Елордада жүгіру мен веложарыс сайысы басталды

 

Қатысушылар кез келген ыңғайлы уақытта қатысып, саябақты өздері таңдай алады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Бүгін таңғы сағат 7:00-де Орталық саябақта ҚР Конституция күніне арналған жарыс басталды. Ашылу салтанатына Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев, елордалық велоспорт федерациясының президенті Дархан Мұсанов, бокстан жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы Айбек Оралбай, жастар арасындағы бокстан әлем чемпионы Нұрбек Оралбай, Street Workout мектебінің негізін қалаушы Айтым Жақыпов қатысты.

Спортшылар әуесқойларға арналған қашықтықты жүгіріп өтіп, жарысқа қатысушыларға қолдау көрсетті.

Басқарма басшысы ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай өтетін жүгіру сайысы мен веложарыс елорда тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілетінін атап өтті. Бұл ретте барлық санитарлық талаптар сақталады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бұқаралық спортты дамыту бүгінгі таңда қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылатынын атап өтті.

Елорда әкімі бұл бағытқа да үлкен мән береді. Нұр-Сұлтанда белсенді өмір салты үшін барлық жағдай жасалған.

Атап айтқанда, елорданың бес саябағында жүгіру жолдары, веложолдар, футбол, волейбол, теннис ойындарына арналған арнайы алаңдар бар. Бұл өз кезегінде бүгінгі турнирге қатысқысы келетіндердің барлығына өте ыңғайлы», — деді Самат Ерғалиев.

Естеріңізге салай кетейік, елордада 28-30 тамыз аралығында таңғы 06:00-ден 21:00-ге дейін жүгіру мен веложарыстан онлайн сайыс өтеді. Бұл жарыстардың ерекшелігі — барлық қатысушылар Strava арнайы қосымшасын қолдануы керек. Бұдан басқа, жарысқа қатысушылар өздеріне қолайлы кез келген уақытта қатыса алады. Ұйымдастырушылар жарыс өтетін саябақты таңдау құқын қатысушыларға береді.

Қатысушылар үшін байланыс нөмірлері төменде келтірілген:

1. Әуесқой жүгіру-WhatsApp

18 жас және одан жоғары, Еділ тел.: 8 775 947 22 79.

2. Ардагерлер жүгірісі-WhatsApp

40 және одан жоғары, Думан тел.: 8747 619 15 55.

3. Әуесқой велошеру-WhatsApp

18 жас және одан жоғары, Нұрлы тел.: 8771 166 03 06.

4. Ардагерлер велошеруі-WhatsApp

40 және одан жоғары, Ерлан тел.: 8701 909 66 77.