Қарағандыға 15 нысан салынады
Өңірде алдағы екі жылда 15 ірі спорт нысаны ашылады. Олардың қатарында Теміртаудағы ДСК, Қарағандыдағы үлкен және үстел теннисі орталықтары, Жезқазған, Шахтинск қалаларындағы және басқа да елді мекендердегі спорт кешендері бар.
Сондай-ақ, ауылдарда «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы бойынша спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Атасу кентінде бассейн, Ақтас пен Ботақарда ДСК ашу жоспарлануда.
Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаевтың айтуынша жаңа нысандар салудан басқа, өңірде бұрыннан бар нысандарды ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Ақсу-Аюлы кентінде спорт мектебі ретке келтірілсе, Қарағандыда «Қарағанды-Арена» мұз сарайында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол картасы бойынша жөндеу жұмыстары 11 нысанды қамтыды, олардың ішінде спорт сарайы да бар. Нүркен Әбдіров атындағы спорт сарайы, жеңіл атлетикадан олимпиадалық резервке мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі және басқалар бар.
Аяулым СОВЕТ,
ҚАРАҒАНДЫ.