ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯ ЕДІ…

1971 жылы №124 Байқадам селолық кәсіптік-техникалық училищесінде оқытушы болып еңбек жолымды бастаған едім. Осы оқу орнынан көптеген дос-жарандар таптым. Әсіресе Мысықбаев Түйтебай, Сержанов Апрель, Жолдасов Мұхамедия сынды асыл достарымызбен бір үйдің адамындай араласып, тумасақ та туғандай аға-інілі болдық. Бекзат болмысымен, жан-жақты сауаттылығымен, сыпайы мінезімен ортасына жағымды бола білген Әпекеңді, әңгіменің майын тамыза, тыңдаушыны жалықтырмай айтатын, арасында «Әу» деп шырқай салатын сүйкімді дауысымен ерекшеленетін Мұханды қалай ұмытарсың?! Олардың ішінде ең жасы мен болсам, үлкеніміз Түйтекең болатын. Сондықтан да болар біздер кейде қызбалыққа салынып, айтыса бастасақ «осы жерден қайтыңдар» деп басу айтып, үлкендігін білдіріп қоятын. Түйтебай досымыздың сол кездегі жарқын жақсы мінездері, істері, бауырмалдығы, асыл маржан сөздері бізге үлгі-өнеге болды.
Ғұмыр бойы кәсіптік білім саласының тайқазанын қайнатып, өзінің адал еңбегі арқасында халықтың алғысын арқалаған, замандастарының жүрек жазды жылуы мен ыстық ықыласына бөленген Түйтебай Мысықбайұлы 1941 жылы 24 наурызда Сарысу ауданында дүниеге келген.
Түйтекеңнің балалық бал дәурені сұрапыл соғыстан соң ел енді-енді есін жиып, еңсесін көтеріп келе жатырған жылдармен тұспа-тұс келеді. Тұрмыс тауқыметі жас Түйтебайды да ерте есейтіп, буыны бекіп, бұғанасы қатаймай жатып мектептегі оқуымен қатар жұмыс істеп, әке-шешесіне қолқабыс жасады. Жаз болса қысқа дайындық: шөп шабу, отын жинау, көкөніс, картоп өсіру, оған қоса совхозда жұмыс істеп, ақша табу. Сөйтіп, жастайынан еңбекке үйренген ол өз қатарынан пысық болып өсті.
Ауданда алғаш ашылған ауылшаруашылығын механиикаландыру училищесінің (УМСХ) алғашқы түлектерінің бірі болған Түйтебай 1960 жылы «Байқадам» совхозында механизатор болып орналасады. Еңбекте ысыла бастаған жас жігіт 1966 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін аталған училищеде (кейіннен СПТУ-124) өндірістік оқыту шебері, директордың шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Өндірістен қол үзбей жүріп Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумын бітіріп алады.
Көптің тілін табар көпшілдігімен, жақсы істерге ұйытқы болар ұйымдастырушылық қабілетімен, шәкірттері алдында кәсіби білімділігімен көзге түсіп, педагогикалық ұжым ортасында сыйлы, беделді тәлімгер-ұстаз бола білді.
Кезінде республика бойынша қыз-келіншектерді темір тұлпар тізгінін ұстауға үндеген ұранды алғаш қабыл алған, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Мұздыбаева Әсем, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері (ВДНХ) көрмесінің күміс медалі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Байқадам» совхозының атақты механизаторы Қыстаубаев Мейрамбек те осы Түйтекеңнің сүйікті шәкірттері болды. Сонымен қатар училищеде ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Мұсаев Анарбай, Асылов Әмзебек, Қажеков Дабыл, Башаева Маржан, Сүлейменов Алдаберген Түйтекеңнің шәкірттері екенін әрдайым мақтанышпен еске алады.
Жастайынан ширақ, шымыр болып өскен жас жігіт оқушыларды техника тіліне үйретумен қатар, арасында спортқа да шыңдап, оларды Отаншылдыққа баулыды. Өзінің сабырлы мінезімен қатар қаталдығы да болды. Жұмысына аса жауапкершілікпен, талаппен қарады. Әсіресе өз шәкірттеріне «өтірік айтпаңдар, біреуді алдамаңдар, ешкімнің ала-жібін аттамаңдар» деп тәрбие беріп отырды.
Түйтекең кезінде техникалық творчество (шығармашылық) үйірмесіне жетекшілік жасап, онда оқушылардың қолынан шыққан көрме қойылымдары (экспонаттар) облыста талай рет жүлделі орындарды иеленді. Ал жер жыртушылардың жарысында шәкірттері облыста жеңімпаз атанса, республикалық сайыста жүлделі орындарға қол жеткізді.
Сондай-ақ училище директорының шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары ретінде де оқу орнының жан-жақты өсіп-өркенденуіне, дамуына өз үлесін қосып, қолтаңбасын қалдырды. Осы күнгі колледждің аумағындағы жайқалып өсіп тұрған жасыл желек кезінде Түйтекеңнің ұйымдастыруымен егілген тал-дарақтар болатын.
Училище тарихында тұңғыш мемлекеттік наградаға ие болған да Түйтекең. Қажырлы еңбегі бағаланып «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
Түйтекеңнің көп жыл нәтижелі еңбек етуіне бақытты отбасының тікелей әсері болды. Жұбайы Миновар (ел «Мария»деп атайтын) тәжірибелі педагог, ақылына мінезі сай, өте ұстамды, жүрегі жылы, жарқын жан болатын. Отбасының үлкен қамқоршысы, үлгілі ана еді. КСРО–ның және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі атанған Мәкең мектепте бала оқыту саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған, еңбек сіңірген ардақты ардагер болды. Ол Түйтекеңнің алаңсыз қызмет етуіне бар жағдайын жасап, алтындай ұл-қыздарын тәрбиелеп өсірді. Ең өкініштісі – ауыр науқастан өткен жылы дүниеден озды.
Ауылдың қадірлі қариясы Түйтекең жастардың ақылшысы бола білді. Атаулы күндер мен мерекелерде болатын жиындарда естеліктер айтып, жастарға ақыл-кеңес беруден жалыққан емес. Ауылдастарын әрдайым ауызбіршілікке, татулыққа шақырып отырды.
Ұмытылмайтын бір жарқын шуақ – ол сенің албырт көңілің, арман қуған балаң қиялың, талай-талай қызықтарды бөліскен дос-құрбың, кіршіксіз таза дәуренің.
Сол мінсіз де, жарқын әсем көңілдің төрінде жарқырап қалған достың бірі – «Сарысу ауданының Құрметті ардагері» Түйтебай Мысықбайұлы үстіміздегі жылы сексенге аяқ басып, қазыналы қариялар қатарына қосылған еді. Алайда Сарысу еліне белгілі тұғырлы тұлға, кәсіби білім беру саласының білікті ұйымдастырушысы, жаны жайсаң азаматымызды сұм ажал ойда-жоқта ортамыздан алып кетті. Досымыздың асыл бейнесі көңіл төрінде, жүрек түкпірінде бұрынғыдан да биіктей түсері сөзсіз. Көзден кетсе де, көңілден кеткен жоқ. Оның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.
Алдаберді МАҚАШЕВ, ҚР кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі