Нұр-Сұлтанда жалпыға міндетті оқу қоры аясында әлеуметтік көмек көлемі артты

 

Нұр-Сұлтанда жаңа оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасынан шыққан әрбір оқушы мектеп құралдарын сатып алу үшін 40 мың теңгеден алады. Жалпыға міндетті оқу қоры аясында 17 мың балаға көмек көрсетіледі. Өткен жылмен салыстырғанда 4 мың 300 бала артық қамтылатын болады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Астана телеарнасында көрсетілген тікелей эфирде хабарлады.

«Өткен жылы мектеп құралдарын сатып алуға бөлінген сома 30 мың теңге болды. Биыл ол 40 мың теңгеге дейін артты. Егер отбасында мысалы, 3-4 баладан болса, онда әр балаға 40 мың теңгеден бөлінеді. Бұл мақсатқа бюджеттен 680 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға басқа да әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Мектептерде қашықтан оқыту жүргізілетінін ескере отырып, әлеуметтік осал санаттағы оқушыларды ноутбуктермен, роутерлермен қамтамасыз етуге 6 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, осы санаттағы барлық балаларды компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етеміз. Олар: аз қамтылған отбасы балалары, ерекше қажеттіліктері бар балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылар. Жалпы 34,5 мыңға жуық бала қамтылатын болады», — деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.