Жалпыға міндетті орта білім бағдарламасының әлеуметтік көмек мөлшері 40 мың теңгеге дейін ұлғайтылды
Әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау акциясы 18 тамызда басталады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Елордада жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды мектепке дайындау, оның ішінде әлеуметтік әлжуаз топтағы оқушыларға қолдау көрсету іс-шаралары басталды.
Жыл сайын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысының негізінде жалпыға міндетті орта білім беру аясында әлеуметтік әлжуаз топтағы мектеп оқушыларына материалдық көмек көрсетіледі.
Жалпыға міндетті орта білім беру қоры шеңберінде, киім, аяқ киім, қажетті оқу құралдарын сатып алу қарастырылған.
Ережедегі соңғы өзгерістерге сәйкес, көмек көрсету Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы ұсынған өнім жеткізушілер арқылы жүргізіледі. Өткен жылы 30 мың теңге көлемінде сертификат түрінде 12 690 оқушы көмек алды.
«Биыл әлеуметтік көмек мөлшері бір балаға 40 мың теңге көлемінде ұлғайтылды. 17 мыңға жуық оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз», — деді брифинг барысында білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова.
Ата-аналардың көмек көрсету қызметтерін жақсарту туралы ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп балалардың жеке көлік карталарын қолдану арқылы жаңа механизм әзірленген. Жоғарыда айтылған 40 мың теңге баланың көлік картасына 40 мың бірлік түрінде толтырылады.
«Ата-ана тауарды таңдап, сатушыға баланың көлік картасын ұсынады. Сатушы, арнайы бағдарлама арқылы, таңдалған тауардың ақысын картадан бірлік ретінде алады.
Әлеуметтік бірліктердің қозғалысы жеке кабинеттерде бақыланады, бұл қаражаттың ашықтығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді», — деп түсіндірді Ш.Қадырова.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы өнім сапасы мен ассортиментіне қатысты сын көп айтылған.
«Сондықтан, біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, қатысушы компаниялар мен сауда нүктелерін ұлғайту бойынша жұмыс жүргіздік. Егер өткен жылы 10 компания мен 16 сауда орны болса, биыл 16 компания мен 27 сауда орны болады», — деді білім басқармасының басшысы.
Қазіргі уақытта мектептерде балалар деректерін автоматтандырылған жүйеге еңгізу жұмыстары жүргізілуде, деректердің жаңартылуына және мәртебесінің расталуына қарай енгізіледі.
Жалпыға міндетті орта білім беру қорынан көмек алу үшін ата-аналар баласы оқитын мектепке өтініш жазады.
Өтінішті 15 жұмыс күні ішінде мектептің алқалы ұйымы қарайды.
Ата-аналар үшін сауда орындарының мекен-жайлары көрсетілген жадынама әзірленіп, олар «ҚАМҚОР» логотипімен белгіленеді.
«Ертеңнен, яғни 18 тамыздан бағдарламаны бастап, 31 қазанда аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Сонымен бірге, ата-аналардан сауда орындарында сатып алушылар арасындағы арақашықтыққа қойылатын талаптарды яғни 1 метр қашықтықты, маска тағу тәртібін сақтауды, қолды антисептикпен өңдеуді сұраймыз. Бұл балалар мен ересектердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалғыз жолы екенін айтқым келеді», — деді спикер.
Еске салайық, жалпыға міндетті орта білім беру қоры шеңберінде киім, аяқ киім, қажетті оқу құралдарын сатып алу, оқу орнында тамақтану, мектептегі мәдени-бұқаралық және спорттық шараларға қатысу қамтамасыз етіледі.
Жергілікті өкілді органдар қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерге жолдамалар беру үшін жергілікті бюджеттерде қосымша қаражат көздеуге құқылы.