Үздік мектепке – 18 млн. 287 мың теңге

IMG-20160820-WA0044-1-1Өңірімізде білім беру саласында көптеген жобалар жүзеге асып, игі істер жасалуда. Ендігі кезекте әр ай сайын қала, аудан әкімдері білім ошақтарына барып, мұғалімдер мен шәкірттердің жағдайын өз көздерімен көріп, кейбір толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салуға мүмкіндік бар.


 

Бұл туралы бүгін “Нұр Отан” партиясы ғимаратының мәжіліс залында өткен “Білімді ел – мәңгі ел” атты тамыз кеңесінде айтылды. Облыстағы барша ұстаздың басын қосатын алқалы жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов, ҚР Білім және ғылым министрінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева, білім беру ұйымдарының, білім ошақтарының басшылары мен мұғалімдер қатысты.
IMG-20160820-WA0040– Ұлтты ұстаз тәрбиелейді. Заманауи оқушының ішкі әлемін еркін түсінуі үшін мұғалім шексіз ақпараттық кеңістіктерді еркін игере алуы тиіс. Бұл – заман талабы, -деген облыс әкімі Алтай Көлгінов кешегі әлемдік додада еліміздің көк туын желбіреткен олимпиада чемпиондарын оқытқан ұстаздарға құрмет көрсетті.

Сондай-ақ өз ісін ашқысы келетін жандарға жеке балабақша ашу арқылы, кәсібін көркейтуге зор мүмкіндіктер қарастырылғандығын тілге тиек етіп, еліміздің ертеңін тәрбиелеп жүрген барша ұстаздар қауымына ақ жарма тілегін білдірді. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің атынан батысқазақстандық ұстаздарды құттықтаған ҚР Білім және ғылым министрінің вице-министрі Эльмира Суханбердиева елімізде білім саласының ширек ғасырда қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, облыстың білім беру бюджеті 2015 жылғы 42,2 млрд.теңгеден 2016 жылы 53,1 млрд.теңгеге өсіп, соның ішінде республикалық бюджеттен 3,0 млрд.теңге мектепке дейінгі балалар және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға, білім беру нысандарын күрделі жөндеуге, колледж оқушыларына шәкіртақы мөлшерін өсіруге бөлінді.
Республикалық бюджеттен 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім беру саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы 29%-ға дейін өсуіне байланысты еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізуге 10,9 млрд.теңге көлемінде трансферттер бөлінді. Ағымдағы жылы шетел инвестициясы есебінен Жастар және оқушылар сарайын ашу жоспарлануда. Ұлттық қор есебінен Шыңғырлау ауданында 290 орындық мектепке дейінгі ұйымның құрылысы жүргізілуде.
IMG-20160820-WA0042«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру шеңберінде 10 білім беру нысанына жалпы сомасы 1548 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде, соның ішінде 1005 млн.теңгесі республикалық бюджеттен, 543,8 млн.теңгесі жергілікті бюджет есебінен қарастырылған. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бір білім беру нысанына 159,7 млн.теңгеге, шет ел инвестициясы есебінен 2 білім беру нысанына 527,0 млн.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсаруда, білім беру ұйымдарын компьютерлік техникамен жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 259,8 млн.теңге бөлінді.
Screenshot_2016-08-20-19-08-33-1Облыстағы білім беру саласының бүгіні мен келешегі туралы орамды ойлар айтылған тамыз кеңесінде жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге елеулі үлес қосқан ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрлігінің наградалары табыс етілді. Бөрлі ауданы, Ақсай қаласындағы №4 орта мектебінің мұғалімі Екатерина Тэн, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығының қосымша білім беру педагогы Светлана Петченко, Ә. Молдағұлова атындағы №38 сектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзихан Тасқарина, Батыс Қазақстан индустриалды колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Марья Сисенғалиева “Ы. Алтынсарин” төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Надежда Лебедева, Ақжайық ауданы, Абай атындағы мектеп-гимназиясының директоры Светлана Оразова “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды.

Тамыз кеңесінде Республикалық “Үздік педагог” байқауының облыстық кезеңінің жеңімаздарына да сый-сыяпат тапсырылып, құрмет көрсетілді. Олардың қатарында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бойынша Бөрлі ауданы №3 мектепке дейінгі балалар ұйымының педагог-психологы Ботагөз Еділбаева, Орта білім беретін ұйымдар арасында облыстық дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінің география пәнінінің мұғалімі Айсауле Сидарова, Техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар арасында Орал ақпараттық технологиялар колледжінің химия және биология пәндерінің оқытуышы Жазира Бисалиева бар. “Орта білім беретін үздік ұйым” байқауының жеңімпазы атанған Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне 18 млн. 287 мың теңгенің сертификаты мен бейнекамера табыс етілді.

Г. ЖОЛДЫҒАЛИ

www.zhaikpress.kz