Елдос Сметов: «Ақтық айналымда жеңілгенім өзіме үлкен сабақ болды»
Рио Олимпиадасында күміс жүлде алған тараздық Елдос Сметовты жамбылдық жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алды. Тараз – Алматы бағытындағы қала қақпасынан бастау алған шара , ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта жалғасын тапты. Тараздықтар ел қоржынына алғашқы күні-ақ күміс жүлде салған жампозын қарсы алуға молынан жиналды. «Жарайсың, Елдос!», «Елдостың ерлігі елдікі» мазмұнындағы ұрандарды ұрандатқан жастар толағайына ұзағынан шапалақ ұрып, ерекше құрмет көрсетті.
Мерекелік жиында ең алдымен Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров сөз алып, чемпионға ізгі тілегін білдірді.
— Облысымыздан Олимпиада биігін бағындырған Жақсылық Үшкемпіров, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев, Болат Жұмәділов, Ақжүрек Таңатаров сынды талай тарландар щықты. Міне, енді олардың қатарына Елдос Сметовтай батырымыз қосылып отыр. Елдос төрткүл әлем көз тіккен байрақты бәсекеде көк туымызды биікте желбіретіп, ел, облыс мерейін үстем етті. Елдостың жеңісі бүкіл қазақтың жеңісі. Сондықтан толағайымызды Рио Олимпиадасындағы жеңісімен құттықтай отырып, әлі талай белестерді бағындыруына тілектестік білдіреміз, — деген қала басшысы Елдос пен оның бапкерінің иығына шапан жапты.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев Елдостың жеңісін ел болып тілегенін айтып, балуанға ақ батасын берді.
Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері өз кезегінде барша жанкүйерлерге алғыс білдірді.
— Армысың қазақ елі, Жамбыл жұрты! Ең бірінші Жаратқанға, одан соң ата-анама алғысым шексіз. Бапкерлерімнің еңбегін да баса айтқым келеді. Маған жанкүйер болып, сенім артқан барша қазақстандықтарға рахмет. Алда талай жеңісімнің куәсі боласыздар деп ойлаймын!-деді Елдос Сметов. Салтанатты шара соңында тұрғындар толағаймен естелік суретке түсті.
Осы орайда, біз де Елдос Сметовпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
-Елдос, Рио Олимпиадасындағы жеңісіңмен шын жүректен құттықтаймыз. Ең алдымен осы Олимпиададан алған әсеріңмен бөлісе кетсең…
-Жарыс, өте жоғары деңгейде өтті. Әлемнің «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықты балуандары жиналғандықтан «жан алысып, жан беріскен» бәсеке болды. Әрине, жарыс болғаннан кейін бір балуанның бабы, ал бір балуанның бағы жанып жатты. Мен де қолымнан келгенін аянып қалмай, жеңіске жету үшін барымды салдым. Басты мақсатым Риодан алтын алу болатын. Бірақ, бұйырғаны күміс болды. Бұйрық солай болған болар.
-Ақтық кездесуге дейін қарсыластарыңды қоғаша жапырып келгеніңді ел көрді. Сонда финалда не жетпей қалды деп ойлайсың?
-Спорт болғаннан кейін бәрі болады. Мен татамиге көтерілгенімде жеңетініме толықтай сендім. Оған қоса, ресейлік қарсыласымды осы жылдың басында ғана Германияда өткен Гран-приде жеңген болатынмын. Сондықтан бойымдағы күш-жігеріме сеніп, алтын үшін күрестім. Негізгі уақытта қанша әдіс жасасам да, қарсыласым жақсы қорғана білді. Нәтижесінде қосымша уақытта есе жіберіп қойдым. Шындығы керек, ресейлік балуанның ондай әдіс жасайтынын күтпедім.
-«Қол созым жерде алтын тұрып, күміс алып қалдым» деп өкінбедің бе?
-Жоқ, әрине. Өзімнің ақтық айналымға дейін жетіп, алтын үшін белдескеніме қуаныштымын. Оған қоса, ресейлік балуаннан жеңілгенім мен үшін үлкен сабақ болды. Енді келесі жарыстарда мұндай қателіктерге бойалдырмаймын. Қарсыласымның әр қадамын аңдып, қандай әдіс жасаса, соған қарсы әдіс жасауға күш саламын.
-Әлем рейтингінде бірінші орында тұрған қарсыластарың екінші топқа түсіп, жарыс жолынан ерте шығып қалғандығы саған көп сенімділік берген болар?
-Мен әр балуан өзін бағалай білуі керек деп ойлаймын. Сондықтан әлем рейтингінде алғашқы орында тұрған қай балуан болмасын менің тобыма түскенде, олармен де барымды салып күресер едім.Мен Риода ешкімнен сескенген жоқпын. Және өзімнен ешкімді биік, әлде мықты деп көрмедім. Фавориттердің жарыс жолынан ерте шығып қалғандығы, бабы әлде бағы келіспегендігі болар. Бірақ, Олимпиадада осал қарсылас болған жоқ. Әр жекпе-жекте финалдық бәсекедей белдестік.
— Рио Олимпиадасындағы төрешілердің белгілі бір спортшыларға немесе мемлекетке бүйрегі бұрып тұратындығы туралы жалпы көп айтылды. Дзюдода осындай келеңсіз жағдайлар орын алмады ма?
-Әрине, спорт болғаннан кейін көп жағдайда қазылар алаң иелеріне жақтасаты бар. Бірақ, бұл Олимпиадада ондай нәрсені көрмедік. Бәрі әділ, әрі таза өтті. Шын мықты, өз мықтылығын татамиде дәлелдеді.
-Енді алда қандай жоспар, қандай байрақты бәсекелер тұр?
-Олимпиададан кейін сәл тынығып, содан кейін жаттығуға қайта кірісемін. Ендігі бар мақсатым – Жапонияда өтетін Олимпиадада чемпион атану. Алла амандығын берсе, Токио татаминінде Таразға алтын әкелемін.
-Әңгімеңе рахмет! Бізде Токиода биіктен көрінуіңе тілектеспіз.
Саятхан Сатылғанов
Жамбыл облысы