ЖАҢАӨЗЕН КӨШЕЛЕРІН ЗАЛАЛСЫЗДАНДЫРУДЫҢ ҮШІНШІ КЕЗЕҢІ ЖҮРІП ЖАТЫР

Бұл туралы өңірлік коммуникация орталығына Жаңаөзен қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы Сүйіндік Мұхаммедов мәлім етті.

Оның айтуынша, вирустық инфекциясының таралуын алдын алу мақсатында қала аумағын залалсыздандыру мақсатында бастапқы кезеңінде бюджеттен 11 млн 400 мың теңге бөлінген. Залалсыздандыру жұмыстарын «Дезинфекция» мемлекеттік мекемесі жүргізеді.

«Осы шілде айына бюджеттен 3,9 млн теңге бөлінді. Яғни, үшінші рет дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Оған 31 қызметкер жұмылдырылды. Қатарында бір дезинфекционист-дәрігер, дезинструктор және дезинфектор мамандар бар. Олар бүгінгі күнге дейін төрт жеңіл көлікпен жүріп, қаладағы 232 тұрғын үйдің аумағына және жертөлесін ерітіндімен өңдеп шықты. Санитарлық дезинфекциялау жұмыстарын тамыз айында да өткізу жоспарланып отыр», — деді ол.

Сондай-ақ, қалада жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталып кеткен.

«Баспаналардың инженерлік жүйелерін ауыстыру, жалпы ғимаратты жөндеу жұмыстары пәтер иелерінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл жайлы тұрғындарға түсіндірілді. Қазіргі уақытта 80 тұрғын үйде 40 мың 376 шаршы метр тозығы жеткен жылу құбыры жаңартылды. Бұдан бөлек арнайы іс-шаралар жоспары жасақталды. Оған сәйкес 262 тұрғын үйдің жертөлесіндегі инженерлік желілердің жылу тораптарына ревизиялық тексеру жасалды. Ал гидропневматикалық сынақ жұмыстары мамыр айында жүргізілді. Анықталған ақаулар бойынша құбырларды ауыстыру жұмыстары басталып кетті» — деді С.Мұхаммедов.

Бүгінгі таңда Жаңаөзенде 262 көпқабатты тұрғын үй болатын болса, оның 92-сінің тозығы жеткен. Тағы екі үй апатты жағдайда тұр. Олардың ішінде 40 баспананы бұзуға, тағы 52-сіне күрделі жөндеу жүргізу қажет. Бұл бағытта шаһарды әлеуметтiк-экономикалық дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында кешенді іс-шаралар атқарылуда.

Мәселен, «Шаңырақ», «Шұғыла» және «Самал» шағын ауданында галерия типтегі 27 көпқабатты тұрғын үйді қалпына келтіруге «Самұрық Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды қолдау қоры демеушілігімен 257 млн теңге қаражат бөлініп тұр.

Сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында төрт тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданған. Жергілікті бюджеттен Самал ш/а 21, Көктем ш/а 20,21,1а тұрғын үйлерді қалпына келтіруге де өтінім жіберілді. Оған бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда қайтарымды қаражат есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

НГДУ-1 өндірістік мекеменің демеушілігімен «Самал» шағын ауданының абаттандыруға келі көк түсті бояу мен 70 келі әк алынған. Кондоминиум объектісін басқару органдарымен бірлесе мұндағы көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберісі, ойын алаңқайлары, ағаш түптері, орындықтар мен қоршаулары сырланды.

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ КОММУНИКАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ