Астанада «Алаш» атын иеленген сауда орындары көбейді
Елордасы Астанаға сырт аймақтардан келетін негізгі күре жолдардың бірі «Алаш тас жолы» деп талады. Бұл атаудың берілгеніне де біраз жыл болған еді. Ұзындығы неше шақырымға созылатын жолдың екі жағы түрлі жұмыс орындары мен сауда нүктелеріне толып бара жатыр. Қалаға аты мәшһүр «Орталық базар», «Көк базар», «Магнум» секілді көтерме базарлар мен «заттары арзан» делініп сипатталатын контейнерлер қалашығы да осы жолың бойында тұр.
Өткен жылы көкөністі көтермелеп сататын «Шарын» базарының шетінен бой көтерген екі қабатты сауда үйі (негізінен құрғақ жемістер сатылады) «Алаш» атын маңдайшаларына ілген болатын. Ал осы жазда Алаш тас жолының бойынан тағы бір сауда үйі «Алаш» атын иеленді. Жұмысын енді бастаған «Алаш» сауда үйіне келушілер аса көп болмаса да, кәсіпкерлер өздеріне сенімді көрінеді. Себебі күре жолдың бойында тұрған «Алаштың» алармандарға қолайлы жағы басым. Сонымен қатар, Алаш тас жолынан қиыстап барып, Көкшетау жолына бұрылар тұстан тағы бір сауда үйі «Алаш» атын «аспандатып» шықты. Барлық құрылыс жұмыстарын ақырластырған қожайындар енді кәсіпкерлерге жарнама беріп жатыр екен. Әзірге жұмысы жүре қоймаған сауда үйінен орын алып жатқандар да болашаққа үмітпен қарайтын көрінеді. Олардың сөзіне қарағанда алдағы уақытта «Алашта» Ресейдің тауар өндірушілері өз өнімдерін көтерме бағамен сататын дүкендер ашпақ. Оның барлығын уақыт көрсетер, біздің тілек дағдарыстан көз ашпай өз жұмыстарын қақпалап әзер алып келе жатқан кәсіпкерлер үшін «Алаш» аты бақ болып бұйырса екен дейміз.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ