Елдігіміздің нығаюына негіз болған ресми құжаттар мен стратегиялық бағдарламалар

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 25 жыл толып отыр. Осынау ширек ғасырдың ішінде Қазақстан ынтымағы жарасқан, әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрақты, көршілерімен тату-тәтті өмір сүріп жатқан берік мемлекетке айналды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуында қабылданған ресми құжаттар мен стратегиялық бағдарламалар маңызды рөл атқарды. Бұл ретте ресми құжаттарға егеменді тарихымызда бірнеше рет, нақтырақ айтсақ, 1993, 1995 жылдары қабылданған конституциялық заңдар, стратегиялық бағдарламаларға еліміздің жан-жақты дамуының ұзақ жылдарға межеленген «Қазақстан-2030 стратегиясы» барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы, «Қазақстан-2050 стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты бағдарламаларды жатқызуға болады. 

Осыдан тура 25 жыл бұрын яғни, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы»Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңының 1-бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет деп жарияланды. Республика өз аумағында өкімет билігін толық иемденуге, әрі ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізуге құзырлы болды. Тәуелсіздік туралы заңның негізгі мәні 18 баптан тұратын жеті тарауда айқын көрсетілді. Бұл тарихи оқиға қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған күресінің заңды қорытындысы болды.

         Жас тәуелсіз мемлекеттің берік іргетасын қалау мен оның қабырғасын тұрғызу қиынның қиыны болғанын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өз қаламынан шыққан еңбектерінен оқып білуге болады. Егемендіктің алғашқы жылдарында қабылданған тұңғыш стратегиялық бағдарламалардың бірі 1992-1994 жылдарға арналған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» болған. Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» атты еңбегінде «1992 жылдың басында жасалған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы»біздің орташа мерзімдегі тұңғыш жоспарлау тәжірибеміз болды» деп жазады. Бұл стратегиялық бағдарламада тәуелсіздіктің алғашқы үш жылындағы еліміздің жан-жақты дамуы айқындалды. Үш бөлімнен тұратын құжатта Қазақстан дамуының стратегиялық мақсаттары, ел ішіндегі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен стратегиялар, сыртқы саясат, ұлттық қауіпсіздік проблемаларын шешу жолдары қарастырылған.

Конституция кез-келген мемлекеттің негізгі тірегі. Тәуелсіз еліміздің тарихында екі рет Конституция қабылданған. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. Бұл Конституция сол кездегі еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуының талаптарына жауап бере алмаған. Қазіргі қолданыстағы Ата заң ең алдымен елде біртұтас билік жүйесін қалыптастырып, олардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.  

Қазақ тарихында бұған дейін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деп аталатын кезінде ел іргесін бекіткен заңдар жинағы болған. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақ елінің Ата заңы ата-балаларымыздан қалған осынау мұраның заңды жалғасы болып табылады. Олардан бізге жеткен мемлекет құру, оны басқарудың үлгі-өнегелері, адамгершіліктің асыл құндылықтары бүгінгі Ата заңымызда да тайға таңба басқандай жазылған. Мұнда кешегі тәуелсіздік үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің асқақ армандары, мұрат-мақсаттары айқын көрініс тапқан. Ата заң біздің болашаққа жол көрсетер негізгі тірегіміз болумен қатар, мұнда тұтастай халықтың тарихтан жүріп өткен жолын да көруге болады. 

Қазіргі қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда қабылданды. Ол тоғыз бөлім тоқсан сегіз баптан тұрады. Бірінші бөлім – Жалпы ережелер, екінші бөлім Адам және Азамат, үшінші бөлім Президент, төртінші бөлім Парламент, бесінші бөлім Үкімет, алтыншы бөлім Конституциялық кеңес, жетінші бөлім Соттар және сот төрелігі, сегізінші бөлім Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, тоғызыншы бөлім Қорытынды және өтпелі ережелер деп аталады.

Ата заңның Жалпы ережелер деп аталатын 1 бөлімінің 1 бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп нақты жазылған. Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу» делінген.

Ата заң ең бастысы елімізде тұрақтылықты қалыптастырды, соның арқасында халықтың әл-ауқаты жақсарды. 1995 жылы қабылданған Конституция мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени дамуының құқықтық негізінқалады. Осыған байланысты 1995-1996 жылдары Президент Н.Ә. Назарбаев дамудың ұзақ және қысқа мерзімді стратегиясын жасауға шешім қабылдады. Бұл құжатта еліміздің болашақтағы даму жолы мен дамудың нақты межесі айқындалды. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы 1997 жылы 10 қазанда Елбасының «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты халыққа алғашқы Жолдауында жариялады. Бұл стратегиялық құжат жеті бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, Ұлттық қауіпсіздік, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы, шетел инвестициялары мен жинақталған ішкі қорларды жоғары деңгейде пайдалана отырып, ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу, қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты, энергетика ресурстары, инфрақұрылым, әсіресе көлік және байланыс және кемелді мемлекет. Осыдан кейін Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы дәстүрге айналды. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы еліміздің ішкі және сыртқы саясатын түгендеп, шекарамазды бүтіндеді. 

Тәуелсіздіктің он жылдығында еліміз әлеуметтік-экономикалық қиын-қыстау кезеңдерді артқа тастап, дамудың жаңа жолына түсті. Бұдан кейін ел экономикасының тұрақты дамуы үшін шикізаттық емес салаларға басымдық беруді қажет етті. Осыған байланысты ел үкіметі «2003-2015 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялдық-инновациялық даму стратегиясын» қабылдады. Бағдарламаның мақсаты – экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы оның тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталды. Бұл бағдарлама еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруіне, халықтың әлеуметтік жағдайына оң ықпал етіп, елде жұмыссыздық мәселелерін біршама шешуге мүмкіндік туғызды.

Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы» атты еңбегінде «Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі ұлттың тек материалдық қана емес, рухани баюына да әкелуі тиіс. Ұлттың бәсекеге қабілеттілігі – бұл оның әрбір өкілінің бәсекеге қабілеттілігі, оның әзірлік деңгейі, білімі мен жеке басының дамуы» деген болатын. 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ең алдымен Қазақстанды әлемге танытты, оның терең тарихын, көшпелілердің мұрасын, олардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін дүниежүзінің халқы танып білді. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Қазақстан тарихына қатысты шетелдік мұрағаттардан, кітапханалардан табылған құнды жазба деректер зерттелініп, ғылыми айналымға енгізілді. Археологиялық, этнографиялық экспедициялардан табылған тарихи-мәдени құнды мұраларымыз еліміздегі мұражайларға жинақталып, сақталып, қазіргі кезде халықтың назарына ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде халықтың тарихи санасының қайта жаңғыруына, ел азаматтарының отансүйгіштік сезімінің қалыптасуына жағдай жасады.

2012 жылдың 14 желтоқсанында Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауындажариялады. Бұл стратегиялық құжат үш үлкен тараудан тұрады. Бірінші тарау, Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы,екінші тарау, ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері, үшінші тарау, Қазақстан-2050 стратегиясы-жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты деп аталады.Бұл стратегиялық бағдарламада алдағы 50 жылдағы ұстанатын әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени бағыттары айқындалған. Бұл тарихи құжатта қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жолы, болашаққа деген асқақ ұмтылысы көрініс тапқан. Ең бастысы Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің барынша дамыған 30 елінің қатарына кіру мақсаты қойылған.

2015 жылы 6 мамырда Елбасының барша халыққа арналған 5 конституционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұлт жоспары әзірленді. Бес конституциялық реформаны жүзеге асырудың бес аталымы көрсетілген. Олар: кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Бұл реформаны жүзеге асыру біздің елдігімізді нығайтады және әрбір ел азаматының табыс көзінің ұлғаюына өз септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Ендігі кезекте Елбасының мемлекет алдына қойған осындай нақты да айқын мақсат-міндеттерін терең зерделеп, оның әрбір бағытының орындалуына атсалысу еліміздің әрбір азаматының, әсіресе, білімді жастардың қасиетті борышы деп санаймыз. Сонда ғана біз әлемдегі экономикасы мығым, бейбітсүйгіш ел ретінде ең дамыған 30 елдің қатарына еркін кіре аламыз.  

Жұмабеков Ануарбек

Әбутәліпұлы,

ҚР Ұлттық музейінің

                                                                                             ғылыми қызметкері