Степногорск қаласында ПХД қалдықтарын сақтауға қатысты ортақ шешім қабылданды
Степногорск қаласында құрамында полихлордифенил (ПХД) бар қалдықтарды уақытша сақтау мәселесін талқылауға арналған ведомствоаралық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Оған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбіқалықов, Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов, Степногорск қаласының жұртшылық өкілдері, «Жасыл даму» АҚ, «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС, «ӨКМ Операторы» ЖШС басшылары және қоғамдық мониторинг тобының өкілдері, экологтар мен тәуелсіз сарапшылар қатысты.
Естеріңізге салайық Балқаш көлінің маңында орналасқан кеңестік замандағы «Дарьял-У» радиолокациялық станциясы аумағынан құрамында ПХД қалдығы бар 6002 конденсатор мен 3 контейнерді Степногорск қаласындағы мамандандырылған кәсіпорын қоймасына уақытша сақтауға жеткізілген болатын.
Қалдықты қала аумағында сақтау адам өмірі мен қоршаған ортаға еш қауып төндірмейтіндігін экологтар мен тәуелсіз сарапшылар зерттеу қорытындыларында ресми түрде жариялады. Қалдық салынған контейнерлер БҰҰ талаптарына сәйкес сертификатталған және ондағы конденсаторлар тиісті материалдармен сапалы оралған. Сонымен қатар контейнерлер орналасқан «Эколюкс-АС» ЖШС қоймасы халықаралық актілермен белгіленген барлық талапқа толығымен сәкес келіп отыр.
Құрамында ПХД бар қалдықтар айналымы мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Степногорск қаласының әкімдігі, «Жасыл даму» АҚ, «ЭкоЛюкс-Ас» ЖШС, сондай-ақ Степногорск қаласының жұртшылық өкілдері ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес уәкілетті орган құрамында ПХД бар қалдықтарды сақтау жүзеге асырылатын қойма аумағында қоршаған ортаға мемлекеттік мониторинг жүргізеді, «ЭкоЛюкс-Ас» ПХД-қалдықтарды уақытша сақтау бойынша өзінің шарттық міндеттемелерін орындауға міндеттенеді.
Сонымен қатар, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Степногорск қаласының әкімдігімен, қала жұртшылығының өкілдерімен және «Жасыл Даму» АҚ-мен бірлесіп қауіпті қалдықтарды сақтау, шығару, жаңа объектіге жеткізу және оларды ҚР заңнамасына сәйкес орналастыру бойынша мониторингті жүзеге асыратын болады.
Айта кету керек қоймадағы сақтаулы қалдық қала халқының денсаулығына және қоршаған ортаға еш зиян тигізбейтіндігінің айғағы ретінде ведомствоаралық комиссия отырысын ПХД қалдығы сақталған «ЭкоЛюкс-АС» қоймасында өткізді.