Елордалық үш оқушы беделді математикалық олимпиадада күміс жүлде иеленді
Американың математика қауымдастығы (MAA) мен AOPS халықаралық платформасы өткізген Cyberspace Mathematical Competition олимпиадасында қазақстандық оқушылар ел намысын абыроймен қорғады, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты. Қазылар алқасына америкалық математик, көптеген кітаптар мен жарияланымдардың авторы, MIT профессоры Yufei Zhao төрағалық етті. Қазақстан құрамасы бір алтын, үш күміс, екі қола иеленіп, командалық есепте 20-орын алды. Айбек Мырзатай алтын, Қасым Мұханбетияр, Данат Дүйсенбеков, Марлен Раушановтар күміс, Дильназ Уалиева мен Нұртас Шынтас қола жүлдемен жеңімпаздар қатарынан көрінді. Сондай-ақ Батырхан Сәкенов мадақтама қағазын иеленді. «Онлайн режимде өткен олимпиадаға 80 ел қатысты. Біздің арнайы платформаға жүктеген тапсырмаларымыздың шешімін әртүрлі елдердің мұғалімдері тексерді. Ұйымдастырушылар мұны қыркүйек айында онлайн өтетін Халықаралық математика олимпиадасы қарсаңында «қызықты жаттығу» деп атады. Олимпиада тапсырмаларын үйде отырып орындаған аудиторияда отырып есеп шығарғаннан өзгеше екен. Осы нәрсе есімде қалды. Кейде бұл Олимпиада екенін ұмытып, біршама жеңіл қарай бастайсың», – деді күміс медаль иегері, Нұр-Сұлтан білім-инновация лицейінің түлегі Данат Дүйсенбеков. Ресей, АҚШ және Оңтүстік Корея үздік үштіктің қатарынан көрінді. Украина – 15, Әзірбайжан – 25, Армения – 45, Тәжікстан – 50, Өзбекстан – 54 орынға тұрақтады. Біздің оқушыларымыздың жеңісі – мұғалімдер мен ата-аналардың, мектептердің жеңісі. Атап айтсақ, біздің жеңімпаздар оқыған мектептер: Атырау “Білім-Инновация” лицейі, Haileybury Almaty, Нұр-Сұлтан «Білім-Инновация» лицейі, Нұр-Сұлтан Зерде мектебі және Алматы РФММ.