«ЖАСЫЛ ЕЛ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
Карантин уақытында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында Бейнеу ауданында 150 адам уақытша жұмыспен қамтылады. Тағы 30 жас маман тамыз айында қабылданады деп жоспарланған.
Бұл туралы Бейнеу аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Тұралы Жолышев мәлім етті.
“Биыл Бейнеу ауданында сегізінші еңбек маусымы басталды. Ауданымызда жоба 2013 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Әр жылдары атап айтқанда 2018 және 2019 жылдары бағдарламада 400-ге жуық жас маман уақытша жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда аталған бағдарламаның жастар арасындағы сұранысы мен қызығушылығы өте жоғары”,- деді ол.
Бағдарламаға 16-29 жас аралығындағы жастар 3 санат бойынша қабылданады.
1. Көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан жастар
2.16-23 жас аралығындағы жоғарғы оқу орнында және арнаулы оқу орнында оқитын студенттер
3. 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар.
“Жастар Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулыққа зиян тигізбейтін, күніне 4 сағатқа дейінгі жұмысқа тартылады. Қазір жоба аясында «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан «Жасыл желектегі» ағаштарды суарып, сыртындағы қоршауларды сырлау жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын бағдарламаға қатысушы жастардың ұйымдастыруымен әр аптаның жұма күндері «Алтыбақан аясында», «Көңілді мәре» және өзге де көңілді шаралар өткізілетін. Биыл карантинге байланысты бұл жұмыстар тоқтап тұр және карантинге байланысты жұмыс талаптары өзгерді. Санитарлық нормалар мен қауіпсіздік сақтау мақсатында жастардың бір жерде шоғырланып жұмыс істеуіне жол берілмейді. Олардың арақашықтықты сақтай отырып жұмыс істеуі, барлық жастардың бетперде мен қолғап киюі қадағаланады» — деді Тұралы Ботақараұлы.
Ақпарат үшін
«Жасыл ел» жастар еңбек жасағы – жыл сайын жүзеге асырылып келе жатқан жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған жобалардың бірі.
«Жасыл ел» – Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. 2005 жылы
«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып еліміздің барлық аймағанда бөлімшелері ашылды.