Сапарбаев ауыл әкіміне — Әкім креслосы мұрагерлік бойынша берілмейді
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында Мыңарал ауылдық округінде болып, ақсақалдар және жергілікті тұрғындармен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады.
Кездесу барысында ауыл тұрғыны Гүлзағира Ешмағамбетова ауыл әкімі Зубаржат Қамиеваның жұмысын сынға алып, шенеуніктің сөзі мен ісі арасында алшақтық көп екенін ашына жеткізді.
Оның айтуынша, тұрғындар әкімнің өз орнын босатуын талап етуде. Өйткені ол бар мәселені шешпек түгілі, ауылдастарының сөзіне құлақ асқысы да келмейді. Егер елді мекеннің тағы бір тұрғыны Гүлдария Ақбасованың сөзіне сенсек, ауыл әкімі азаматтар арасындағы алауыздыққа ықпал етуде.
«Соңғы кездері әкіміміз арамыздағы қарым-қатынастарда көптеген келіспеушіліктер тудыруда. Оның жалғыз мақсаты — ауыл әкімінің орнынан айырылмау. Ауылдық Мәдениет үйі ұзақ уақыттан бері жұмыс істемейді. Алайда әкімнің туыстары сол жерден жалақы алуда. Бұл аз десеңіз, ол ауыл тұрғындарының жартысын қорқынышпен ұстап отыр. Бірақ шыдамының да шегі бар, біз енді барлық жаққа баруға дайынбыз», — дейді әйел.
Мыңарал ауылдық округі жанындағы Мыңарал станциясының тұрғыны Нағима Ақжолова соңғы 35 жылда ауылда ешқандай өзгеріс болмағаның алға тартады. Әйелдің айтуынша, әкім өзекті мәселелерді шешуде ешқандай бастама көтермейді.
«Ол көше дәретханасының мектеп ішінде орналасауы бойынша ешқандай жұмыс жүргізбеді. Зубаржат Қамиеваның әкесі 20 жыл бойы ауылдық округті басқарды. Өзі жеті жыл бойы әкім болуда», — дейжі ашулы тұрғын.
Ал, Ерлан Байжомартов шенеуніктің және Мыңарал ауылындағы қоғамдық кеңес төрағасының заңсыз әрекеттеріне наразы.
— Ауыл тұрғындары бірнеше рет әкімнің есеп беру кездесулеріне қанағаттанарлықсыз деген баға берді. Зубаржат Талғаткызы қаншалықты заң аясында жұмыс істеп отырғандығын тексерулеріңізді сұранамыз. Ауылда наразылық басталса болды, әкім кезекті демалысына немесе декретке шығып кетеді, — дейді Ерлан Байжомартов.
Жергілікті шенеуніктердің іс-әрекетін мұқият қадағап отыратын ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базарбай Бөкенов ауыл әкімінің басқару қабілетінің төмендігін және өз жауапкершілігін сезіне алмайтынын жасырмады. Ауыл тұрғындары ауыл әкімінің қызметін босатуын талап етуде. Бұл қарапайым халықтың басты талабы.
Тұрғындарды толғандырған барлық мәселелерді мұқият тыңдай келе, облыс басшысы жақын арада ауыл әкіміне қатысты мәселе өз шешімін табатынына сендірді.
-Әкімнің креслосы мұрагерлік бойынша берілмейді. Жеті жыл — ауылды абаттандыру, тұрғындарға тиісті жағдай жасау үшін жеткілікті мерзім. 2013 жылдан бастап әкім тек төрт ескі электр бағанасын ауыстырды. Сонда ауылдағы 96 бағанды ауыстыру үшін қанша уақыт қажет? Зубаржат Талғаткызы, сіз Президентке шағым жаздыңыз. Алайда, сіздің барлық әрекеттері заңға қайшы. Мұнда барлық шағымдарды тексеретін арнайы комиссия жібереміз. Егер заңсыз әрекеттер расталса, шенеунік заң аясында жауапкершілікке тартылады. Біз шағын ауыл тұрғындарының бір-бірімен араздасуына жол бермейміз, — деді аймақ басшысы.
Кездесуді қорытындылай келе облыс әкімі ауыл тұрғындары көтерген мәселелердің барлығы мемлекеттік бағдарламалар аясында шешілетіндігін тілге тиек етті.