны таңғалдырды.
«VІР қажылық»
Бала күнімізде ауданнан бірінші болып қажылыққа барған адамдар жайлы аз-маз хабарымыз болды. Сол кезде «қажыға барып келген соң, дүние тірлігіне араласпайды» дегенді еститін едік. Қажылыққа барып, қыл көпірден өте алмай құлапты, қыл көпірден өткізеді екен деген небір қауесеттер жүретін. Дегенмен, қажылық құлшылықтың ең ауыр түрі деп ұғындық. Сол кезде дұрыс діни білім беретін адамдардың аз болғанына қарамастан, қажылық өтеу қасиетті құлшылық деп түйсіндік. Аталарымыздан «адал еңбекпен тапқан ақшамен барсаң ғана қажылығың қабыл болады» дегенді санамызға сіңірдік. Тәрбиені айтсаңызшы. Адал еңбек, Алланың ризалығы үшін тапқан ақша… Ұрлап, жымқырып, біреудің ақысын жеп тапқан ақшамен мүлдем қажылыққа баруға болмайтынын, ондай жолмен қажыға барған адамның құлшылығы қабыл болмайтынын ұғындық. Сен қажыға кеткенде, сенің туған-туысың ешкімнен қарыз алмау керек, бір айлық ішіп-жемін қамтамасыз ету керек деп жататын. Ауылаймақтан кешірім сұрап, ақ батасын алатын. Құнанбайдың қажылық сапар алдында айналасынан кешірім сұрайтыны бар емес пе еді. Қазіргі күні құлшылықтың өзегіне әркім өзінше қарайтындай. Исламның бес парызының бірі — қажылық. Алла парыздарымызды санамалап бергенде қажылықты бірінші етіп қоймады. Иман, намаз, ораза, зекет, сосын барып қажылық деді. Демек, 4 парызды толық өтеу керек қой. Бүгінгі таңда үлкен қажылыққа бес уақыт намаз оқымайтын адамдар да барады екен. Бұл қалай? Бізде иман келтірсе болды, бірден қажылыққа апару тенденциясы басым. Сондағы мақсаттары — қажылық сапарынан кейін иман жолына түсіру, қажылық құлшылықты соған себеп ретінде қолдану. Мұндай мамыражай, аяқ асты рухани кеңшілікке тап болғандар мүдделестер қатарына қосыла береді. Яғни қажылық парызы бәз біреулер үшін Алла алдындағы парызды өтеу емес, иман жолына түсудің бір алғашқы сатысы, «мүдделестер» жинаудың амалы деуге болады… Мұсылман адам ретінде иман жолына түскенін тілейсің. Қажылықтан келіп алып, казиноға кетпесе дейсің. Біреудің кәсібін тартып алып, қайырымдылыққа жұмсамаса дейсің. Сахнаға шығып, жартылай жалаңаш қыздармен билемесе дейсің. Қулық, сұмдығы жалғаспаса дейсің. Дегенмен, қажылықтан бұрынғы өмір мен қажылыққа барып келгендегі екі өмірдің арасында жер мен көктей айырмашылық болу керек қой. Егер ешқандай айырмашылық болмаса, құлшылығың «Алла алдында қабыл болды» деп айта аласың ба? Мұның барлығы, айналып келгенде, қажылық құлшылығының қадірін түсіріп жібермей ме? «Мыналар кеше қажылықта жүр еді, бүгін казинода жүр» деп айтпай ма халық.
Ниет, тағы да ниет. Түнеугүні «Қажылық сапары кезінде селфиге түсуге тыйым салынды» деген жаңалықты оқып, өз көзіме өзім сенбедім. Мына жұртқа ақыл кіре бастаған екен дедім іштей. Соңғы кездері қасиетті Қағба алдында селфиге түскен «қажы» атағына үміткерлердің суреттерін көп көреміз. Селфиге «нәпсі сурет» деп түсініктеме берген елдер де бар. Үміткер деуіміздің өзіндік сыры бар, қажылыққа барып келген кейбіреулер турфирмалардан «қажы» деген сертификат сұрайтын көрінеді. Сондағысы өзінің қажы екенін дәлелдеу, үйге «Ниет қабыл болсын!» деп айтуға келген ағайын-туысқа «Құтты болсын!» айтқызу. «VIP қажылық» дегенді де естіп жүрміз. Атауы «VIP қажылық» болғанымен, сол Қағба, сол Арафат, сағи, шайтанға тас лақтыру, Мина жазығы мен Муздалифада түнеу. Сіз тек ниет, құлшылығыңызды жасай бересіз, сізге көрсетілетін қызмет өзгелерге қарағанда жоғары әрі соған сай бағасы да қымбат. Былайша айтқанда, комфорт күйде парызыңызды өтейсіз. Комфорт және құлшылық. Исламда екеуі біріне-бірі үйлеспейтін сөздер. Исламда комфортты тәннің рахаты емес, «рухтың рахаты» деп түсінуге болады. Ши үстінде ұйықтаған Пайғамбарымыздың (с.а.с.), аштықтан қарындарына тас байлап жүретін сахабалардың өмірін мысалға алайықшы. Қасиетті жерде, қасиетті құлшылық парызын өтеу барысында, Аллаға ең жақын сәтте, басқабасқа, дәл осы кезде адам баласы қарапайымдылықтың кебін киюі керек емес пе? VIP, комфорт деген қайдан шықты? Жалпы, жасаған күнәларының кешірімін сұрап барған пендеге комфорттың қажеті не? Бәлкім, Мекке-Мәдинаның Дубай мен Анталияға саяхаттаудан бір айырмашылығы болу керек шығар? Қалай ойлайсыз?
Бауыржан Карипов