Үй жануарларының жолға шығып кетуі азаймауда
«QazAvtoJol» ҰК» АҚ «Ақылы автомобиль жолдар дирекциясы» филиалы ақылы учаскелерде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соның ішінде үй жануарларының жолға шығып кетпеуін қадағалау мақсатында кешенді шаралар жүргізуде.⠀
Ақылы жолдардың бойында жүрген үй жануарлары жайында жүргізушілерден шағымдар күнделікті келіп түседі. Кезекші операторлар тиісті органдарға хабар бергенімен, учаскелік полиция қызметкерлері оқиға орнына жылдам жете алмайды. Жыл басынан бес оқиға бойынша үй жануарларының иесі «әкімшілік жауапкершілікке» тартылған. Көп жағдайда жануарлардың таңбалары жоқ болғандықтан олардың иелерін табу мүмкін емес. Короновирус пандемиясына байланысты Дирекция жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, атқарушы органдар мен ақылы жолдардың бойында орналасқан шаруашылық иелерімен жиналыстар өткізе алмады. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Нұр-Сұлтан-Щучинск» автомобиль жолының бойында 7000 м. қоршау бар және биыл қосымша 5000 м.қоршау орнатылады. «Нұр-Сұлтан-Теміртау» учаскесінде 130 мың м., ал «Алматы-Қапшағай» автожолында 5000 м. қоршау бар. Сондай-ақ, Алматы облысындағы «Алматы-Қорғас» учаскесінде 10 мың м.қоршау орнату жоспарланған. «Ақылы автомобиль жолдар дирекциясы» филиалы шаруашылық иелерін үй жануарларын жол бойына шығармауға және жүргізушілерді жолда мұқият болуға шақырады. Себебі, жол-көлік оқиғалары ережелерді сақтамаумен қатар — үй жануарларының жол бойына шығып кетуінен тіркеледі.