Еңбек етіп-мұратқа жеткен Айтуған қария
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына әртүрлі қолдау бар. Соның арқасында шаруа қожалықтары құрылып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, мал басын көбейтіп жатқандар Сарысу ауданында да жетерлік.
«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай.
Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтереліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікді ауылдықтар да мүлт жібермеуге тырысады. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады
Сарысу өңірінде Тәуелсіздік алған жылдары кәсібін бастап, бүгінде қажырлы еңбек, тындырымды тірлігінің арқасында толағай табысқа жеткен шаруа көп. Табан ақы, маңдай терімен төскейін малға, бақшасын егіске, жеміске толтырған азаматтың бірі Сарысу ауданының тұрғыны Айтуған Рыспанов.
Қазақ халқы ежелден қартын құрметтеп, ардақтаған. Тек қана құрметтеп қана қоймай, рухани қазыналы қарттарының келелі әңгімелерін, ақыл-кеңестерін, теңіздей терең өмірлік тәжірибелерін, олардың өнеге толы өмірбаяндарын кейінгі толқын жастарға үлгі еткен. Әсіресе қиын-қыстау кезеңдерде шешен де көсем, ақылы дария ақылгөй дана қарттарынан ақыл-кеңес сұраған.
Осындай көргені мен берері мол Айтуған Рыспанов мал шаруашылығы мен сауда-саттық саласын бес саусағындай біледі. Жасы 85-тен асса да, шаруаға мығым, есепке жүйрік, қимылы ширақ. Экономика, қаржы, аграрлық саладағы жаңалықтардың бәрінен хабардар.
Мал шаруасынан бөлек,егін, сауда саттық салаларын да қатар алып жүр. Іскер азамат қарамағындағы еңбеккерлердің бәрінің жағдайын жақсартудан жалыққан емес. Қазір төңірегінде көптеген адам жұмыс істеп, нәпақасын айырып жүр.
Адал еңбегімен кәсібін өрге домалатып отырған отбасы 6 баланы өсіріп жеткізді. Ата-ана жолымен олар да мал шаруашылығы мен сауда саласында жемісті еңбек етіп жүр. Себебі әке мен ана оларды жастайынан еңбекке баулып, кісіліктен кішілікті, іріліктен ізгілікті жоғары қоюды үйреткен.
«Айтуған» шаруа қожалығы бүгінде облысымызға белгілі қожалықтардың қатарында. Сарысу ауданында орналасқан қожалықта 100 жылқы, 100 мүйізді ірі-қара, 2000 нан аса ұсақ асыл тұқымды мал бар. Қожалықтың иесі Айтуған Рыспанов өзінің қарттық шағына қарамастан кәсібінің тізгінін 27 жылдан аса уақыт қолында ұстап келеді.
« Зейнетке шыққаннан кейін осы кәсіпті қолға алған қария асыл тұқымды мал, оны ішінде қазақы құйрықты қой асырағаны үшін мемлекеттен жыл сайын субсидия алғандығын айтады.
Малды жем-шөпті өздері жинап қамтамасыз етіп, 1000 гектар жерге астық, жоңышқа егіп жинайтын шаруақожалықтың істері көш ілгері.
Жылына 500-600 орам жоңышқа жинайды. «Барлық жағдайымыз жақсы. Үкіметке ризамын» — дейті Айтуған атаның жастарға үлгі болар жетістіктері мен тірліктері ұшан теңіз.
Төрт түлік малды өсіріп, құрт, май, сүті мен айран шұбатын, қымызын өнідіріп, тек қана отбасында отандық өнімді пайдаланатындығын естігенде еріксіз риза болдық.
Қала сыртындағы арнайы шаруашылықпен айналысатын жерінде жарық, жол барлығы шешілген жұмақ дерсің тура.
Мал өсірумен қатар есік алдындағы бос жатқан жерге жеміс-жидектің түр-түрін өсіріп отыр. Өріктің сарысы мен қарасы, анар мен алмұрт,шие талдары, қызанақтың түрі, орамжапырақ, қауын, қарбыз, қызылша, пияз, асқабақ, картоп, қияр,баклажан өсіріп, оны бала-шаға, туған-туыстармен қатар, көрші-қолаңдарға тегін тарататын қарияның тірлігі тиянақты.
— Үкіметтің бұл жақсылығына мың да бір рахмет, – дейді қожалық жетекшісі Айтуған Рыспанов, – «Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары арқылы ұсақ мал, ірі қара сатып алғанмын. Техникалар бар. Жем-шөпті төменгі етектегі шабындықтан дайындап аламыз.
Сексеннің бесеуіне иек артқан кәсіпкерге, әрине ұлдары көмектеседі. Ақсақал өмірде болып жатқан жаңалықтарға бейжай қарамайды.
Айтуған ақсақал:
– Мұндай қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған емес. Еңбек етемін, кәсібін ашамын дегенге бар жағдай жасалынған. Елбасына рахмет. Жастар соның қадірін білсе, бос жүрістен арылса деймін. Жаратушы еңбек еткенді ғана жарылқайды. Жалқаудың жайы оңбайды, – дейді.
Жастайынан Абайды өзіне үлгі тұтқан қарияның айтуынша, сексеннен асса да сергек, күш-қуаты бойындағы ол өзін жас жігіттей сезінеді.
– Соның барлығы еңбектің арқасы, маңдай тердің өтеуі, – дейді.
Бүгінде төсі медалға, төскейі малға, ауласы жанға толған Айтуған ата 20 дана аса құрмет медалдарымен марапатталған. Қолы босаған сәтте ақпараққа жыр маржандарын теретін де қасиеті бар.
Жапырағын кеңге жайған бәйтеректей жары Роза Төкебайқызы екеуі алты перзенттен, оннан аса немере, сегіз шөбере сүйіп отырған бақытты жанұяның тірегіне айналып отыр.
Ел тыныштығы мен ынтымақ бірлігін көксеген қазыналы қарттарымызды бір уақыт тыңдап, олардың дана пікірлеріне ден қойып, ол мәселелерді өмірде жүзеге асырып отырсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы