КӨСЕМ – АНТИКӨСЕМ

ПӘЛСАПАЛЫҚ ТОЛҒАУ Көсем — егемендігі жойылып, өзі езіліп, азаттығының құндылығы құлдыраған халықтарды аман алып шығып, егемен ел қылатын басты фактор. Оны тарих әлдеқашан мойындап, талай рет дәйектеген. Көсем – езілген халықтың азат болу жолындағы басты баскері, жол бастаушысы, шамшырағы, рух берушісі. Кез келген халық осы фактор арқылы аман қалып, кейін ұлы халыққа айнала алады. КӨСЕМ. «Көсемді» біздің халық көбіне лидер деп ұғады. Бір жағынан оның дұрыстығы бар, бірақ толық емес, өйткені көсем бар болғаны рухани лидер, ол саяси ахуал орнағанда саяси лидерге айнала алады. Лидер демекші, осы сөзді қазаққа бұрмалап тастады: «көшбасшы» дейді. «Лидер» ұғымының басшыға ешбір қатысы жоқ. Ол бастық,басшы емес, кез келген құбылыс пен оқиғаға қатысты топтың басы, халық үшін тарихи шешуші мезеттің ұйытқысы. Көсемнің қолында құзыр мен ресурс болуы міндетті емес, керісінше оның бойында халықты соңынан ерте алатын пассионарлық, харизмалық қарым-қабылет пен күш-жігер болады. Көсемді алға жетелейтін бір ғана мақсат – халқына Азаттық әперу. Махатма Ганди, Мұстафа Кемал Ататүрік, Нельсон Ролилахла Мандела, Ли Куан Ю секілді тұлғалар көсем критерийін толық қанағаттандырады. Нәтижесінде бұларды тарих та, халық та мойындап мақтан тұтады. Бір халықтың көсемі жалпыадамзаттық құндылыққа айналады. Оларға тарих пен халық ерекше есім береді. Махатма, Ататүрік, Мадиба — өз халықтары мақтаныш етіп қойған лақап есімдер. Нағыз көсем өз халқының қадыры мен қасиетін ғана емес, оның күші-жігері мен әлсіз жағын жақсы біліп, сараптап, соны азаттық жолына шебер қолданады. Көсем мен халықтың арасында сенімнен өрілген көрінбейтін нық байланыс орнайды. Міне осы байланыс халық игілігіне жарайтын адамды көсемдік қасиетке ие қылады. Оны өле-өлгенше көсемдік дағдыдан айырмайды. Көсем өз өмірін халыққа қызмет етудің құндылығына айналдырады. Одан басқа қызық пен мүдде басты көрсеткіш болудан қалады. Көсемнің бейнесі халық алдында оның шынайы қызметі арқылы қалыптасады. Ақыры — көсемдіктің басты нәтижесі ретінде оның халқы азаттыққа барлық жағынан қол жеткізіп, егемен елге айналады. Көсемі бар халық азаттыққа өзін лайықтайды, өзгереді, құлдық ұру оған жат мінезге ауысады. Осылайша көсемдік азат болған халықтың тұрпаты ретінде нәтижеге айналады. Көсемсіз азаттық қол жетпейді деген принцип осылайша көрініс береді. Ақыры көсем бейнесі ұлттың әкелік тұлғасына ұласады, содан халық жетімсіремейді, болашаққа жігерлене түседі. Көсем өлгенде ұлттың қасиетті де киелі ұранына айналады.Көсем халықты азаттыққа жеткізу жолында өз өмірі мен мүддесін құрбан қылуға дайын болады, қажет болса құрбан болады. Соны халықтың асыл мұратына өтеу етеді. Қазақ халқының бергі тарихында Әлихан Бөкейхан мен Мұстапа Шоқай тағдыры осыған мысал. АНТИКӨСЕМ. Бұл – көсемге мүлдем қарсы ұғым. Антикөсем халықтың азаттығын мақсат етпейді, көсем болуды мұрат етеді. Сол жолда халықтың мүддесі мен мұраты жұмсалады, шығындалады, тәрк етіледі. Ақыры Азаттық тәрк етіледі. Оның орнын алып тұлғалы антикөсемнің бейнесі басады. Бұндай салдарға жету жолында халықтың рухани-материалдық ресурсы мен әлеуеті құрбан болады, күш-жігері тапталады. Антикөсемге ие болған халықтың азаттығы сағымдай бұлдырайды, оның орнына диктатуралық өмір үлгісін мойындайды, соны жарқын болашаққа жеткізер деп өзі жұбатады. Соған шүкір етеді, соны азаттық ретінде қабылдайды. Антикөсем халыққа істеген ісін бұлдайды, оны еселеп қайтару оның дағдысына айналады. Ол есені антикөсем рухани да, материалдық жағынан да жармасумен «қайтарады». Бірақ салдары – нөл болып бітеді.Түрікпенстанның «көсемі» болған Ниязов, бірнеше ғасыр бойы қалыптасқан түрікпендердің руханиятын өз атынан қайта жазып шықты. Тіпті, ай мен апта атауларына дейін «өшін» алды. Соңы немен біткені – мәлім. Сол секілді талай антикөсем ұлттың тарихы мен рухани-саяси бастауын өзінен бастауға құмар. Соны басты руханият етуге тырысады, ұлттың руханиятын талан-тараж етеді, алайда тарих та, тағдыр да антикөсемнің ырқына бағынған емес. Шамасы, антикөсемнің мұраты — ол емес, ұлтты даму жолынан адастыру, өз жолын таңдаудан шатастыру, сол мақсатқа жетуде ұлттың барлық ресурсы мен әлеуетін рәсуә етіп, халықты өз ырқына тізе бүктіру. Тоғышарлық – антикөсемнің ұлттық иммунитетті жоюға бағытталған істерінің бір нәтижесі. Болашаққа бейжай қарау, жалқаулық, тоғышарлық, тойшылдық, бейғамдық, кездейсоқ сәттілікке сену – антикөсемді көсем тұтқан халықтың дарытқан «қасиеттері» мен «қабылеттері». Антикөсем дәуірінде халық жетімсірейді, оны кез келгені басынады, ресурсы мен әлеуетін қор етеді, ұлт мазақ болады, намысын жоғалтады. Антикөсем халықтың ғұмыр бойғы қадыр-қасиетін өз қызметінің нәтижесі етіп көрсетеді. Өзіне өзі аңыз бен ақиқат қалыптастырып, мадақтаудың басты нысанына айналып, жаңа есім тағайындайды. Оған басты дұшпаны түбінде өз халқы болып көрінеді. Бұның түбі – антикөсемді пір тұтқан халықтың бұл дәуірді сұмдық түс ретінде қабылдар шақты жақындата түседі… Елсерік