ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АУРУХАНАЛАРДЫҢ АХУАЛЫМЕН ТАНЫСТЫ
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып өңірдегі ахуалмен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановпен бірге халыққа көмек көрсетіп жатқан бірнеше медициналық нысанды аралап, дәрігерлермен кездесті.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары алдымен Ордабасы ауданындағы орталық ауруханада болды. Емдеу мекемесі жергілікті 120 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырған 158 науқас тіркелген. Өкінішке қарай, 2 адам қайтыс болды. Қуаныштысы, қазіргі таңда Ордабасы ауданында коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқас жоқ. Провизорлық орталықтағы орындар саны қырыққа дейін азайды. Ауданда 9 өкпені жасанды желдету аппараты және 70-тен астам оттегі концентраты бар. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, ешқандай тапшылық жоқ. Ауданда құрылған 17 мобильді медициналық топ 1 мыңнан астам адамның үйіне барып қызмет көрсетті.
Індет өршіген күрделі кезеңде автоматты байланыс (CALL-орталық) жүйесі іске қосылды. Бір мезетте бірнеше қоңырау қабылданып, азаматтардың сұрағына дереу жауап берілді.
Ажар Ғиният бұдан соң Түркістан облыстық нөмірі 3-ші перинаталды орталық пен Түркістан қалалық емхана қызметімен танысты. Облыстық перзентхана Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ және Отырар аудандарының 450 мың халқына қызмет көрсетеді. Орталықта жүкті әйелдерге мамандандырылған дәрігерлерлік көмек пен диагностикалық қызмет толық қамтамасыз етілген.
Түркістан облысындағы жалпы ахуалға тоқталар болсақ, қазіргі таңда госпитальдардағы және провизорлық төсек-орындар саны 2 есеге дейін қысқарды.
«Санитарлық нұсқауларды әлі де ұмытуға болмайды. Бұл вирус ешқайда кеткен жоқ. Жұқтыруды болдырмас үшін барлық қауіпсіздік шараларын қадағалауымыз қажет. Аурушаңдықпен күрес тек медицина қызметкерлерінің ғана емес, әр азаматтың жауапкершілігі. Сол себепті халық арасында түсіндірме жұмыстарын көп жүргізу қажет. Бұл тұста облыстық әкімдік қызметкерлері тарапынан да қолдау көрсетілуде. Жалпы, өңірдегі медицина ұйымдарының індетпен күреске жоғары дайындығын байқауға болады. Мәселен, Ордабасы ауданында қазір коронавирус инфекциясымен науқас жоқ», — деп атап өтті А. Гиният.

2020 жылдың 30 наурызынан бастап 14-ші тамызы аралығында коронавирустық инфекция расталған 3105 науқас тіркелді. Сауығып шыққан адамдардың саны 2711 немесе жалпы сырқаттанғандар санының 87,3 пайызы. Оның ішінде симптомсыз жағдайдағы 1838 адам да жазылды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі