ШЫМКЕНТТЕ ШАЛҒАЙДАҒЫ АУДАНДАРҒА ТАБИҒИ ГАЗ ТАРТЫЛУДА

 

Бүгінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарды газдандыру мәселесін жіті бақылауға алған. Осыған орай, қаланың шалғай аудандарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысы қарқын алды.

Атап айтқанда, Абай ауданы Алтынтөбе тұрғын алабындағы 208 үй келер жылы көгілдір отынға қосылады. Қазіргі таңда «Жылу Энерго Ремонт» компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ал, Көкбұлақ тұрғын алабына газ жүйесін тарту жұмыстары бойынша жобалық сметалық құжаты дайындалып бітті.

 

 

Сонымен қатар, Абай ауданындағы шалғай орналасқан он бір мыңнан аса тұрғын үйге газ жүйесін жүргізу бойынша ұсыныс берілді.

Оның ішінде, Ақтас шағын ауданы (495 үй), Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы (716 үй), Айкөл тұрғын алабы (66 үй), Ақтас-2 тұрғын алабы (115 үй), Арғымақ шағын ауданы (2000 үй), Ынтымақ-2 шағын ауданы (2000 үй), Солтүстік саяжай шағын ауданы (4875 үй), Құрсай шағын ауданы (783 үй).

Айта кету керек, қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды тұрақты түрде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында, магистралды газ тарату жүйесі бойынша 200 000м3/сағ. кұрайтын жаңа үшінші автоматтандырылған газ тарату станциясының (АГРС-3) құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,4 млрд теңге қарастырылған.