АЛАШ МҰРАТЫН ТОҒЫСТЫРҒАН ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЖӘНЕ ҒҰМАР ҚАРАШ ҚАЙРАТКЕРЛІГІНІҢ ТАРИХИ ТАҒЫЛЫМЫ

әлихан
Әлихан Бөкейхан (1866-1937)

      Қарға тамырлы қазақтың мәңгілік киесі Алаш мұратына ақтық демі таусылғанша қалтқысыз қызмет етудің өшпес өнегесін қалдырған ақ жүрек ерлердің тау тұлғалары уақыт өткен сайын асқақтай түсуде. Әлихан Бөкейхан және Ғұмар Қараштың әлеумет ісін, қоғам жұмысын ұйыса атқарудағы кемелділігі елшілдік бағыт, мемлекетшілік сана ұстанымының тағылымды мектебі болуымен маңызды.
«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе, Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе? Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты, Өз алдына ел болғанын көреміз бе?» деп ұлт тәуелсіздігін жырлаған Ғұмар Қараш Алаш партиясы туын тіккен Бірінші жалпықазақ сиезі, Алаш автономиясы жарияланған Екінші жалпықазақ сиезінің жұмыстарына қатысып, азаматтық парызын өтеуге ар биігінен келді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы, Елдес Омарұлы тарапынан Екінші жалпықазақ сиезіне қатысты жолданған жеделхатта «…Егер біз өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады. Соның үшін милитсия құрудың үстіне сиезде қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралатыны” айтылып, Қайырша Ахметжанұлы, Қабидолла Ишмұхамедұлы, Ахмед ишан Оразайұлы, Қожа Ахмед Оразайұлы, Қорғамбек Бірімжанұлы, Жалмұхамед Жанқожаұлы, Шаһкерім Құдайбердіұлы, Юсұфбек Басығараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Халел Досмұхамедұлы, Уалихан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанғожа Мергенұлы, Ишанғали Арабайұлы, Ораз Тәттіұлы, Ахметкерей Қосуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Тұрмұхамед Сағынайұлы, Шәңгерей Бөкейұлы, Есенғұл қажы Маманұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Салық Қарпықұлы, Наурызбайұлы, Ілияс қажы сынды алты Алашқа есімдері мәшһүр тұлғалар қатарында Ғұмар Қараш арнайы шақырылды. Сол бір «Отансыз жұрт отанды болған» (Әлімхан Ермекұлы) тарихи күндердегі барша әлеуметтің алабұртқан көңіл толқынын ақын «Алашқа», «Алаш азаматтарына» өлеңдерімен әдіптеді.
Қазақты азаттық пен теңдікке, рухани жаңғыруға бастаған қайраткерлердің саясат майданында қолдаушысы, әдебиет айдынында жырлаушысы болған Ғұмар Қараш отаршыл жүйенің қанды тезіне тап болған халықты тығырықтан алып шығуда ерен еңбек атқарған азаматтардың кемел бейнесін, сөз өнерінің айтулы өкілдерінің өнерпаздық болмысын сомдауда парасаттылық танытты. Ресей отаршылдығына қарсы күрескен атақты батыр Сырым Датұлының өршіл намысын, дұшпанға бас имеген рух асқақтығын «Сырым батыр» толғауында «…Қор болғанша ер жігіт, Кеткені жақсы дүниеден. Ар, намыстан айрылмай, Шаһиті болып заманның» деп жеткізді.
«Ала ту Абылайдың ала аттансаң, Аламан артындағы біреуі мен» деп білген Шәңгерей Бөкейұлының азаматтық болмысын «Жиһангер ханның немересі сұлтан Шахингерей Сейдыгерейұлына» өлеңінде айшықтады.
Қайраткер, алғашқы қазақ драматургтарының бірі Ишанғали Меңдіханов опатына «Меңдіханов Ишанғали қазасына» жоқтауын арнап, егілді. «…Ер едің қанды жүрек жеке туған, Елім деп ерте оянып белін буған. Жоқтаусыз ел намысы кетпесін деп, Аямай шыбын жанын қылды-ау құрбан».

Ғұмар Қараш (1875-1921)
             Ғұмар Қараш
               (1875-1921)

       Ата тарихындағы ерлік пен өрлік тағылымын, арда тұлғалардың кемел істерін дәріптеген Ғұмар Қараш ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның құрметіне орай кенже ұлына Әлихан есімін берді. Барша исі қазақ баласы ардақтаған Алаш ардақтысының қайраткерлік болмысын «Ғ…ға» (1918) өлеңінде бейнеледі.
Ақынның «Ғ…ға» өлеңі қазақ сөз өнерінде Әлихан Бөкейханның тарихи тұлғасын сомдауда алғаш қадам жасаған Көкбай Жанатайұлының «Қарағым, жалғызымсың қазақтағы», Ахмет Байтұрсынұлының «Достыма хат», Сұлтанмахмұт Торайғырұлының «Әлиханның Семейге келуі» мақаласы, «Таныстыру» поэмасы, Әріп Тәңірбергенұлының «Міржақып Дулатұлы мен Әлихан Бөкейханұлына» өзге де елім деген ерін қадірлеген дарындар өлеңдерімен қатар аталатын құнды мұра.
«Ірі жұмыс қолға алып,
Айға шапқан арыстан.
Таза жүрек, ақ пейіл,
Терең ақыл, данышпан,
Тайғақ кешу жерлерде.
Тар қапулар келгенде,
Ұлт намысын қолынан,
Жібермеске шалысқан» деп Ғұмар арыстандай айбатты тұлғаның ұлт намысын қолға алған кемеңгерлігін ақындық шабытпен тебірене жеткізеді.
Отаршылдармен «тізгін бермей қарысқан» текті ата ұлының «ақиық айқын ерлермен» теңдік пен азаттық жолындағы «белсеніп шығып алысқан» жанкешті қызметін батырлар жырының дәстүрінде безбендейді.
«Қалың бауыр жұрты үшін,
Жасанған қолды бұзам деп
Жарып өтіп озам деп
Тізгін бермей қарысқан.
Жүлдені қалай берем деп,
Жатқа не деп ерем деп,
Ақиық айқын ерлермен,
Белсеніп шығып алысқан.
Екі сөзді білмеген,
Сер көңілді серекпен
Серт байласқан жерінде
Ұрандасып табысқан.
Алдаспанын асынып,
Айбарын да асырып,
Мұздай болат киініп,
Аруаққа сиынып,
Қабағыңнан қар жауып,
Қадамыңнан қан жауып,
Шығар болсаң көңілім,
Қарсы тұрар қай дұспан?!».
Ғұмар Қараштың «Түс» өлеңінде Әлихан Бөкейхан және оның мұраттас серіктерінің тарихтың қиямет-қайым талқысында тұралаған әлеуметті отаршылдық қысым тамұғынан арылтып, азаттық өріне жетелеудегі тарихи миссиясын жеткізеді. Мақшар күнінде таразыға тартылған қылбұрауда имансыз пысықайлардың тамұққа айдалып, ұлтына ақ адал қызмет еткен тұлғалардың екі дүниедегі орыны жұмақ болары екшейді.
Тарих толқынының талқысында тұралаған, тамұқта есеңгіреген қазақтың адасқан көшін елдікке бастаған Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның ерен ісі дәріптеледі. Сағым қуған қияли санадан арылу, елдік қасиетті сақтауға қажыр-қайратын салып жүрген Алаш арыстарын қолдау басты орынға қойылады.
«…Тани кетті ділмәрім,
«Әлекем ғой анау!» деп,
«Әулет сүйген ерлердің
Дәрежесі сол-ау! деп
Пәлсапасын соғады.
«Ақиқаттың жолында
Жан қинаған ерлерге,
Не болса да, жол-ау» деп…»
Қазақ көшін елдікке бастаған тау тұлғанының қадір-қасиетін жете сезінбеген тобырлық сананы сынға алып, анық пен танықты, жақсы менен жаманды айырмаған жетесіздіктен арылуға ой салады.
Отаршылдық езгінің қиямет-қайымынан арылтып, азаттық пен тәуелсіздік өріне жетелеген Әлихан Бөкейхан және оның үркердей ғана сенімді серіктерінің саяси ұстанымдарынан бір табан шегініс жасамаған адалдықтарын жеткізеді.
«…Маңдай алған бағыты,
Ұжмақтың жолында.
«Алаш» сөзі жазулы
Ұстаған ту бар қолында.
Алғы сүндет, гимназист,
Оңы менен солында…
…Үркердей топтанысып, сауық құрып,
Келеді құлақ салып тартқан сазға…»
Ұлтының намыс туын ұстап, саяси теңдігі мен азаттығы, рухани кемелділігі үшін тарихи қызмет атқарған Алаш ардақтыларының ерен еңбегін Ғұмар Қараш тебірене жеткізеді.
«Ұстаған қолдарында жарлығы бар,
Жазылған алтын потал ақ қағазға.
Тігілген киіз үйдің рәсімі тұр,
Көз салсам алдындағы бір қағазға.
Жолдасым жөн сілтейді, маған енді:
«Сөз жазған жазушылар бұлар» дейді.
«Сарыарқа», «Ұран», «Қазақ», «Бірліктерден»,
Шығарып жол көрсеткен солар дейді.
Көрсетіп қолыменен анау рәсім,
Киіз үй мағынасын кім ұғар дейді.
«Халқының көзін ашқан сабаздардың
Әлбетте орны ұжмақ шығар» дейді».
Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Елдес Омарұлы, Есенғали Тұрмұхамедұлы, Ғабдолхамит Жүндібайұлы, Ғазымбек Бірімжанұлы түзген «Алаш» партиясының бағдарламасының жобасындағы» мемлекетшілік ұстанымға негіздеген саяси тұжырымдамаларды Ғұмар Қараш әлеуметтік лирикасымен көркемдік танымда жаңғыртып отырды.
«Алаш» партиясының бағдарламасының жобасындағы «Мемлекет қалпы», «Жергілікті бостандық», «Негізгі хұқық», «Дін ісі», «Билік һәм сот», «Ел қорғау», «Ғылым-білім үйрету», «Жер мәселесі» бөлімдеріндегі мемлекетшілдік ұстындар Ғұмардың «Көреміз бе?», «Жұртым саған не болды» өлеңдерімен ұлт санасына құйылды.
«Көреміз бе?» өлеңі Алаш Орда үкіметінің тәуелсіз мемлекет құру талаптарынан туындайтын саяси, әлеуметтік, экономикалық, құқықтық шарттарын өткір жырлауымен ерекшеленеді.
«Алдын — артын мейлінше байқап алып,
Төңіректе не бар, не жоқ көзін салып,
Өз тізгінін қазақ ұлы өзіне алып,
Өз алдына жұрт болғанын көреміз бе?

Жас буынға жаңа таза білім беріп,
Надандықты терең қазып жерге көміп,
Қазақ-тағы өзі күнін өзі көріп,
Өз алдына ел болғанын көреміз бе?».
Қай істе болмасын дос пен дұшпанын айыратын Алаш перзентінің мерейі қашан да үстем, өзгелерден еңселі болуы үшін оқу-білімнің тереңдігі, береке-бірліктің жоғарылығы, ұлттық сана-сезімнің асқақтығы, саяси бағыт-бағдардың айқындығы, елшілдік және діни имандылық ұстанымдарының нақтылығы қажет. Осындай іргелі шарттарға иек артқан, оны ұстанған ұлттың алар асуы, шығар биігі зәулім болмақ.
«Оқу жұрты даярланып жеткендігін,
Жалпы оқуды қазақ міндет еткендігін,
Қазақ ұлы озат шығып кеткендігін,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Талас қойып ынтымаққа кіргендігін,
Бір жолменен бір бағытқа жүргендігін,
Дос-дұспаны кім екенін білгендігін,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Жалқаулықты, бос жүрісті тастағанын,
Орынсызға дәулет мүлкін шашпағанын,
Керек жерде бойды балап қашпағанын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

Әулие деп көрінгенге бас ұрмауын,
Дін деп қорқып ақиқатты жасырмауын,
Ешнәрсені өлшеуіне асырмауын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?».
Ұлттық бірлікті еселеу, мемлекеттігімізді нығайту өткір қойылып отырған қазіргі тұста аталған өлеңде көтерілген саяси-идеологиялық мәселелер қашанда санаға тоқылар ұлағат деп білеміз.
Тәуелсіздіктің басты сипаты — мемлекеттік істердің ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі, өз жерінің қазба байлығын халық игілігіне жаратуы десек, осынау кемелділікке жетудің жолдарына қатысты ғасыр басында-ақ Ғұмар келелі ойлар түйеді.
«Өз жерінен шыққан кенді өзі алғанын,
Әдемілеп айқұш — ұйқұш жол салғанын,
Еуропаның өнерінен үлгі алғанын,
Тірілікте көзімізбен көреміз бе?

«Алаш» атты орда құрып шалқығанын,
Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын,
Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,
Тірлікте көзімізбен көреміз бе?!».
Қазақ рухын асқақтату, өзіндік ұлттық болмысын сақтау және әлемнің дамыған елдерінен үлгі алуға шақырған Ғұмар Қараш арманы барша Алаш орда қайраткерлерінің ел алдында өтеу ісіне деген парыз бен қарыз ұғымына ақтық демі таусылғанша адал болып өткенін танытады.
Түйіндей айтқанда, Отан тарихында өшпес із қалдырған Алаш арыстарының тарихи ерен еңбектері, жасампаздық ғұмыры рухани кемелділік тұрғысынан барынша насихатталуы керек. Туғанына 140 жыл толып отырған Ғұмар Қараш шығармашылығымен қатар Алаш автономиясының 100 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы қарсаңында атқарылатын игілікті іс-шаралар ұлттық ұйысу мен елшілдік рухтың жаңғыруына қызмет ету қажет деп білеміз.

Сағымбай Жұмағұл
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры,

“Алаш” мәдениет және рухани даму

институтының ғылыми қызметкері.