ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудан активімен өткен отырыста Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауынан туындайтын негізгі мәселелер талқыланды.
Актив отырысын ашып, жүргізген аудан басшысы Нұржан Нұржігітов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым — Жомарт Тоқаевтың алтыншы шақырылымдағы Парламенттің алтыншы сессиясында өзінің кезекті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жариялағанын атап өтіп: «Президент өз Жолдауын Коронавируспен күресте ерлік көрсеткен барша дәрігерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай жағдайға бей-жай қалмаған барлық азаматқа шын жүректен алғыс айтудан бастады», — дей келе, аудандағы денсаулық сақтау саласы мен полиция бөлімі және әскери қызметшілерге, еріктілер мен кәсіпкерлерге ерен еңбектері үшін өз алғысын білдірді.
— Жолдауда Мемлекет басшысы қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндеттерді белгілеп, әлеуметтік — экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында атқарылатын жұмыстар бойынша нақты тапсырмалар белгілеп берді. Жолдауда көрсетілген 7 ұстанымға негізделген еліміздің жаңа экономикалық бағыты республикамыздың әлеуметтік — экономикалық дамуының қалыпты жағдайын қамтамасыз етеді деп сенеміз, — деген Нұржан Молдиярұлы отырыс қатысушыларын Жолдаудан туындайтын негізгі мәселелерді талқылап, ойларын ортаға салуға шақырды.
Бұдан соң ретімен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Жұманғали Құмғанбаев, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Елнұрбек Ермеков Президент Жолдауы – елдің экономикалық өсімі мен қазақстандықтардың тұрмыс жағдайының жақсаруын қамтамасыз ететін ауқымды әлеуметтік — экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанына тоқталды. Біздің міндетіміз – мемлекет басшысы бастамаларының толық, уақытылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету деді.
Айта кету керек, биылғы Жолдаудың ерекшелігі сол, Президент алдыңғы Жолдауында айтқан елді дамытуға бағытталған негізгі міндеттерді жаңғыртуға бағытталған. Ал, биылғы Жолдауда айтылған азаматтардың тұрмысын жақсарту, оларға жағдай жасау, тұрғындардың денсаулығы үшін бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу, жұмыссыздықты жою, мұның бәрі бізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Басқосу барысында өз ойларын ортаға салған актив мүшелері Мемлекет басшысының Жолдауын аудан тұрғындарына түсіндіруде, насихаттауда жұмылып жұмыс жасауға шақырды.