Елордада ұзақ салынған құрылыс қайта жанданды
Алты жүзден астам үлескер өз пәтерін күтуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың айтуынша, “Жағалау-4″ тобының құрылысы қайта жанданды. “Жұмыстарды аяқтауға мемлекеттен қаражат бөлінді. Құрылыс соңғы төрт жылда тоқтап тұрған, себебі сот процестері болды. Нысанда құрылысшылардың бірінші тобы жұмыс жасап жатыр. Мұнда 600-ден астам үлескер бар”, — деп жазды А. Көлгінов «Инстаграмдағы» парақшасында. Сонымен қатар, қала әкімі таңертеңгілік аралау барысында бірқатар әлеуметтік тұрғын үй құрылысының барысымен танысты (Е34, Е45 және Е18; Е32, Е33 және Е18 жобалық атаулары бар көшенің қиылысы). “Құрылыс қарқынын арттыруды тапсырдым. Жұмысшылар мен техниканың санын көбейту қажет. Бастысы санитария нормаларын қатаң сақталу керек,” — деді қала әкімі.