Ұлттық нақыштағы архитектура Астананы ажарландыра түсер еді…
«Бағаналы ордам — басты ордам» туралы «әттеген-айлардың» жалғасы тағы да сол қала құрылысы төңірегінде өрбитін болады. «Біткен іске сыншы көп» десе де, алысқа аты кетіп жатқан Алаштың байтағы бар қазақтың маңдайдағы жұлдызы болып қалмақ. Сондықтан көзге көрініп, көңілге селкеу түсірген жайттар туралы сөз қозғамау, пікірталасқа бармау азаматтығымызға сын деп топшыладық.
Құрылыс нысандары атаулары шұбарланып барады
Бұл күндері қарқынды дамып келе жатқан елордамыздағы халықтың саны да, құрамы да «бұрынғы әндерден» өзгешерек деп айтуға болады. Қала тұрғындарының саны 1 миллионға жеткендігі туралы ақпаратпен жете танысқан адамдар, сол миллион адамның 85 пайыздан көбі қазақтар екендігін де жадында тұтқаны жөн. Алайда халқымыздың саны басым тұрған алып шаһарымыздың қазақы атаулармен әрленіп келе жатқан көшелерінде өзге тілдермен аталатын құрылыс нысандары да көп. Өз қолымызбен салып жатқан өз қаламызда құрылыс алғаш басталған кездерде көптеген нысандар қазақша аталып, тәп-тәуір салынғанымен, бертін келе «жүрісінен жаңыла бастады». Бұл туралы кезінде Бекболат Тілеухан мырза Парламентте айтқан болатын. Ол жанайқай сол күйі аяқсыз қалды. Мына атауларға көз жүгіртіңіз: Expo Boulevard (Экспо Бульвар), Триумфальная Арка, Family Town (Фемили Таун), Времена года, 7Я (Семья), Expo Boulevard (Экспо Бульвар), ART House (Арт Хауз), BI City (Би Сити), Лазурный Квартал, Park Avenue (Парк Авеню), Promenade Expo, Сезам, Премьера, Garden Village (Гарден Виладж), Парижский квартал, Comfort Town (Комфорт Таун), Viva Plaza (Вива Плаза), BI Village (BI Village Deluxe), Family Village, Верный, Deluxe Town, Alanda… Бұлардың арасында кейде Sultan apartments деген секілді атаулар да кезігеді. Бұл туралы сұрақты Тіл басқармасының құзырына қалдыра тұрғаннан басқа амалымыз да жоқ.
Алысқа бармай, ажары таяр нысандар
Ел экономикасы аяққа тұрып, қазақ елі жан-жағына қарай бастағаннан-ақ Астананың іргесі жылдам кеңейе берді. Тұтас қала аумағында қайнаған еңбек күндізтүні толас тапқан жоқ. Осы жұмыстың бел ортасында шетелдің танымал құрылыс компанияларымен қоса отандық компаниялар да тәжірибесінің аздығына қарамастан, жарыса шауып бара жатты. Бір өкініштісі – осындағы құрылыс салу міндетін арқалап, мемлекеттік тендерлерді «ұтып алған» компаниялардың «бас-аяғына» бажайлап қараған үкімет болған жоқ. Құрылыс саласынан түк хабары жоқ адамдар да зәулім үйлерді салуға білектерін сыбанып кірісіп жатты. Көп өтпей-ақ сапасы сыр берген үйлердің қатары арта бастады.
Былайғы жұрт тағы да «соқыр көргенінен жазбайды» дегенді еске түсіргендей етіп, Кеңес үкіметінің сапалы бетондарын сағынышпен еске алатын болды. Оған нанбасқа да шара жоқ. Ескі қаладағы 30-40 жыл болған үйлердің іргетасына қылау түспей тұрғанда, жаңа салынған үйлердің іргелерінің бетоны босай бастағаны рас еді. Бұған қоса құрылыстардың сыртқы қабырғаларын әрлеу жұмыстарында да көптеген қателіктер орын алды. 2004-2010 жылдар аралығында, құрылыстардың сырты Алюкобонд деп аталатын, ортасы пластик, екі жағына жұқа алюмин жабыстырылған тақтайша материалмен қапталды. Әртүрлі реңдермен боялған бұл өнімнің сыры 20 жылға «еш өзгермей жетеді» деп сипатталса да, бірер жылда оңа бастады. Бұдан да сорақысы, аса жанғыш материал болғандықтан, қалада талай-талай ірі өрт апаты орын алды. Сөйтсек, Германия стандартымен жасалған Алюкобондтың ортасы отқа төзімді құм араласқан материалмен жасалатын болса, біздің қолданғанымыз Қытайдан әкелінген, жәй пластиктен жасалған Алюкобонд болып шықты. Сөйтіп, оның да «минусын» тауып алған Астана, ендігі жерде үйлердің сыртын сәндеуге қыш тақтайшаларды қолданатын болып шешім қабылдады. «Өзімізді қамтамасыз етеді» деп күтілген Талдықорғандағы керамогранит зауытының жұмысы ұзаққа бармай тоқтады да, Астанаға қажетті қыш тақтайшалардың барлығы Қытайдан әкелінді. Ал соңғы бірнеше жылдан бері қыш тақтайшалар ішкі әрлеуге ауыстырылып, оның орнын травертин деп аталатын материал басты. Бұл материал үшін көрші Қырғыз Республикасына «құда түсуге» тура келді. Ирандағы сапалы травертиндерді әкелуге АҚШ-тың салған санкциясы кедергі болып, халықаралық ақша аударымы мәселесі тығырыққа тірелгендіктен, Иран травертиндері Астанада аса көп қолданыла қойған жоқ. Осында аталған үш түрлі материалдың үшеуі де бірнеше жыл өткенде реңінен айырылатын болып шықты. Қазір елорда төрінде бозарған үйлер молайып бара жатыр. Ал шетелге кеткен қаржының есебі туралы зерттеу жүргізуді Есеп комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне қалдыра отырып, бұл жайлы сөзімізді аяқтаймыз.
Жолдарға жұрт көңілі толар емес
Қала құрылысы қарқынды дамып жатқан кезде тұрғындар Астана жолдарының тым тарлығына, көп өтпей мұнда Алматыдағы секілді кептелістердің орын алатындығына алаңдай бастады. Ол қазіргі күнде шындыққа айналып үлгерді. Тұрғындар: «Осыншама кең далада, жаңадан салынып жатқан қалаға жолды кең етіп салуға мүмкіндік бар ғой, неге осыншама тар?» — деп ренжулі. Бұл жөнінде сәулетші Аманжол Шәймерденұлы Чиканаев ағамыз «Жапон сәулетшісі Кисе Курокава мырза халық санын межелеуде қателік жіберіпті» депті бір сұхбатында. Бұл туралы сәулетші ағамыздан асырып айтуымыз мүмкін емес. Алайда ендігі салынып жатқан жолдардың да кеңдігіне көңілдері толмайтын адамдар көп. Оған қоса жолдардың сапасыздығын да айтуға болады. Жыл сайын маусым айы туа бере, қаланың кейбір көшелеріне асфальт төселе бастайды. Ал енді аяқтың астында үгітіліп жатқан қазынаның қаражатына жанашыр табылса қанеки? Біреулер жолдағы асфальттың жылдам тозып жатқандығын көліктердің шеге қадалып жасалған қыстық дөңгелектерінен көреді. Десе де асфальт төсеу кез келген көшеге бұйырмайтын «бақ». Бұл жағынан Нұрғиса Тілендиев даңғылының «шекесі шылқып тұр». Бұл жолдың күтімін қала тұрғындарына кеңінен танымал әзірбайжандардың компаниясы өз мойындарына алған сыңайлы. Жыл аралатып қырып тастап, қайта қатырып отыру «дәстүрін» үзбей келеді. Ал Әліби Жангелдин секілді «бомбадан қалғандай» болған талай көшемен адамдар ақырындап жүріп жатыр. Осы тұстан сөзімізді доғара тұрып, әкімдер ауысқанда ізін суытпай ауысып отыратын бордюрлар туралы әңгімені ішке жұта тұрсақ та, жол шетіндегі су ығыстыру жүйесінің көңілдегідей еместігін айтпай кетсек болмас. Астаналықтар жаңбырдан кейінгі су жайылған көшелерге қарап тұрып, тағы да жол жасаушыларды кінәлап жатады. «Мұнда көзбояушылық пен парақорлық орын алған» деп сөгеді, балақтарын тізеден түріп алып, лай судың ішінен көліктерінің нөмірлерін іздеп әуреленеді.
Болашаққа бет алған бас қаламыздың ұлы істеріне «улы тілімізді» қадағанымыз да болашақ үшін деп түсінген жөн. Себебі Астана «Мәңгілік Елдің» жүрегі болып қалмақ. Сондықтан оның ақаусыздығы барлығынан маңызды десек, артық айтқандық болмас. Ал көзге ұрар кемшіліктерді тізе берсек, сөз аяғы талайға созылатыны сөзсіз. Кейбіреулер Астананың жасыл желегіне сын айтып жатса, екіншілері тазалығына кінә артып жатады. Қаланың қымбатшылығына қынжылатын адамдардың уәжіне құлақ түрсең, «егер мемлекеттің қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпей, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда ұсталса, іріліұсақты ұрыларға тыйым болса, мына секілді Астанадан екеуін салуға болар еді» деп бір кетеді. Біз де ел аузында жүрген сөздерді өзімізше пайымдауға тырыстық. Қалғанының кесімін болашақ айтатын болады.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ