Елордада БЖК бойынша грант алуға 500-ден астам адам өтініш берді

Бизнес-жобаларды қорғау онлайн-форматта жүргізіледі, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елордада «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант алуға өтініштер қабылдау аяқталды. Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, үміткерлерден 500-ден астам өтініш келіп түсті.

«Қазір келіп түскен өтініштерді қарау жүріп жатыр. Біз құжаттардың толық тізімі бар-жоғын, бағдарламаның өлшемдері мен талаптарына сәйкестігін тексереміз. Барлық талаптарға сай келетін үміткерлер жобаны қорғау үшін бейнероликтер дайындау қажет екендігі туралы хабарлама алады», — деді Нұр-Сұлтан қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Әділет Тілепов.

Карантинге байланысты бизнес-жобаларды қорғау онлайн-режимде жүргізілетін болады. Байқауға қатысушылар бизнес-идеялар туралы бейнероликтер арқылы айтып беруі тиіс. Бүкіл процесс әлеуметтік желілерде жарияланады.

«Биыл БЖК бойынша 200 млн теңгеге грант бөлу жоспарланып отыр. Жастар, яғни 30 жасқа толмаған үміткерлер үшін 60 млн теңге қарастырылған. Грант көлемі 2 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін белгіленген», — деп түйіндеді Әділет Тілепов.

Естеріңізге сала кетейік, биыл бағдарламаға деген қызығушылық жоғары. Сол себепті өтінімдерді жинау бір аптаға созылды.

Айта кетейік,» Бизнестің жол картасы » бағдарламасы Қазақстанда 2010 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның бір бағытына әкімдіктер жетекшілік етеді. Жергілікті атқарушы органдар бизнеске грант бөлу арқылы және инфрақұрылыммен қолдау көрсетеді. Грант иелену үшін жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер де, өз ісін ашқысы келетін қазақстандықтар да, соның ішінде әйелдер, мүмкіндігі шектеулі адамдар және 50 жастан асқан адамдар да қатыса алады. Берілген ақша қайтарылмайды.