Әкім сөзіне тұрса игі

Жаңа оқу маусымының басталуына он шақты күн қалды. Дәстүрлі түрде өтетін жыл сайынғы «Тамыз кеңесінің» де өткеніне көп болмады. Жылда сөз болатын балабақша орны, оқу құралдарының тапшылығы секілді материалдық мәселелер қатарына биыл үш тілді оқыту мен соңғы бір айда көптеген тұрғындардың бас ауруына айналған Қазақ-түрік лицейлерін тексеру келіп қосылды.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Тамыз кеңесі» қарсаңында аталмыш ҚТЛ мәселесіне ерекше тоқталып:

ерлан«Президенттің тапсырмасымен БҒМ-де жұмыс тобы құрылып, жұмысын бастап кетті. Біз түрік тарапымен байланысты жұмыс істейміз. Бірақ мұның оқу процессіне қатысы жоқ. Олар біздің қазақстандық мектептер, біздің стандарттармен білім береді. Біз оларды бірнеше рет тексергенбіз. Оларға айтар шағымымыз жоқ. Лицейлер осыған дейін қалай жұмыс істеп келсе, бұдан кейін де солай жұмыс істейтін болады»-деген болатын.

Ал, конференцияда баяндамасын бастан-аяқ мемлекеттік тілде жасаған вице-премьер Дариға Назарбаева үш тілді білім беру жүйесінің ана тіліміздің дамуына кедергі келтірмейді деді. Халық арасында қоғамдық резонанс тудырған үш тілді білім беру жүйесі жөнінде:

«Бұл полемикада көптеген түсініксіз қателердің болуына бізден де кінә бар. Оны мойындаймыз. Ол мәселе түрлі пікірлер мен айтысты туғызды. Үш тілді білім беру жүйесі кезең-кезеңмен жүзеге асады және ең алдымен 10-11 сыныптарда тек 2019 жылы ғана басталады. Осы мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын ұстаздар мен оқушылар, олардың ата-аналары арасында әлі де жүргізу керек»,-деді ол.

дариға

Сондай-ақ, алдағы екі жылда үш тілді білім беру жүйесін енгізу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалмақ. Атап айтқанда, мемлекет ұстаздарды қажетті біліммен даярлайды. Қазірдің өзінде 5 мыңнан астам ұстаз өз еркімен 4-9 айлық тілдік курстарға жазылды. Сол уақыт аралығында олардың жұмыс орны мен еңбекақысы сақталады. Өз ойын нақтылаған Д.Назарбаева:

«Ал ұстаздардың дайындық деңгейін біз 2018 жылы бағалаймыз және сараптама нәтижесін Елбасына баяндаймыз. Сондықтан дүрбелең жасауға ешқандай негіз жоқ. Қазақ тіліне ештеңе кедергі келтірмейді, керісінше, орыс тілді мектептерде мемлекеттік тілді оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Қосымша екі пән — қазақ әдебиеті мен қазақ тариxы қазақ тілінде оқытылатын болады. Бүгінде білім және ғылым министрлігі тілді оқытудың жеңілдетілген әдісін әзірлеп жатыр»,-деді.

Елорда халқын елең еткізген бір жаңалық – 19 тамызда өткен Астана қаласы білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесіндегі Әсет Исекешевтің мәлімдемесі болатын.

«Білім мекемелері балаларды мектепке қабылдау кезінде «орын жоқ» деп сылтауратып, ақша сұрайтыны туралы әлеуметтік желіде жиі айтылады. Осындай проблемалармен кездескен қала тұрғындары тікелей маған хабарласа алады»,-деген қала басшысы Facebook әлеуметтік желісінде «Астана білімі» парағының ашылғанын да атап өтті. Айтуынша, өзіде аталмыш әлеумжелі парақшасын бақылауында ұстайды. Интернет билеген заманда ұстаздар қауымының сол жерде пікір алмасуы ең тиімді әдіске балап отыр. Сонымен бірге, Елорда басшысы білім бағдарламаларының әзірлемесін бақылауда ұстауға және жауапты тұлғаларға қатысты қажетті шараларды қабылдауға уәде берді.

Ел болашағының кепілі білімді ұрпақ екенін ескерсек, сол саладағы түйткілді мәселелердің тез арада шешілуі аса маңызды. Ал, билік өкілдерінің білім жүйесіндегі мәселелерге қатысты берген уәделері, Тамыз конференциясында айтылған міндеттер мен тапсырмалар аяқсыз қалмаса игі.

«ЕлАна»