«Қарап отырсаң, ешқандай тәрбие жоқ»: Жапониядан оралған жерлесіміз Қазақстандағы бала тәрбиесіне таңғалды
16 жыл Жапонияда тұрып, кейіннен Қазақстанға көшіп келген Назым Осаканың елдегі жайттарға көңілі толмайды. Ол қазақтардың бала тәрбиесіндегі салғырттығы мен кішкентай балаға телефон ұстата салатын ата-аналарға таңқалады. Ал жапон елінде оқушыға заң бойынша 14 жасқа дейін телефон ұстауға тыйым салынған. Баланы ата мен әженің қолына ешуақытта бермейді екен. Назым ханым қазақтар мен жапондықтардың бала тәрбиесіндегі айырмашылығын айтып Stan.kz ақпарат агенттігіне сұхбат берді.
Назым ханым, Қазақстанға алғаш келгенде ата-аналардың бала тәрбиесіне көп көңіл бере бермейтініне таңқалған. Оның айтуынша, жапон елінде бала тәрбиесіне жіті қарайды. Олар сәбиді ата мен әженің тәрбиесіне бермейді екен. Бес жасқа дейін баланы ұрмай-қақпай өсіреді дейді.
«Жапонияда әйелдер бұрын тек үй шаруашылығымен айналысқан ғой негізі. Бірақ қазір заманауи жапон әйелдері оқиды, жұмыс істейді, саяхаттайды да. Егер әйел бала тәрбиесімен айналысқысы келсе, онда кем дегенде үш жыл үйде отырады. Оларда баланы біздер сияқты ата мен әженің қолына беріп қоймайды. Яғни, өз міндетін басқаларға жүктемейді. Бес жасқа дейін балаға айғайламайды. Ешнәрсеге тосқауыл қоймайды және ешуақытта жазаламайды. Бізде жазалау деген ұғым бар ғой. Олар қаталдығын қабағы арқылы білдіреді. Балаға айғайлап, ұрыспайды. Бес жасқа дейін баланың өз-өзін таниды. Кішкентай кезінен «мен күштімін» деп өседі. Кейін «Мен ата анамнан жақсы тәрбие алған адаммын» деген ой қалыптасады. Бірақ бес жастан кейін жапондар баланың тәрбиесіне қатты қарай бастайды», — дейді Назым.
Сондай-ақ Назым ханым Жапонияда оқушылар 14 жасқа дейін телефон ұстамайтынын айтады. Жапондар баланы кішкентай кезінен бастап тазалыққа үйретіп, еңбекке баулиды дейді. Ол жақта мектептерде асхана, еден жуушы болмайды екен. Барлығын оқушылардың өзі істейтін көрінеді.
«Жапонияда бала заң бойынша 14 жасқа дейін телефон ұстамайды. Егер телефон ұстап жүрген баланы көрсе, оның әке шешесімен әңгіме жүргізіледі. Қоғамдық жиналысқа салып тұрып «неге сенің балаң телефонмен жүр?» деп жанын шығарады. Ал мына жақта әйелдердің баласына телефон бере салатындарын көп көрдім. Ол бала телефонда не көріп жатыр — шаруасы жоқ. Содан кейін де бала дұрыс тәрбие алмайды. Қоғамдық орындарға барсаң, шулаған балаларды көресің. Бір қызығы, олардың жүгіріп жүргеніне ата-аналары да үндемей отыра береді ғой. Ал Жапонияда солай шулаған бала болса, барлығы оның ата-анасына жаман көзбен қарайды. Қоғамдық жерде тыныштық сақтамау жапондықтар үшін ең ұят нәрсе. «Балаңды дұрыс тәрбиелемедің» деген сөз олар үшін өліммен тең. Сол себептен де балаларын кішкентайынан жақсы тәрбие беруге тырысады», — дейді.
Назым ханым Қазақстанға алғаш келгенде саябақтарда әжетхана жоқтың қасын көріп таңқалыпты. Ол ғана емес сауда орындарында халықтың, әсіресе жас қыздардың дәретхананы ластап кететініне іші ашиды екен.
«Қазақстанға алғаш келгенде саябақта әжетхана іздеп кететінмін. Ал Жапонияда кез-келген саябақта дәретхана бар. Содан кейін сауда орталықтарындағы дәретханалар тап-таза. Мысалы, біздің Алматыда белгілі сауда орталығына келіп-кетушілер дәретхананы ластап кетеді ғой. Басында біздің халықтың осындай әрекеттерін көріп таңқалатынмын. Жап-жас қыздар дәретханаға кіргеннен кейін артын қалайша тазалап кетпейді деп жағамды ұстаймын. Ал жапонның қыздары қашан көрсеңіз тиянақты жүреді. Олар өздерімен бірге тазартқыш алып жүреді. Өйткені олар үшін өздері туралы жақсы пікір қалдырғандарын қалайды. Кішкентайынан солай өсіреді», — дейді жапон массажын үйретуші.
Сонымен бірге Жапонияда 1-3 сыныпқа дейін балаларға қоғамдық тәрбие беріледі екен. Қазақстандағы секілді үйге тапсырманы үйіп-төгіп беру жоқ дейді. Керісінше, мұғалім тек тәрбие береді екен.
«Жапон мен Қазақстан мектептерінің айырмышалығы өте үлкен. Ол жақта үшінші сыныпқа дейін мұғалім балаға тәрбие береді. Ол жақта қағаз және басқа да қоқысқа кететін заттар бір-бірінен бөлек тасталады. Мұғалім соның себебін түсіндіреді. Қоғамдық жерде неге жүгіруге, қатты сөйлеуге болмайды, кезекте тұрғанда бір-бірін итеруге болмайтынын жіктеп түсіндіріп айтады. Мен 16 жылдың ішінде кезекте адамдардың қырылысып жатқанын бірде-бір рет көрмедім. Жапон елі сондай мәдениетті халық. Жапон балаларының қоғамдық орындарда айғайлап, жүгіріп, шулап жүргенін көрген емеспін. Бізде тек «болмайды» деген сөз бар да, бірақ оның себебі айтылмайды ғой. Ал жапондықтар соның себебін балаға ашық түсіндіреді. Тағы да үлкен айырмашылығы бала анасынан «Мынау не?» деп бірнәрсе сұраса, ол шаруасын жинап қойып баласына «бұл мынадай зат» деп бір сағаттап түсіндіреді. Яғни, түсіндіруден жалықпайды. Өйткені кішкентай кезінен өзі де солай тәрбие алған. Ал бізде бала анасынан сұраса «Әй, жапшы аузыңды», «отыршы тыныш» дей салады. Қарап отырсаң, ешқандай тәрбие жоқ. Алғашында осы нәрсеге шок болдым», — дейді Қазақстандағы бала тәрбиесіне әлі де таңғалатын Назым ханым.
Ал жалғызбасты аналарға Жапонияда керемет жеңілдіктер мен жағдай жасалады екен.
«Егер жалғызбасты ана болсаң, қоғамдық көліктерде тегін жүресің. Арнайы курстар оқытады. Мен де жалғызбасты ана болған соң сол жерде тегін оқыдым. Бизнес ашқанда да бес пайызбен несие берді. Салықтардан босатты. Міне, жапон елінде жалғызбасты аналарға қатты көмектеседі», — дейді әлі де жапон елінің кереметтілігін ұмыта алмаған Назым.
Дайындаған Анар ДӘУКЕН