ҚАЗАҚТЫҢ ШАЙ БЕРУ ДӘСТҮРІНЕН…

Көңіл шай. Адам өмірінде қуанышты да, ренішті де жайлар бола береді. Қуанышты жағдайда көңіл білдіріп, құтты болсын айту бар. Ал кейде адам басына іс түскенде, тұрмыста кездесе беретін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас, ағайын-туыс көңіл білдіреді, оған рухани жәрдем береді. Үй иелері оларға, әрине, дастарқан жаяды. Аталған екі жағдайда да жайылған дастарқан берілетін ас-судың аты – көңіл шай.  Көңіл білдіру мен көңіл айтудың мәні екі басқа.

Тәтті шай. Кейде ата-ананың  келісімінсіз, қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылуға, яғни, кешірім сұрап, келісімге 4-5 адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, ата-бабалардың салған жолы деп дәлелдеп қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып жігіт ауылына шақырады. Оларға кең дастарқан жаяды. Бұл рәсім «тәтті шай» деп аталады. Демек бұл атына сай, құда-құдағилардың танысу, білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайы әңгіме болады. Тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға беріледі.

Бейсенбі, жұма шай. Бейсенбі, жұма шайлары бір отбасының адамы қайтыс болғанда осы күндерде аруаққа бағышталып жайылатын дастарқан. Бұған жақын туған-туыстар, жанашыр адамдар келеді. Дұға оқылады. Марқұмның жақсы істері мен мінез-құлықтары да айтылады. Көңіл айтуға кешіккен адамдар да осы күндері келуге тырысады.

Күзем шай. Істің басталар сәтінде де, ол аяқталған соң да халық атаусыз, ескерусіз қалдырмайды. Мысалы, күзем алынып болған соң әр үй бір-бірін шайға шақырып көңілді кеш өткізеді. Оның аты – күзем шай. Пішпе шай. Бұл жылқыны ақтайтын, тағы да басқа үй жануарларын тарттыратын кезде жасалатын дастарқан мәзірі. Бұған «құтты болсын», «мал басы көбейсін» деп тілек білдірушілер және сол жұмысты атқарғандар қатысады. «Өнердің ең жаманы бұқа пішер, ол тағы бір аяқ айранды артық ішер» деген сөз осындайдан қалған.

Шашу шай. Қазақ әр науқандық шаруашылық кезінде немесе жаңа іс басында бас қосып, үй иесі осындай атпен аталатын қазан асады, шай дайындайды. Мұндай шашулар сиыр бұзаулап уыз пісірілгенде, малға ең салғанда, қой қырқымы, жылқы күземі аяқталғанда т.б. науқандық шаралар кезінде жасалады.

 

С.Кенжеахметұлы «Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» кітабынан