ТӨЛЕП АУЫЛЫНА ЖОҒАРЫ КЕРНЕУЛІ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ ТАРТЫЛДЫ
Бейнеу ауданының Төлеп ауылына жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Электр желісінің алғашқы электр бағанасы 2017 жылдың тамыз айында орнатылған болатын.
«Төлеп ауылы осыдан 50 жыл бұрын құрылды. Содан бері, тоқ көзі теміржол желісінен алынып келді. Сондықтан жарық беру мәселесінде кедергілер болатын. Енді бұл мәселенің де шешімі табылды. Ауылға Бейнеу селосынан 83 шақырым жерден 10 квт-тық электр желісі тартылды. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 798 млн 503 мың теңге бөлінді. Мердігер мекеме «Айком LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Алдағы уақытта Бейнеу-Төлеп бағытында кәсіпкерлік нысандар көбейіп, ауыл ажарлана түседі» — деді аудан әкімі Бейнеубек Әбілов.
АҚПАРАТ ҮШІН
Төлеп ауылы (бұрынғы Каменный поселкесі) 1965 жылы құрылған. 1993 жылы 26 ақпанда Бейнеу ауданы әкімінің шешімімен қайта құрылды. Әкімшілік орталығы Бейнеу ауданы ауылдың батыс жағында 95 шақырым қашықтықта орналасқан. Төлеп ауылы бойынша халық саны 1003 адам. 2020 жылы 14 бала дүниеге келді. Бейнеу мәдениет кәсіпорнының ауылдық клубы және Бейнеу кітапханасының бөлімшесі орналасқан. Кітап қоры 7969 дана. Төлеп ауылында Ә.Махутов атындағы мектеп балабақша кешені жұмыс істейді. Жалпы оқушылар саны 2019-2020 оқу жылында 0-11 сынып арасында 259 оқушы, ұстаздар — 48 адам. Мектепте барлығы 120 адам жұмыс жасайды. Ауыл бойынша 17 шаруа қожалығы бар.
Мал саны:
Түйе 472 бас, өсімі 17,4%,
жылқы 536 бас, өсімі 17,1%,
ірі қара 363 бас, өсімі 2,7%,
қой ешкі 6291 бас, өсімі 0,4%.