Іленің келешегі зор, болашағы жарқын
Көп жағдайда жөн білмеген жолаушы Өтеген батыр кентін ірі мегаполис саналатын Алматы қаласының жалғасы екен деп қабылдап қалады. Шынында, қарасаң маңғаз Алатаудың ақ сілемдері көрініп тұратын Іле ауданы жанға жайлы табиғаттың жасыл желекті, көрікті аумағына қоныстанған. Алып шаһардың түбінде болғандықтан, өзге өңірлерге қарағанда заманауи артықшылықтары бірден көзге түседі.
Бұл ауданға Қыдыркелді Өміржанұлы Медеуовтың әкім болып тағайындалғанына екі жылдай уақыт болды. Бұрын облыстың Қаратал, Райымбек аудандарында әкім болып қызмет атқарған, мамандығы ғалым-агроном лауазым иесі өте үлкен тәжірибе жинақтаған азамат. Келе салып барлық шаруаның тізгінін қолға алып, Іленің жарқын болашағы үшін аудан халқын жұмылдырып, еңбек етуде. Алматы сияқты мегаполистің дәл іргесінде орын тепкен Іле ауданы облыстың ең ірі өнеркәсіпті, индустриялды өңірі болғандықтан, тұрақты дамып келеді. Аудан 1928 жылы құрылған, жерінің аумағы 7,8 мың шаршы шақырым, 10 ауылдық, кенттік округте 198 мыңнан астам халық мекендеп, тіршіліктерін жасап, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл аудан бірталай ұлыс пен ұлттардың ата қоныстары болып саналады. 31 елді мекендерде 34 ұлттың өкілдері бір адамның баласындай тату-тәтті, ынтымақты, ауызбірлікті өмір сүруде.
Еліміздің айтулы тұлғалары Өтеген батыр, Тоқаш Бокин, Мұхаметжан Түймебаев пен Ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев, атақты халық әртістері Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Торғын Тасыбековалар осы ауданның төл перзенттері, мақтанышы. Бұл Іле ауданы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Сәт Тоқпақбаев, Құрал Серікбаев сынды азаматтардың да туған жері, тәрбиеленіп, өскен ортасы.
Өндіріс қарқыны өсуде
Елбасымыздың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аудан еңбеккерлерінің алдына жаңа міндет пен мақсаттар қойды. Оны орындау барысында ілеліктер мол мүмкіншіліктерін пайдалану үшін бар күш-жігерлерін жұмсауда. Егер көрсеткіштерге келетін болсақ, аудандағы 20 ірі және 109 орта кәсіпорын өндірісі индустрияландырудың негізін құрайды. Өткен мерзім ішінде өндіріс саласы бойынша 91,2 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Аудан өндірісі негізінен темекі компанияларының жұмысына байланысты. Оны мынадан-ақ көруге болады. Өткен жылы темекі өндірісі көлемі 93,4 млрд. теңгенің өнімін шығарып, өндіріс саласындағы үлесі 54 пайызды құрады.
Қазіргі кездегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, өткен алты ай ішінде 8 жаңа өндіріс орны ашылып, пайдалануға берілген. Бұл ауданда 193 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал етті. Өңірлік индустриялды картасы шеңберінде 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның бірі Түймебаев ауылындағы 3,2 млрд. теңге инвестиция тартылып, 100 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал еткен «Алюминий офф Қазақстан» ЖШС-нің алюминий шығаратын зауыты болса, екіншісі 3,7 млрд. теңге инвестиция қаржысы құйылған, 120 жаңа жұмыс орнын ашуға ықпал еткен «Абди Ибрагим ГлобалФарм» ЖШС-нің фармацевтикалық зауыты. Бұл жаңа кәсіпорындар аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.
Газ құрылысы жүргізілуде
Аудан аумағында 2012 жылдан бері құны 19,9 млрд. теңге тұратын «Алматы-Талдықорған» газ тасымалдайтын магистральды құрылыс жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба бойынша Куртин округінің 6 мыңнан астам тұрғыны бар Ақши ауылын газбен қамтамасыз етуге мүмкіншілік туғызады. Қазіргі кезде «Алматы-Байсерке-Талғар» бағытындағы газ құрылысының 64,4 шақырымы аяқталып, 47 мың тұрғын мекендеген 4 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта Жетіген ауылдық округі тұрғындарын газбен қамтамасыз ету үшін «Алматы-Қапшағай» газ құрылысы жүргізілуде.
Баспана — басты мәселе
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Өтеген батыр кентінде көлемі 9,3 мың шаршы метрді құрайтын 2 жалға берілетін үйлердің құрылысы аяқталуға таяу. Өтеген батыр кентіндегі 50 пәтерлік екі жалға берілетін көп қабатты үйлердің инженерлік-коммуникациялық жүйесі мен көгалдандыру жұмыстары құрылысы аяқталған. Алдағы уақытта салынатын 60 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үйдің және екі 50 пәтерлік тұрғын үйлердің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұған қоса жекеменшік үйлердің құрылысы жүргізілетін Междуреченк және Байсерке ауылдарындағы учаскелерді инфрақұрылымдарын дайындау жұмыстары атқарылуда. Осындай болжамдалған құрылыс жұмыстарының нәтижелі аяқталуы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіншілік тудырады.
Жер халықты асырайды
Ауданда жерді тиімді пайдаланудың арқасында, өткен алты айдың қорытындысы бойынша, 20,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда егістік алқабы 565 гектарға өсіп, бүгінгі күні 68237 гектар жерді құрап отыр. Барлық егістік алқабының 33 пайызына инновациялық технология енгізілген. Ауданда 1875 шаруа қожалықтары мал мен жерге иелік етуде. Қазіргі уақытта дәнді дақылдарды жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Әр гектардан орта есеппен 14,8 центнерден өнім жиналуда. 4010 гектар алқапқа отырғызылған көкөністі жинау жұмысы да басталып кетті. Алынған өнім көңіл қуантады. Алматы қаласына жақын орналасқандықтан, көкөніс өсіру табыс көзінің біріне айналды. Ауданда жалпы көлемі 12,3 гектар жері бар 64 жылыжай көкөніс өсіріп, қыс мезгілінде 225 тонна өнім жинап, тұрғындар қажеттілігіне жаратты. Жиналған жеміс-жидекті сақтайтын 9 қойма және 12 тонна сыйымдылығы бар 4 картоп қоймасы жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы да Екпінді ауылында қуаттылығы 3300 тонна болатын көкөніс қоймасы пайдалануға берілмекші.
Шағын кәсіпкерлік дамуда
Ауданда шағын кәсіпкерлікпен айналысатын субъектілердің саны 7714 бірлікті құрайды. Өткен алты ай ішінде олар 81,9 млрд. теңгенің өнімін шығарып, 3,8 млрд. теңгенің салығын бюджетке түсірген. Қазірге шейін 25 нысан іске қосылып, 108 жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз етті. Барлығы шағын кәсіпкерлікпен 26 562 адам қамтылған. Әсіресе Энергетика, Боролдай, Байсерке, Жетіген ауылдық округтерінің тұрғындары шағын кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысып келеді. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған 1169 нысанның 697-і сауда орындары, 9 көтерме сауда базары, 120 қоғамдық тамақтандыру, 163 тұрмыстық қызмет көрсету, 170 нысан сервистік қызмет көрсететін орындар. Жылдан-жылға халыққа қызмет көрсету шеңбері ұлғайып келеді. Бұл — өте тиімді бағыт. Өткен жылдың өзінде 223 жаңа жұмыс орнымен сауда-саттық, қызмет көрсету саласы бойынша 51 нысан ашылды. Осының арқасында жалпы тауар айналымы көлемі 38,3 млрд. теңгеге жеткен. Әрине, бұл халықтың сатып алу қабілетінің өскенін көрсетеді.
Соңғы уақытта азық-түлік бағасының шарықтап кетуі халықтың қалтасының жұқаруына себеп болды. Ауданда кәсіпкерлерді қолдай отырып, олардың арасында бағаны негізсіз көтеруге болмайтыны жөнінде түсінік жұмыстары жүргізілген. Әлеуметтік жағынан аз қорғалатын адамдарға арнайы 23 әлеуметтік бұрыштар ашылған. Бұған қоса «Алатау-құс», «Боролдай нан», «Байсерке агро», «Food.KZ» ЖШС-лары өз өнімдерінің бағасына жүктеме қоспай сататын сауда нүктелерін ашты. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында өткен мерзімде мемлекеттік қолдаумен барлығы 1,8 млрд. теңге тұратын 19 жоба қамтылды. Кәсіпкерліктің дамуының нәтижелілігін қамтамасыз ететін ауданда жеті жылдан бері «Кәсіпкерлер Ассоциациясы» жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғап қана қоймай, бизнес жүргізу барысындағы білімдерін жетілдірді. Ай сайын кездесулер, тауар өндірушілердің жәрмеңкесі, дөңгелек үстелдер және тағы басқа іс-шаралар өткізіліп тұрады.
Үш ауысымдық мектеп мәселесі шешіледі
Ауданда мектепалды даярлық желісі 64 мекемеден тұрады, оның ішінде 44 жеке балабақшасы, 12 шағын орталықтары бар. Қазіргі кезде 7506 бала мектепалды тәрбиесімен, яғни 69,7 пайызға қамтылған. 2016 жылы 1280 орындық 13 жеке балабақша ашу жоспарланып отыр. Ал енді мектептерде оқушыларға берілетін білім сапасын жақсарту заманның басты талаптарының біріне айналды. Бұл талап ешқашанда күн тәртібінен түспейді. Ауданда 40 мектептің 1-уі жекеменшік болса, қалған 39 мемлекеттік мекеме болып саналады. Мұнда 43963 оқушы білім алуда. Жылдан-жылға оқушылар санының өсуі оқушылардың орнының жетіспеушілігін тудырып отыр. 2015-2016 оқу жылында 12 мектепте оқушылар үш ауысымда оқыған. 1 мектеп 4 ауысымда оқиды. Аудандағы халық санының күрт өсуіне байланысты жаңа мектептер салу қажеттілігі туындаған. Өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасаудың, мектептерге қамқорлық көрсетудің ауданда оңтайлы жолдары қарастырылуда. Алдымен 3 ауысымды мектептің мәселесін шешу жолдары қарастырылған. Биылғы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Жәпек батыр ауылында 600 орындық, Боралдай ауылында 600 орындық мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмекші. 7 мектеп және 3 мектепке жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл 3 ауысымдық мектептердің санын азайту мақсатымен биылғы жылы 7 мектептің құрылысы басталмақшы.
Мектепте берілетін білім сапасын жақсарту — бүгінгі күннің басты тақырыбы. Барлық мектептер ғаламтор жүйесіне қосылған. 34 мектепте интерактивті тақта, 27 мектепте 37 лингафон кабинеті бар. 32 мектепте 47 оқу кабинеттері жаңа үлгідегі мобильді жабдықталған. Оның ішінде физика, химия, биология кабинеттері бар. Оқулықтар сатып алу үшін қажетті қаржы жылма-жыл бөлініп отырады. Енді білім сапасын жақсарту үшін мүғалімдер мен педагогикалық кадрлардың кәсібилік деңгейін көтеру — уақыт күттірмейтін жұмыс. Ауданда жаңа технологияларды пайдалану бойынша кәсіби деңгейін мұғалімдердің 80 пайызы көтерген. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын табуда.
Мәдениет — халықтың рухани көзі
Елбасымыз жаңа қазақстандық патриотизмді «Мәңгілік ел» ұғымымен байланыстырып, біздің қоғамның ұлы құндылығы ретінде атап өтті. Мәдениет — халықтың рухани дамуының қайнар көзі, ұлт дамуының басты бағыты. Ауданның мәдениет саласы қызметкерлері бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кез келген өңірде талантты, талапты, өнерпаз жастар жетерлік. Нұрғиса Тілендиевтей ұлы сазгердің және тағы басқа танымал әртістердің туып-өскен мекені болған аудандағы мәдениеттің деңгейі жөнінде, әсіресе кітапты насихаттап, оқырманға жеткізіп келе жатқан Іле аудандық кітапханасының жұмысы жайлы облыс аумағында тек жағымды пікірлер айтылады. Қазіргі уақытта ауданда барлығы 19 мәдениет мекемелері халыққа қызмет көрсетуде, оның ішінде 7 мәдениет үйі, 12 кітапхана бар. Халықтық атағын алған өнер ұжымдарының саны алтыға жеткен. Олардың қатарында «Сарытауқұм» халықтық би ансамблі, «Ақши халық театры» және басқалары бар. Бұл ауданда төл мәдениетімізді халыққа танытатын салаға көңіл аударып, үзбей қамқорлық көрсетіліп келеді. Жылма-жыл мәдениет саласына жеткілікті қаржы бөлінуде.
Ауданда өнерлі жастар қатары жылдан-жылға көбеюде. Осы таланттардың шеберлігін арттырып, танымал болуға ықпал етілуде. Өткен жылы Сан Марино Республикасындағы ұйымдастырылған халықаралық мәдени-ұлттық шығармашылық «Танысу» фестиваліне ауданның «Элегия» вокалдық үлгілі ансамблі қатысып, бірінші орынды иеленді. Осы ансамбль «FiestaIonia-Kazakhstan» халықаралық байқауда «Үздік вокал» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды. Мәдениет саласының қызметкерлері аудан, облыс бойынша өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетіп келеді. Енді кітапханалардың жұмысына тоқталатын болсақ, ауданда 164 мыңнан астам кітап қоры бар 12 кітапхана жұмыс жасайды. Бұл кітапханалардың барлығы ғаламтор жүйесіне толық қосылып, арнайы көліктермен қамтамасыз етілген. Кітап оқимын деген оқырмандарға толық жағдай жасалған. Мысалы, кітапханаға келуші оқырмандар қажетті кітаптары жайлы ақпаратты РАБИС, КАБИС жүйесі арқылы жылдам тауып алады. КАБИС бағдарламасы бойынша 132 мыңнан астам дана электронды кітаптар енгізілген. Мұның бәрі осы саланың қызметкерлерінің тынымсыз ізденістерінің нәтижесі.
Түйін: Облыстың көш басында тұрған аудандарының бірі болып саналатын Іле ауданының тыныстіршілігіне қысқаша тоқталып өттік. Аудан экономикасының барлық саласы бойынша жетістіктер жетерлік. Іленің келешегі зор, болашағы жарқын.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
«Қазақстан-ZAMAN» газеті