Экология министрi Ақтөбедегі «Қазхром» зауытының өңірдегі қоршаған ортаны жақсарту жоспарын талқылады
«Қазхром» Ақтөбе зауытындағы қалдықтарды азайту және қоқыстарды ұқсату жұмысын жандандыруы керек – Экология министрлігі
Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүр. Онда ол «Қазхром» ТҰК Ақтөбе ферроқорытпа зауытының өндірістік алаңына барып, сондай-ақ өңірдегі ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту жұмысымен танысты. Бұл туралы ол өзінің Twitter-дегі парақшасында жазды.
«Мен Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүрмін. Бір күн бұрын «Қазхром» АФЗ-ның өндіріс алаңын араладым. Компания басшылығына N1, 2 цехтарының қалдықтарын 30%-ға азайту жөніндегі алған міндеттемелерін мүмкіндігінше тезірек орындау қажеттігін нұсқадым», — деп жазды министр жұмада.
«Сонымен қатар, «Қазхром» жалға алған мердігер компаниялардың жұмыстарды орындамауы салдарынан жинақталған қалдықтарды тиісті дәрежеде ұқсату үшін жедел шаралар қабылдауы керек», — деп толықтырды Экология министрі.
Министрдің айтуынша, осы және басқа да мәселелер министрліктің келесі аптадағы жиынында қаралады.
«Сондай-ақ облыстағы су ресурсының жағдайын, өңірдегі ирригациялық инфрақұрылымды құру және жаңғырту жұмысының барысымен таныстым. Өңірде бұл жұмыстардың оң нәтижесі білінеді: фермерлер жаңа жерлерді игеруде, жоңышқа егінін көбейтуде (жылына 4 рет өнім алады), шикізатты өңдеп, экспортқа жіберуде. Сондай-ақ, сүт фермаларын дамыту жоспарланған. Алдағы міндет — облыстағы суармалы жерлерді 32 900-ден 69,967 га-ға дейін ұлғайту» , — деді Мырзағалиев.