Қазақ боксының атасы – Шоқыр Бөлтекұлы
«ЕКІ-АҚ НАҒЫЗ ҚАЗАҚ БАРМЫЗ, БІРІ – МЕН, БІРІ – ШОҚЫР»
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ
Шоқыр Бөлтекұлының өмірінен 15 факт
Қазақстан боксы қазіргі әлемдік рейтинг бойынша алдыңғы қатарда. Бокс державасына айналып келеді. Биылғы Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиадалық ойындарда Қазақ елі 10 салмақ түрінен боксшы дайындап апарды. Мұндай мерейлі сәтке жету жолында қазақтың сүйікті перзенті Шоқыр Бөлтекұлының сіңірген еңбегі өлшеусіз. Себебі «қазақ жеріне бокс қолғабын әкелген» деген теңеу осы кісінің есімімен тікелей байланысты. Әйгілі тұлғаның өмірі жайлы 15 фактіні назарларыңызға ұсынамыз.
1) Шоқыр Бөлтекұлы бұдан 100 жылдай уақыт бұрын, яғни 1916 жылдың 29 қазанында Маңғыстау облысының Жармыш ауылына қарасты Сарқауақ деген жерде дүниеге келген. Оның есімі тұмсығы тасқа тимей қайтпайтын бекіре тұқымдас шоқыр атты балықпен орайлас қойылған. Қарт Каспийдің жағасындағы балықшы әулетінде өмір есігін ашқан оның балалық шағы бақытты бола қоймады.
2) Әке-шешесінен ерте айырылған Шоқыр сол бір қиын-қыстау шақтарда туған қарындасынан да көз жазып қалады. Ашаршылық нәубеті қарсаңында Форт-Шевченкодағы балалар үйіне тапсырылып, сонда өсіп ер жетеді.
3) Шоқыр Бөлтекұлы – таудай талабының арқасында екі жоғарғы оқу орнын бітірген жан. Киевтегі Көркемсурет академиясын және Дене тәрбиесi институтында білім алған талант бокспен 1936 жылдан бастап айналысып, өзінің соңынан шәкірттер ерткен. Сол уақытта құрылған «ТЕМП» спорт қоғамының қабырғасында өзі де бокс қолғабын киіп үйрене бастайды әрі өзгелерге де үйретеді.
4) Алғаш рет 1937 жылы Алматы қаласында бокстан ел біріншілігін ұйымдастырып, қазақ боксының тарихын бастап береді. Бокс спортының тарихында бұл қоғам кейін кең өріс алып, «Динамо», «Спартак», т. б. аталып үлкен кеңістіктерге шығады.
5) Өмірінің жігіттік шағы соғыс уақытымен сәйкес келіп, майдан алдында «Жанкештілер мектебіне» (Смерш школ) қабылданған. Екінші дүниежүзілік соғыстай майдангері. Бұл туралы өзі және оның өмірін зерттеушілер жазбаса да, әке өмірінің бір үзік сырын Тоты Шоқырқызы баяндайды.
6) 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан жараланып оралған соң, Алматы қаласында жаттықтырушылық қызметін жалғастырады. Ол еңбек еткен «Спартак» қоғамы ССРО чемпионатында топ жарып, қазақ жастары арасында бiрiншi болып спорт шеберi деген дәрежеге жеттi.
7) Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған оның өзі рингке 223 рет шығып, соның 199-ын нокаутпен аяқтаған екен. Ол – «СССР спорт шебері» атағын иеленген тұңғыш қазақ.
8) Қытай еліне жасырын барған саяхаты үшін құқық қорғау орындарының бақылауында болған. Мемлекеттік тергеу орындарының қызметкерлері бірнеше рет жауапқа шақырып, біраз тергеген деген деректер бар. Заманында Б. Момышұлы, Б. Майлин, Ш. Айманов, К. Кенжетаев және басқа да ұлт қаймақтарымен араласып тұрған.
9) Шоқыр соғыстың кезінде фамилиясына «ұлы» деп жаздыртқан. Тегін ұлы деп жаздыртқаны үшін талай жеңілдіктерден айырылып, сан мәрте соққы жеген. Кабанов деген тергеушімен сөзге келіп қалғанда «Себебі мен қабанның емес, Бөлтектің ұлымын» деп жауап бергені аңыз сияқты тарап кеткені болмаса, бұл өмірде болған оқиға.
10) Шоқырдың талантты жан болғанын дәлелдейтін ерекшеліктердің бірі – суретшілігі. Бакудегі сурет училищесін тәмамдай алмаса да, қабілетінің арқасында салған суреттерімен де айналасын тамсандырған. Атақты жазушы Бейімбет Майлин басқа емес, осы Шоқыр атамызға қолқалап, татар жазушы Ғабдолла Тоқайдың суретін арнайы салдыртқан. Сондай-ақ қазіргі Ғ. Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының фойесі, бұрынғы М. Горький атындағы демалыс паркінің аллеясы атақты боксшының суреттерімен безендірілген.
11) Бөлтекұлының екінші бір қыры – 1940 жылдардың ортасынан бастап «Социалистік Қазақстан» секілді іргелі басылымдарға спорт теориясы мен практикалық нәтижелері, жаттықтырушы әдістері мен баулыған шәкірттерінің шеберліктері хақында түрлі жанрда материалдар жазып отырған. Зерттеушілердің айтуынша, оның бокс тарихынан жазған кітабы жоғалған.
12) Ал үшіншісі – батырлар жырын жатқа айтуы. Белгілі қаламгер, спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов «Бастау барын мұхит та біледі» деген мақаласында Шоқырдың әйгілі 1899 жолдық «Ер Қосай» жырын көз алдында зулата жөнелгенін сүйсініп жазады.
13) Шоқырдың да жомарттығы елге белгілі. Оның ерен еңбегін бағалаған бір кісінің өзіне сыйлаған су жаңа мотоциклін көзі жыпылықтап қарап тұрған қазақтың бір жеткіншек баласына ұстатып жіберген.
14) Атақты боксшының жары Нұрсұлу Тапалова – қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы балерина. 1936 жылдан Қазақ академиялық опера және балет театрында соло-биші болған Нұрсұлу Тапалова 1947 жылы Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі атағын 24 жасында алған.
15) Шоқыр Бөлтекұлы 1994 жылдың 6 сәуірінде Алматы қаласында қайтыс болды. Шоқыр Бөлтекұлының елін шексіз сүйген ұлтшылдығы, асқан патриоттығы, өте қарапайымдылығы, қолы ашық жомарттығы, тағдырдың талай тауқыметін көрсе де қайыспаған қайсарлығы – қазір бәрі жыр-аңыз.