А.Көлгінов тұрғындарға үндеу жасады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов инфекция жұқтырғандардың саны көбейе берсе, ірі спорт нысандарын стационар жасаймыз деді. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында тұрғындарға жасаған үндеуінде айтты. «Медицина қызметкерлері соңғы төрт ай бойы коронавирус инфекциясымен күресте алдыңғы шепте келеді. Барлық мүмкіндіктерін пайдаланып қызмет етіп жатқан дәрігерлеріміздің, тіпті, отбасымен қауышу мүмкіндігі болмай жүр. Күн-түн демей еңбек етіп жатқан олар – сөзсіз батыр, бірақ, түсінейік, олар да адам. Жаны да, тәні де шаршайды. Бастапқыда дәрігерлердің осы күресте қалуына да, кетуіне де мүмкіндік болды. Бірақ, олар қалуды ұйғарды. Сондықтан біздің оларға осындай қиын сәтте көмегіміз бен құрметіміз – үйден шықпай, тәртіпке бағынуымыз болуы керек», — деп жазды Көлгінов.
⠀
Елорда басшысы медицина қызметкерлерін қолдауға шақырды. Тіпті, кейбірі сырқаттанып та қалған. Пандемия басталған тұста бізде бір ғана стационар болса, қазір олардың саны 12-ге жетті. Зертхана саны сегіз. Әкім бастапқыда 300 адам сынама тапсыра алса, қазір күніне 5,5 мың адамға ПТР тест жасалатынын айтты. «Қалада 3,5 мың дәрігер мен 8 мың медицина қызметкері бар. Ал халық саны – 1 млн 200 мың. Жедел жәрдем станциясының жұмысынан мысал ретінде айтар болсақ, шақыртулар 1 мыңнан 4 мыңға дейін көбейген. Осы аптаның ішінде бір күнде 4 300 қоңырау түсті. Сонымен қатар, телеграм-бот ашып, тұрғындардың жедел көмек шақыруына жағдай жасалды. Жедел-жәрдем бригадаларының санын 150-ге дейін көбейттік».
⠀
Қазір қаладағы барлық аурухана мен емхана індетпен күреске жұмылдырылған. Бірінші қалалық аурухана толықтай стационарға айналған. Соның нәтижесінде науқастарға арналған орын 1 300-ден 3 100-ге, яғни үш есеге көбейді. Компьютер томографиясын түсіруге қосымша құрылғылар сатып алынған. Телемедицина тәжірибесі де пайдалануда. Дегенмен, тұрғындар тарапынан да жауапкершілік қажет, қауіпсіздік шараларын сақтамау, ақ халаттыларға өте ауыр салмақ түсіріп отыр.