Әлемді мойындатқан Динара Сәдуақасова
Елордалық шахматшы Динара Сәдуақасова Бхубанесварде (Үндістан) өткен шахматтан жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті.
20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы әлем біріншілігінде 57 спортшы бас жүлдені сарапқа салды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің сайты.
Чемпионат барысында Динара Сәдуақасова 19 жастағы отандасымыз, әлемдік додада 13 турда 9,5 ұпайы жинап, чемпион атанды. Екінші орынды үнді Пиви Нандхидха, үшінші орынды ресейлік Дорджиева иеленді.
Осы додада жасөспірімдер арасында 16 жастағы америкалық Джефери Сюн бас жүлдені жеңіп алды.
ФИДЕ қамқорлығымен өткен чемпионатты ұйымдастырғанБхубанесвар КИИТ университетінің шахматтан Орисса қауымдастығы.Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 13 турмен өткізілді. Зияткерлік шайқас екі аптаға жалғасты. Динара қыздар арасында әлем чемпионы атанды, бұл шахматшылар арасындағы ең маңызды екінші атақ. Алда жаңа жеңістер мен ең маңызды турнир – әйелдер арасындағы чемпионат бар.
(Бұл сында Динараның өкшесін басып келе жатқан ресейлік шахматшы Динара Дорджиева соңғы партияда үнді Дария Парналиді жеңе алмай, тең ойнады. Динара Сәдуақасова да соңғы ойынында Моңғолияның өкілімен тең түсті. Ресейлік шахматшының тең ойыны қазақ қызына әлем чемпионы атануға мүмкіндік берді.
Бүгін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есенов Динара Сәдуақасоваға құттықтау хатын жолдады. Онда: «Сізді барлық қазақстандықтардың, шахмат федерациясының және өзімнің жеке атымнан жеңісіңізбен құттықтаймын. Қазақстан шахмат федерациясы сізге әлем чемпионатында жеңіске жеткеніңіз үшін 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беру туралы шешім қабылдады. Әлем чемпионатын жеңіп алу – Қазақстан шахматының үлкен жетістігі. Сізге жаңа жеңістер тілеймін. Алдағы кезде де еліміздің намысын халықаралық аренада лайықты қорғап жүре беруіңізге тілектеспін», делінген.
Динара Сәдуақасова – елімізде шахматтың дамуына елеулі үлес қосқан жас гроссмейстерлердің бірі. Елордалық Х.С. Омаров атындағы шахмат клубында бес жасынан бастап тәлім алып жүр. Динара шахматпен қатар музыка мектебінің фортепиано сыныбын үздік аяқтап, көркемдік гимнастикамен шұғылданған. Шахматқа біржола бет бұрған ол сегіз жасында әлемдік деңгейдегі жарыста топ жарады. Динара Сәдуақасова үш дүркін әлем чемпионы, Азияның үш дүркін вице-чемпионы және Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы.