Жамбылдың «Жасұлан және К» дәріханасындағы оқиға елді елеңдетті

Қазақтың қай даласы да мен үшін қасиетті, қадірлі ғой. Бірақ кіндік қаным Әулиеата топырағында тамғандықтан бұл өңірге бір емес екі бүйрегім де бұрып, жүрегім «ел» деп соғып, елжіреп тұрады. Төркін жұртым болғандықтан перзенті ретінде жақсысын асырып, жаманын жасыруға тырысамын. Алайда, жаманды жасыру керек екен деп жүгенсіздікке, жөнсіздікке, жетесіздікке көз жұмып қарап отыра алмаймын.

 

Өткенде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «СК-Формация» ЖШС-нің жұмысын сынға алып, қатаң тексеру жүргізу жайлы тапсырма берген болатын. Одан кейінгі оқиғаның қалай өрбігендігінен қалың жұртшылық хабардар. Осы жәйт дәрі-дәрмек саудасы төңірегінде жүргендер үшін үлкен сабақ болуы тиіс еді. Алайда олай болмай шықты. Халық пікірімен санасып, ашықтық, жариялылық принциптерін басшылыққа алған жанды көрмедік. Бұл сөзіме Жамбылдағы «Жасұлан және К» дәріханасындағы орын алған жағдай дәлел.
«Nur Otan» партиясының бастамасымен құрылып, құрамына партия мүшелері, қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері кірген арнайы жұмысшы топ дәріханалардағы дәрілердің бар-жоғын, бағасын зерттеп-зерделемек ниетте «Жасұлан және К» дәріханасына барады. Жұмысшы топ ішке кіріп мәселесін айтып, сауалдарын қойғанда дәріхана қызметкерлері жауап беруден бас тартып, күзет қызметіндегі күрзі жұдырық күзетші жігіт: «Бұл жекеменшік аумақ. Мұнда бейнетаспаға түсіруге болмайды», – деп журналистерді желкелеп дәріхана ішінен шығарып жіберген. Топ мүшесі Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғалидың табандылығының арқасында дәріхана басшылығы жұмысшы топтың алдына шығып, жауап беруге мәжбүр болған. Бұл туралы Эльмира «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп жазады: «Мырза-Ғали мәселе көтермесе, шу шығарған емес. Сондықтан сөздеріңізді шығын етіп менің басшыларыма шықпай-ақ қойыңыздар! Дәстүрге берік, принципке адал, ісіме жауапты екенімді, ең алдымен, өзім білемін. «Жасұлан» дәріxанасында болған рейд кезінде орын алған келеңсіз жағдайды қозғамай-ақ қояйын деп едім. Өздері сұранып отыр, қайтейін.

 

Астына тығып отырған бірдеңесі бардай біз кіргеннен алаөкпе болған дәріxана қызметкерлері «қожайын келгенше жауап бермейміз» деп қасарысып тұрып алды. Ал еңгезердей екі жігіт ағасын ілестіре келген өзін директордың орынбасарымын деп таныстырған Әмір есімді жігіт екі иығы селкілдеп, қалш-қалш етіп әзер басылды. Ол басылам дегенше, жандайшаптарының бірі Jambyl tv-ның журналисін желкелеп, партия филиалы басшысын көкірегінен итеріп шығарды.
Не керек, соңында Төле би, 16-дағы дәріxана меңгерушісі Индира Тұрсынбаева біздің сұрақтарымызға жауап берді. Жұрт іздеп жүрген дәрілердің біразы бар екен. Бағалары да көтеріліп кетпеген.
Дәріxана қызметкерлерінің зәресі зәр түбіне кетердей қожайындарынан қорыққанына таңым бар. Құдды бір, құл иеленушілік формацияда өмір сүріп жатқандай.Біз шығып бара жатқанда Әмір мені кешірім сұрағысы келіп тоқтатпақ болған екен, сөз мыжып тұруға уақытты қимай, қайрылмадым. Оған Уәли Болатбек куә.
«Жасұланның» қожайындары «ыңғайсыз» сұрақтардан қорқатын болса, ақшасын «Альфа-күзеттің» алыптарына емес, қызметкерлерінің коммуникативті қабілеттерін дамытуға жұмсасын! Қазір жұдырықпен сынасатын заман емес!»
Осы жазбаны оқығанда ақылым айран, ойым ойран болды. Әлгі дәріханаға журналист жеке өзінің мәселесін қозғап, қара басының қамын күйттеп барған жоқ. Барса жұртты толғандырған, көпшілікті қызықтырған сауалдың жауабын іздеп барды. «ҚР Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы» бойынша оның ақпаратты алуға, сұратуға, таратуға құқығы бар. Заңдық құқығын пайдаланып, жарғақ құлағы жастыққа тимей, індет кезінде халық үшін қажетті іліп алар жаңалық болса жеткізейін деп жүрген журналисті жекеменшік дәріхана күзетшісі желкелеп итеріп шығатындай кім еді?
Осы орайда дәріхана қожайыны көшедегі аттыға төбет итін айдақтап қарап тұратын есерсоқтың образын елестетті көз алдыма. Бұрын Шерағаң «Журналистің жегені жантақ» деп еді. Мына тойынған тентектер журналистің жегенін таяқ қылатын түрі бар. «Журналист – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Демек журналисті желкелеу – халықты желкелеп, кеудесінен итергенмен пара-пар надандық.

 

«Бір қызымнан бір қызым сорақы» дегендей бұл мәселенің екінші жалғасы жабырқаған жанымды одан сайын құлазытты. Қазақстан Республикасының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мадина Шиналиева дәрі бағасын зерделеуге шыққан топ өкілдерін «Бездельники» деп безілдепті. Мұны қалай түсінуге болады? Мемлекеттік қызметкердің әдебі, этикасы қайда қалды сонда? Оның ойынша жұмысшы топ елдің мәселесіне алаңдап емес еріккенінен аралап жүр екен дәріханаларды. Фармацевтердің ісіне кедергі келтіреді екен. Мықты болса осы ойын топ құруға пәрмен берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа неге айтпайды? Бірақ Шиналиева деген шіркіннің осы сөзі арқылы Бердібекті де «бездельниктер» қатарына жатқызып тұр ғой. Себебі, бұның алдында Бердібек Сапарбаев та өңірдегі бірқатар дәріханаларды аралап, тексеріп шыққан болатын. Бұл туралы да Эльмира Мырза-Ғали өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды.
«Фармация деген салада иегінің астындағыны көрмейтін «әбден тойынғандар» отыр ма деймін. Өткенде ғана Президенттің пәрменімен бұл «балықтың» басын алып тастап еді, енді өңірдегі «қанат-құйрықтары» сыр беріп жатыр. Әйтпесе, денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің облыстағы департаментінің басшысы Мадина Шиналиева дәрі бағасын зерделеуге шыққан топ өкілдерін қалайша аузы барып «Бездельники» дейді?
Кешегі «Жасұлан» дәріxанасында болған келеңсіздіктің анық-қанығын алдыңғы постымда жазған болатынмын. Облыстық #jambyltv телеарнасынан көрсетілген сюжеттен де көрермен істің ақ-қарасын айырып отыр. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» демекші, сол бейнематериалды біздің газеттің тілшісі Кирилл Бердецкийдің ватсаптағы статусынан көрген М.Шиналиеваның «реакциясы» қайран қалдырады.
Олай болса, фармация комитетінің облыстағы департаментінің басшысы, дәріxана аралап еріккен «бездельниктермен» танысыңыз: Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев, «Нұр отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Тулебаев. Және осы азаматтардың бастамасымен топқа біріккен қоғам белсенділері.
Ал маған қатысты тағы да «Адамдар шыбынша қырылып жатқан ауруxанаға неге бармайды, қорқады ма?» депсіз. Ол жерге кіруге рұқсат болса, барар едім. Несіне қорқамын? Солардың қырылуына жол берген дәрінің үстінде отырған сіздейлер қорықсын!

P.S «Жасұлан» дәріxанасы туралы бейнесюжет Шиналиеваның шымбайына неге батты екен? Әлде дәріxананың қожайындарымен жақындығы бар ма?»
«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» дейді қазақ. Әлгіндей әпербақандарды әдепке шақырады деген мекеме басшысы орынбасарының сөзінің сиқы мынау болса, мұңымызды кімге барып шағамыз?! Қатаң карантин кезінде «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілуге» айналған шақта журналисті желкелеп, белсенділерді «бездельникке» теңеп, жүйкемізді жұқартуда. Меніңше, бұл жайтты бұлай бей-жай жауапсыз қалдыруға болмайды. Қоғам болып қарсы тұрып, тамырына балта шаппасақ «осылай жасауға болады екен» деп ертең тағы бір есерсоқ шығады. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде бұған көптеген пікірлер айтылды. Соның ішінде белгілі журналист, жазушы, облыстық мәслихат депутаты Мейрамбек Төлепберген: «Бұл жай мәселе емес. Тәртіпсіздік деген де емес. Есерсоқтар мен бетімен кетудің сорақы түрі. Көргенсіздерге қарсы қоғамдық күрес жүргізу керек.» депті. Толық қолдаймын. Мен бұл мәселеге облыс басшысы, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың, құзырлы органдардың, Журналистер одағының білек сыбана кірісуін талап етемін. Себебі біз журналисті қорғау арқылы халықтың сенімін, үмітін, мінберін қорғаймыз. Ал қорлау арқылы осы қасиеттерін аяқасты етеміз!

Түйін немесе «Nur Otan»
партиясы неге үнсіз?!

Бұл оқиғаға өңір басшысы Б.Сапарбаевтың барынша көңіл аударуы қажет деп білемін. Себебі «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы да Бердібек Мәшбекұлының өзі ғой. Ендеше неге Сапарбаевтың пәрменімен құрылған жұмысшы топтың әрекетіне әлдекімдер кедергі келтіріп, мұрнын шүйіріп, төбесінен қарауы дұрыс па? Белсенділерді «бездельникке» теңеген М.Шыналиеваның партиялық жауапкершілігі бюро отырысында неге қаралмайды? Әйтпесе бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйінде қалатын тәрізді. Біз аталған жайтты жіліктеп жазып, қос сайтқа салдық. Тырс еткен үн жоқ. Халық үніне құлақ асатын, еститін үкімет қайда? Қараша халықтың қамымен қатаң карантин кезінде іске кіріскен жұмысшы топтағы партия мүшелерінің, журналистердің, қоғам белсенділерінің абырой-беделі аяққа тапталып жатқанда да жауап қатпағанын түсіне алмадым…

Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері