Елордада сауда орталықтары, кафелер мен дүкендер жұмысын қайта бастау дайындығы тексерілді

 

Қазіргі уақытта бизнес нысандарын ашу мәселесі ҚР Президенті жанындағы комиссияның қарауында, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда сауда орталықтарының, қонақүйлердің, кафелердің, мейрамханалар мен дүкендердің дайындығы тексерілді. Әкімдік өкілдері санитарлық дәрігерлермен бірігіп, «Хан Шатыр» ОСО, «Технодом», «Мир керамики» дүкендеріне, «Ферум» кафесіне және «Айша бибі» апарт-қонақүйіне тексеріс жүргізді. Топ санитайзерлер, арақашықтық белгілері, маскалар, қолғаптар, тепловизор мен қонақтардың температура журналының болуын тексерді.

«Аралау барысында бизнестің карантиннен кейін ашылуға дайындығын тексердік. Карантин шаралары халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазіргі уақытта статистика түзеліп келеді. Сондықтан ҚР Президенті жанындағы комиссияда осы сұрақ қаралу үстінде. Комиссияның тиісті шешімінен кейін қалада бизнес нысандары ашылатын болады», — деді Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмурзаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясымен ауыру деңгейі айтарлықтай төмендеді. Осыған байланысты карантин шараларын кезең-кезеңімен алу жоспары Мемлекеттік комиссияда қаралуда.

Бұған дейін Нұр-сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қала карантиннен кейінгі кезеңге дайындалып жатқанын және жұмыс орындарында дезинфекция жүргізуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын.

Қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан тұрғындарын карантин тоқтатылғаннан кейін де сақ болуға шақырды.

Сонымен қатар, ЖРВИ-дің маусымдық кезең ескеріліп, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Медициналық мекемелерге қосымша медициналық жабдықтар келіп түсті: 600-ден астам флуометр, 500-ге жуық оттегі концентраторы, 500 арнайы арба, өкпені жасанды желдету аппараты және КТ. Жедел медициналық көмек вагондары жеткізіледі деп күтілуде. Екі апта ішінде қалаға 110 тоннадан астам дәрі жеткізілді. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.