Төл тарихты бұрмалауға неге құмармыз?
Жақыннан жұдырықтасуды жаным сүймейді. Бала күнімнен-ақ, көркем әдебиетті, шежірелі тарихты оқуға құмармын. Қазақтың өткен және бүгінгі төл тарихы жайлы білерім азда болар. Бірақ, менің отандық тарихшылар мен ғалымдарға айтар бір ойым бар. Мен барлық тарихшыларға күл шапып, қорламаймын. Біздің тарихшыларымыздың отандық төл тарихымызға сүбегелі үлес қосқандары да бар, оларды аттап кете алмаспын. Тарихшы, ғалым еңбегі – ең ауыр еңбек. Тарихшы адамның құлағы сақ, көзі жіті болуы тиіс. Біздің күнделікті өміріміздің өзі – тарих. Тарихшылар – күнделікті өмір құбылыстарын қапысыз аңдиды. Әрбір жаңалыққа әккі тұрады.
Төл тарихымыздың даму жолында бірыңғай табыстар мен ұтыстар ғана емес, елеулі кемшіліктер де, ұтылыстар да болды. Кемшілікті тұстары, шикі жаңалықтарда бары рас. Мысалы: Шыңғыс хан кім? Шыңғыс хан қай ұлттың перзенті деген сауалдың тұсында қанша ма дау-дамай бар? Абылай хан сүйегі, бет-бейнесі жөніндегі тұрақсыз дәлелдерде жеткілікті. Осы біз Шыңғыс ханның мазарын қайда орналасқанын білеміз бе? Жоқ! Ендеше, құр сөзбен ауыз сүрткенді қашан доғарамыз? Арамызда Шыңғыс ханның ұрпағымыз деп кеуде кере көксейтіндерімізде бар. Алайда, генетикалық сараптама жасатқандаймыз?! Тарихтағы Баласағұн қаласының орнын таптық дегендерді айтсаңызшы?! Баласағұн қай ғасырда өзі жермен жексен болғанын білеме екен солар?! Кеңес дәуірі кезіндегі идеологияның құрбаны болған төл тарихымыз күннен-күнге жаңарып, тың деректермен толықтырылуда. Жақсы-ақ! Бірақ, қайсысына сенеміз?! Қайсысын оқимыз?! Болжам көп, факті,дәлел аз?! Біздің тарихшылар болған үлкен оқиғаларды қомақты қамтып,сонау ескіні сындырып, жаңаны енгізіп, от-екпінді қайнаған ащы шындықты қайтып тірілтуде. Қуанарлық жәйт! Шындығында, тарихшыларымыз қай кездегіден батыл сөйлеп, шындықты батыл көрсете алатын болды. Бұл батылдық қоғам өмірін жіті аңғарып, жіті түсінетін рухани сергек, жаңаға елгезек, жауапкершілігі мол, көреген азаматтыққа тән парасатты батылдық. Кешегі Кеңес дәуірінде, Сталинизм қылышынан қан тамған тұста сескенбеген Бекмаханов, Тынышбаев, Розыбакиевтер төл тарихымызды парақтап өткені хақ. Кеңес дәуірінен кейінгі тарихымызда қарыштап, үстемдік құрып келеді. Ертеректегі жалаң пафос, даурықпа патетикадан айығып, бүгінгі таңда ойлы, тебіреністі азаматтық сарынға ауысты. Қазіргі уақытта тарих ғылымының өзінде қаншама ғылым кандиданты мен ғылым докторы бар? Осылардың көбі ғылымға қандай үлес қосты? Шенді-шекпен атақты жамылғаны болмаса? Арғынбаев, Марғұлан, Аяған, Канн, Байпақов секілді шын ғалымдардың ізін жалғап жүргендердің атағы болғанымен, еңбегі кәні? Ш.Уалиханов атындағы тарих,этнология институтының қазіргі жағдайы қандай? Бәрі толғандыратын, әрқайсысы өз алдына жеке дара мәселе ретінде қозғалары рас. Жазушыларымыз қазір кез келген бағытта қалам тербейді-ау?! Дұрыс-ақ! Неге, түркі халықтарына ортақ мұраларды, ежелгі Грекияның тарихын өзімізге қосамыз? Сапыстырып, оқырмандарды шатастырып жатқандарын ойлай ма екен? Тарихты бұрмалап, ұлттың басын қатерге тігуге ешкімнің қақысы жоқ. Осы айтылғандардың бәрі- отандық төл тарихымыздың негізгі бір сипаты, оның даму тенденциясының бір қыры. Ал, біздің шерлі тарихымыздың ашылмай жатқан сырлары көп.
Құрметті тарихшы-ғалымдар! Бұл өзек жарды ойымның тұздығы мынау- мен ел азаматы ретінде ғана емес, жалпы оқырман, қазақ баласы ретінде ой қозғадым. Мен – болашақпын. Күні ертең-ақ, мен өз ұрпағыма шежірені бес саусаққып тарқатуым керек, әйтпесе, әкелігіме, азаматтығыма сын! Текті бабаларымның ерлігін,еңбегін айту үшін мен дұрыс, бұрмаланбаған тарихпен қарулануым қажет. Кеңес дәуірінде оқып, бұрмаланған тарихтың білімін алған ата-анамның күнін қайталағым келмейді. Бабалардың аманатына қиянат жасамауым керек емес пе? Осындай төл тарихымыздағы сүбелі проблемаларды кең талқып, бұдан арғы ілгерілеу бағдарымызды белгілеп береді ғой деген үмітім зор. Ойланып қарасақ, ең сорақысы тарыдай шашылған қазақтың басын біріктіргеннің орнына өзімізбен өзіміз қырық пышақ болғаннан сақтағай! «Екі Мұхтар – екі ой» деп дауласқанымызда жарар.
Біз қазіргі кездегідей тұста тарихи оқиғаның атақ-даңқын жамылып, оңай шығып кете қойғыш жылпос коньюктуризмге аса сақ болуымыз керек. Өйткені, уақыт біздің алдымызға ұлы міндетті-өзіміздің қолымызбен жазып шығу міндетін қойып отыр. Бұл жолда жылтырақ лакировкаға, ұшқалақтыққа, үстірттікке жол жоқ. Ол біздің ұлттық ұлы тарихымыздың бәсін түсіреді. Қазақ тарихының халық кәдесіне жараған жақсы үлгілері аз емес. Мақсат сол үлгілерді қайталамай, кеңейтіп, ұлғайтып, дамыта түсу. Тарихты кіршіксіз таза, бұрмаламай болашаққа тапсыруға міндетті екенімізді ұмытпасақ болғаны. Мен үлкен тарихтың бетінде бадырайып тұрған мысалдарды ғана келтірдім. Ал, тұтас қазақ тарихын саралауымыз қалай болар екен?! Сонымен, тарихшылардың позициясы қандай?
Елдос Тоқтарбай