Теміртауда зиянды шығарындылардың азаюына қатысты мониторинг жалғасуда
ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Теміртауда табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыруға қоғамдық бақылауды күшейтуге уәде берді. Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ведомство басшысы металлургтер қаласының экобелсенділерімен кездесті. Оның назарына металлургия және химия өндірістеріндегі экологиялық жобалар ұсынылды.
Естеріңізге сала кетейік, Теміртауда 2019 жылы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша ауқымды жоспар әзірленді. Ластаушы кәсіпорындар өндірісті жаңғырту және заманауи технологияларға көшу бойынша міндеттемелерді өз мойнына алды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен меморандум жасасты. Құжат атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын 2024 жылға дейін 30%-ға қысқартуды қарастырады.
— Бүгін Қарағанды облысының әкімімен «АрселорМиттал Теміртау» және «Теміртау электрометаллургиялық комбинаты» кәсіпорындарына бардық. Теміртауда ауадағы зиянды заттар концентрациясының артқаны баршаға белгілі. Бұл ретте «АрселорМиттал Теміртау» ғана жылына шамамен 250 мың тонна шығарындылар көлемін жасайды. Өткен жылы біз компанияның жаңа басшылығымен шығарындылар көлемін міндетті түрде азайтуды қамтитын меморандумға қол қойдық. Компания шығарындылар деңгейін төмендету, өндірісті қайта жабдықтау, газға көшу, оның ішінде ЖЭО және басқа да қуаттар бойынша бағдарламаға инвестиция салуға дайын, — деді Мағзұм Мырзағалиев.
Меморандумда компания шығарындыларды 50 мың тоннаға азайтуға міндеттенді, деп атап өтті ол. Сондай-ақ, Қарағанды мен Теміртау арасында 500 мың ағаш отырғызып, қала айналасында «жасыл» белдеу жасайды деген уағдаластыққа қол жеткізілді.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Биджу Наирдің айтуынша, коронавирус пандемиясы экологиялық бағдарламаның орындалуына айтарлықтай әсер еткен.
— Қазір Қазақстанға шетелдік техникалық сарапшыларды әкелу қиын. Бірақ біз бұл мәселені жұмысты қашықтан бақылау үшін ең заманауи әлемдік технологияларды қолдану арқылы шешеміз. Біз экологиялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», — деп сендірді ол. — Бүгінгі таңда аглоөндірістегі ең үлкен сүзгіні салу жұмыстары қарқынды жүріп жатқанына көз жеткізуге болады. Жобалардың 75%-ы жалғасуда. Біз табиғи газды көбірек пайдаланғымыз келеді, бұл шығарындыларды азайтады.
Министрдің қала экобелсенділерімен кездесуінде қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды. Мағзұм Мырзағалиев кәсіпорындардың табиғат қорғау іс-шараларын іске асыруы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілетінін хабарлады.
Жалпы, министрдің айтуынша, өңірдегі жағдайды жақсарту бойынша жұмыс жүйелі түрде министрлікті, өңір билігін және негізгі ластаушы кәсіпорындарды ғана емес, сонымен қатар жұртшылықты, экобелсенділерді де тарта отырып жүргізілуі тиіс.
— Біз таяу уақытта қабылдануы қажет негізгі шараларды көрсете отырып, экологиялық жағдайды жақсарту үшін бүкіл Қазақстан бойынша жол карталарын әзірлеудеміз. Экологиялық күрделі проблемалары бар Қазақстанның әрбір ірі қаласында барлық қоғамшылдарды жол карталарын талқылауға тартамыз. Осындай Жол картасын Қарағанды облысы бойынша да, соның ішінде Теміртау бойынша да дайындауды жоспарлап отырмыз. Қаланың барлық жанашырларын азаматтары мен қоғам қайраткерлерін кәсіпорындардың өңірдің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі өз міндеттемелерін орындауын бақылауға қатысуға шақырамыз, — деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.