Нұр-Сұлтан еріктілері: жақсылық жасауға жаралған жандар
Биыл Қазақстанда еріктілер жылы болып жарияланды, сондықтан 2020 жыл ерікті көмекшілер үшін өте жемісті жыл болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Біз еріктілердің еңбегін көп елей бермейміз. Алайда оларсыз біздің күнделікті өміріміз қиындау болар еді. Олар әрдайым көмекке бірінші болып келіп, қолдан келген көмегін аямайды. Азық-түлік таратудан бастап, түрлі ТЖ салдарын жоюға дейін атсалысады. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-нің еріктілік қызметі 2014 жылдан бастау алады. 2020 жылы волонтерлер медицина қызметкерлерімен бірге егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға дәрі-дәрмек, медициналық маскалар, антисептиктер жеткізуді жүзеге асырды. Бұл қажеттіліктермен 145 отбасы қамтылды. Nur Otan партиясымен бірге еріктілер азық-түлік себеттерін жинауға атсалысты. Бірінші қажеттілік тауарлары мен антисептикалық құралдарды әлеуметтік осал топқа кіретін 20 мыңға жуық мұқтаж отбасы алды. Бұдан басқа, еріктілер мұқтаж жандарға демеушілік көмек көрсету үшін астаналық бизнесмендерді де тарта алды. Олар 5 мыңға жуық азық-түлік себетін бөлді. Қалада 2 млн-нан астам медициналық маскалар таратылды. Банктер мен «Қазпошта» АҚ филиалдары мен бөлімшелерін алдын ала ашу кезеңінде кезектерді қалыптастыруға көмек көрсету, кеңес беру сияқты көзге көрінбесе де еріктілер ерен еңбек атқарды. Барлығы 53 бөлімше және 20 мыңнан астам адам қамтылды. Полицейлермен бірлесіп, мекемелер мен қоғамдық орындарда карантинді ережелерін сақтау бойынша рейдтер мен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Астаналық штабтың он еріктісі Қарулы күштердің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнайы жиындарға қатысты. Сондай-ақ еріктілер қалаға кіруді және шығуды бақылайтын жеті полиция блокпостындағы қызметкерлерге көмек көрсетті. Онда олар түсіндіру жұмыстарымен айналысып, полиция қызметкерлерін 3 500 респираторлық медициналық маскамен қамтамасыз етті. Қалалық волонтерлік штаб Түркістан облысының Мақтарал ауданында су тасқынынан зардап шеккендер үшін елорданың төрт нүктесінде гуманитарлық көмек жинауға бастама көтерді. Нұр-Сұлтан қаласынан 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді: әуелі ең қажет азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық химия сияқты тұрмыстық заттар. ҰОС Жеңісінің мерейтойына волонтерлер әскери үрмелі оркестрмен бірлесіп ардагерлерді мерекелік концертпен құттықтады. Жағажай маусымының ашылуы аясында ТЖД өкілдері мен еріктілер Есіл өзенінің 23 суға шомылу учаскесінде кезекшілікке шығады. 2020 жылдың соңына дейін кәсіби волонтерлерді дайындау бойынша онлайн-мектеп өткізу; ҰОС тыл ардагерлеріне 100 азық-түлік себетін тарату; экожүйені, медициналық еріктілікті, ТЖ кезіндегі еріктілік, қарттар үйлерінде, балалар үйлерінде және басқа да әлеуметтік нысандарда әлеуметтік еріктілікті дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ білім беру волонтерлік қызметін жүзеге асыру – жануарларға арналған баспаналарда ерікті болу, егде жастағы еріктілерді тарту жоспарлануда. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ-де 2014 жылдан бастап 5 500-ден астам ерікті жұмыс істейді. 2014-2019 жылдар аралығында 4 мың ерікті түрлі іс-шараларға қатысты. 2020 жылдан бастап қалалық штабта пандемия кезінде жұмыс істеген 1 300-ден астам белсенді еріктілер бар және 2 мың ерікті резервте тұр.