БИЫЛ АҚТАУДА ЕКІ МЕКТЕП ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛЕДІ
Бұл туралы Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Эльдар Машырықов мәлім етті. Оның айтуынша, жаңа мектептің бірі 34-ші шағын ауданда салынып жатыр. 900 оқушыға арналған білім ордасының құрылысы былтыр басталған еді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін қолданысқа беріледі деп күтілуде. Ал, екінші нысан Шығыс-1 мөлтек ауданында бой көтеруде. Бұл- жалпы білім беретін орта мектеп 300 оқушыны қабылдайды.
«Маңғыстау облысының орталығында 6 мектеп пен бір бөбекжай құрылысы басталады. 1200 оқушыға арналған жалпы білім беретін мекемелер 16, 18, 19, 19а, 31а шағын аудандарда салынады деп жоспарланған. Барлығының да жобалық-сметалық құжаттамалары дайын тұр. Олардың қорытындысы осы жылдың төртінші тоқсанында дайын болады», — деді Э. Машырықов.
Одан бөлек 17 шағын ауданда 300 орындық жалпы білім беру ордасы және 140 орындық балабақша салынады. Мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, ал, бөбекжай құрылысының жобалаушы серіктестік құжаттамасын жасақтауда. Қорытындысы биылғы жылдың төртінші тоқсанында дайын болады.
Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі