«SHYMKENT INVEST» КЕҢСЕСІ 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ КӘСІПКЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТКЕН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дағдарыс кезінде кәсіпкерлік саласына қолдау көрсету тапсырмасы негізінде құрылған «Бизнеске арналған үкімет-Shymkent INVEST» кеңсесі аз уақыт ішінде 2 мыңға жуық кәсіпкерге қызмет көрсеткен.
Атап айтқанда, әйелдер және жастар кәсіпкерлігін дамытуға арналған «Мен кәсіпкер боламын» бағдарламасы бойынша 1 пайыздық жеңілдетілген несие алу үшін 427 азамат өтініш берген. Нәтижесінде жалпы құны 98 млн. теңгені құрайтын 11 жоба мақұлданған. Ал «1000 сауда орны» бағдарламасы аясында жер учаскелерін алу бойынша 200-ге жуық азаматқа кеңес берілсе, мемлекеттік грант алу бойынша 104 адам өтініш білдірген. Сонымен қатар, 500-ден астам кәсіпкерге қаржылай емес қолдау көрсетіліп, мамандардың көмегімен бірнеше жоба әзірленді.
Фронт-офис кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасы бойынша жан-жақты қызмет көрсетіп, нәтижелі жұмыс атқарып келеді.
Мұнда кәсібін ашқысы келетіндердің барлық сұрақтарына жауап беріледі. Мамандар жеңілдетілген несие алу, сауда орындарын іске қосу, индустриялық, көлік-логистикалық, агро-индустриялық және арнайы — экономикалық аймақтардан жер телімін алу сынды мәселелер бойынша кеңес беруге дайын.