Елордалық жас сарбаздар ҚР Қарулы Күштері қатарына әскери қызметке аттанды
Олар Жамбыл облысында орналасқан әскери бөлімдерде қызмет етеді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының жиын пунктіндегі жас сарбаздар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына аттанды. Сарбаздар әскери ант қабылдағаннан кейін Жамбыл облысындағы әскери бөлімдерде қызмет атқарады. «Қарулы күштеріміз озық технологиялар және заманауи техникалармен кеңінен жабдықталуда. Сол себепті әскеріміздің қатарын жас сарбаздармен толықтыруды сапалы жүргізуге аса көңіл бөлінуде», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ерболат Жүсіпов. «Биыл Президент Қ.К. Тоқаевтың Жарлығы бойынша көктемгі әскерге шақыру науқанының өткізілу уақыты ұзартылып, азаматтарды әскерге жөнелту мерзімі тамыз айына дейін созылатын болады. Наурыз-мамыр аралығындағы болған елдегі карантин шаралары уақытында мерзімді әскери қызметке шақыру уақытша тоқтатылып, мамыр айының аяғында қайта басталды. Мамыр-маусым айларында Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара әскерлері мен Ұлттық Ұлан әскери бөлімдерін жас сарбаздармен толықтыру жоспарлы түрде орындалды», – Е.Жүсіпов. Оның айтуынша, әскери бөлім командирлерінен елордалық сарбаздардың үздік қызметтері мен елдің қорғаныс қабілеттілігіне қосып отырған еңбектері үшін алғыстар да жиі келіп тұрады. «Шілде айынан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінде қызметін аяқтаған сарбаздардың орынына жас толымды жөнелте бастадық. Шақырылатын жастарымыз Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдаушы әскерлер және Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскері әскери бөлімдері секілді элиталық бөлімдерге барады. Сонымен бірге механикаландырылған бригадалар мен Әуе қорғанысы күштері бөлімдерінде 18 бен 27 жас аралығындағы жастармен толықтырамыз», – деді Е.Жүсіпов.